Ел алдындағы есеп
Аудан әкімі Қ.Мүбараковтың халық алында есеп беру науқаны сенбі күні бірнеше ауылда жалғасын тапты. Атап айтсақ аудан әкімі бұл жолы Талаптан, Тартоғай, Майлытоғай, Сұлутөбе ауылдық округтерінде болды. Карантин талаптарын қатаң сақтай отырып өткізілген әкім есебіне жиылған жұрт мұң-мұқтажын айтып, аудан басшысының өткен жылда атқарған жұмысына оң бағаларын берді.
Талаптанда ауыз су оң шешімін тапқан
Есепті кездесу Талаптан ауылдық округінен бастау алды. Ауылдық мәдениет үйінде өткен жиында өңір басшысы мен Талаптан ауылдық округінің әкімі Амангелді Шералыұлы 2020 жылы атқарылған жұмыстардың есебін беріп, жаңа сиыр жылына жоспарланған істердің біршамасын айта кетті. Әкімдерден бөлек есеп беруге мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасары мен бірқатар бөлім басшылары да қатысты. Аудан әкімі өз есебінің «Өскен өңір» газетінде бұған дейін жарияланғанын тілге тиек етіп, былтырғы жылы ауданда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтуді жөн санады. Алғаш болып сөз алған ауыл әкімі баяндамасында егістік пен шабындықтарды суаруға тиімді пайдалануда елді-мекендегі каналдардың маңыздылығы жоғары екендігін атап өтті. Бұл мақсатта ауыл әкімі және ауыл тұрғындарының демеушілігімен ауыл ішінде аяқ су жеткізілмеген аумақтарға каналдар қазылған. Ауылда судың жайы да оң шешімін тапқан. Талаптанда 2020 жылдың 18 наурызынан бастап ауыз су құбырлары жүргізіліп, ел игілігіне берілді. Көркейту, санитарлық тазалық жұмыстары бойынша ауыл көшелеріндегі бағаналар, ағаштар, аялдамалар, көпірлер әктеліп, сырланған. Атап айтсақ, Бала би көшесінің бойына 71 баған диодты шамдар, Назенбау көшесіне 20 баған, Т.Бекібаев көшесіне 14 баған жарық шамдары орнатылған. Сонымен қатар өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде 2 шақырымнан асатын жаяу жүргіншілер жолы салынып, елдімекен орталығына балалар ойын алаңы мен спорттық жаттықтыру алаңының салынғанын тілге тиек етті. 2020 жылдың басынан елді мекеннің жұмыссыз 14 азаматы 7 778 400 тенге қайтарымсыз грантқа ие болып, мал, құс, бал шаруашылығы және т.б салалар бағытында өз кәсіптерін жүргізіп отыр. Өткен жылы көптеген істер атқарылып, ауыл күннен күнге көркейіп келе жатқаны анық көрініп тұр. Дегенмен мінсіз дүние болмайтыны секілді, ауылда шешілмеген біршама өзекті мәселелердің бар екендігінен де құлақдар болдық.Ауыл тұрғындарының сөзіне сенсек ауыл ауруханасының жағдайы мәз емес, тіпті апатты жағдайда тұр деген шағымдар айтылды. Сонымен бірге жедел жәрдем көлігі ескіріп, науқастарға уақытылы көмек беруде қиындықтар туындауда. Біршама ауылдарда кездескен тағы бір түйіткіл трансформаторға қатысты болды. Әбден ескіріп, тозығы шыққан трансформатор жаңартуды қажет етіп тұр. Ауыл тұрғындарының өтінішін тыңдаған сала мамандары кезек-кезек мәселеге қатысты өз жауаптарын берді. Есепті кездесуде аудан бойынша биыл 5 жедел жәрдем көлігі әкелініп, оның бірі Талаптан ауылына бөлінетіндігі айтылды. Ал ескі аурухананың мәселесі біршама уақытты қажет етіп тұр.
Былтыр министірліктен мамандар келіп жағдайын көріп кеткен, тиісті шешім шығарылса жаңа аурухананың құрылысы көп күттірмейді. Трансформаторға келер болсақ, жиынға қатысып отырған жауапты мамандар «ақпан айында бұл мәселе шешімін табады», – деп уәде берді. Жиын барысында сөз алған ауыл тұрғыны Әбдіманап Балтабаев аудан әкіміне спорт мектебінің жылу қазандығын жаңалап беруді және оның ішіне балаларға арнап жуыну бөлмесін жасақтауды өтінді. Ауыл тұрғындарының өтініштерін зейін қойып тыңдаған аудан әкімі аталған мәселелер зерттеліп, тиісті шешімдер қабылданатынын айтты.
Ортақ іске ой қосқан Тартоғайлықтар
Талаптан ауылынан басталған сенбілік жиын Тартоғайда жалғасты. Жиылған жұрттың көптігі олардың ауылға шын жанашыр екендігін байқатты. Ортақ іске ой қосып, бағытымызды бағдарлау үшін жанашырлық танытып, алтын уақыттарыңызды бөліп, кездесуге келгендеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деп бастады сөзін аудан әкімі.
Қамбарбек Мүбараков өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында Тартоғайда су жүйесі мен су қоймасының құрылысы аяқталғанын, облыстық маңыздағы 7,4 шақырым болатын Тартоғай елді мекені арқылы өтетін автокөлік жолының жөндеуден өткенін, Тартоғай ауылын газдандыру үшін тиісті жобалық құжаттарға қаражат бөлінгендігін қуанышпен хабарлады. Ауыл әкімі де ауылда атқарылған біршама істерді тізіп өтті. Бүгінгі таңда өзекті болып тұрған мал ұрлығы мәселесі әкімдік пен учаскелік полицияның бірлесіп жұмыс жасауы арқылы тиылған. Сонымен бірге Самара-Шымкент тас жолында мал қағу деректері орын алмас үшін әкімдік пен ауыл тұрғындары бірлесе отырып, жол жиегіне сым тарту жұмыстары жүргізілді. «Балтабай» каналы арқылы су тартылып, ауылда аяқ су мәселесі толығымен шешімін тапқан. М.Ғабдуллин және Ш.Есенов көшелері жарықтандырылған. 2000-нан астам тұрғыны бар ауылда кәсіпкерлік те дамып келеді. Ауылдық округте 45 кәсіпкерлік субьектісі 16 шаруашылық, 6 заңды тұлға бар. Жыл басынан бері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 2 азамат 5,7 млн теңге несие алып, 5 азамат 2,7 млн теңге қайтарымсыз несиеге қол жеткізген. Жыл көлемінде «Бастау-бизнес» жобасы бойынша 5 азамат оқып, сертификатын алған. Ауылдық жерлер үшін маңызды болып саналатын ауыл шаруашылығы да өз деңгейінде өркендеп келеді. Ауылдық округте жеке тұрғындар 195 гектар жерге егін еккен, оның ішінде 40 гектар – картоп, 63 гектар – көкөніс, 43 гектар – бақша, 72 гектар – ескі жоңышқа, жаңа жоңышқа – 10 гектар. 2020 жылы Д.Ершохаев пен Б.Момышұлы көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл М.Мәметова көшесіне орташа жөндеу жүргізу көзделген. Сонымен қатар 2021 жылға «Тартоғай ауылдық округі әкімінің аппараты» КММ-нің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, Тартоғай ауылына 100 жыл толуына орай мәдени-көпшілік шара өткізу жоспарланған. Бұл туралы ауыл әкімі өз есебінде айтып өтті. Әкімдер есебін мұқият тыңдаған ауыл тұрғындарының көңілі жай секілді. Ақсақалардар әкімдерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, елдің жайына көңіліміз толады, ауыл әкіміне разымыз, – деп қысқа қайырды.
Майлытоғайдағы мәселе назарға алынды
Тартоғайдың жағдайына қанығып, елдің батасын алған аудан әкімі Майлытоғай ауылына кідірді. Көркейіп, гүлденген ауылдың жаңа бейнесі көз тартады. Кіре берістен бастап 1,5 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселінген. Сонымен бірге Бірлік көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Теміржолшылар және Бейбітшілік көшелеріне жарық шамдары орнатылған. Ауыл әкімі Қойшыбай Мадиярұлының жыл ішінде атқарған жұмыстары ауылдың көркем бейнесінен-ақ байқалып тұр. 120-дай ғана үйі бар ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысып өзін ғана емес өзге тұрғындарды да жұмыспен қамтып отырғандары көңіл қуантты. Экономикалық белсенді халықтың 4 проценті ғана жұмыссыз ретінде тіркелген. Алдағы уақытта 100 процент халықты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Былтыр елді мекенде 32 азамат жұмыс сұрап аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмыссыз болып тіркелген. Нәтижесінде 11 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, 9 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. Жастар практикасымен 5 азамат жұмысқа тартылса, 4 азамат «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша оқып сетификат алып, қазіргі таңда жұмыстары жалғасуда. Ауыл кәсіпкерлері де шама-шарқынша туған ауылына көмек беруде. Мысалға Мусабаев Ыбырайхан ағамыздың демеушілігімен Самара-Шымкент трассасының ауылға бұрылысын көгалдандырып ағаштар егіп, оны қоршап, өз қаражатымен жаз бойы суаруды ұйымдастырды. «Асан» шаруа қожалығының демеушілігімен және «Майлытоғай» СТК бірлесе отырып, «Бозарық» және «Тұрымбет» каналдарына су іркетін құбыр салынып, өткел жасалынды. «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және бизнесті дамыту бойынша бірыңғай бағдарламасымен 3 азамат қайтарымсыз несие жеңіп алып, құс шаруашылығы мен омарта шаруашылығын өркендетуде. Ауылда атқарылған шаруа көп, бірақ түйіткілді мәселелер де жоқ емес. Жиында сөз алған ауыл тұрғыны Сәрсенбай Піртаевтың айтуынша ауылда ауыз су құбырлары апатты жағдайда тұрған көрінеді, қайта-қайта жарылып ауыл тұрғындарын әбігерге салған. Аудан әкімі «бұл жайттан хабарым бар, тиісті мамандар келіп, зерттеу жасайды», – деп уәде берді. Ақсақал қозғаған екінші мәселе трансформатор жеткіліксіздігі мен электр маманының жоқтығына қатысты. «Ауылда үй өртеніп, сымдарды ажырататын адам таппадық», – деп қынжылды ақсақал.Әр істің қайыры бар демекші бұл мәселелер де әкімдік тарапынан қаралып, шешімі табылады деп күтеміз.
Сұлутөбеге су жүретін саға керек
Сенбілік есептің соңғы аялдамасы Сұлутөбе ауылдық округі болды. Былтыр ауылда едәуір жұмыстар атқарылды. Жаяу жүргіншілер жолы салынған, Аманкелді Иманов, Сұлутөбе көшелері орташа жөндеуден өтіп, ауылға толықтай су жүйесі тартылған. Сонымен қатар, 1 Май елді мекеніне «Мұстафа Шоқай» аллеясы салынған және аталмыш елді мекенде орналасқан Көксу каналына механикалық тазарту жұмыстары жүргізілген. Тіпті мал ұрлығына тосқауыл қою мақсатында 2 жерге бейнебақылау құрылғысы орнатылып, барымташылардың жолын байлап отыр. Жаназар батыр елді мекенінде де орын алған оң өзгерістер баршылық. «Балалар ойын алаңы» салынып, ауылдық клубқа күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Сұлутөбеде көптеген оң өзгерістермен қатар жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер де бар. Мысалға ауыл халы жаз мезгілінде аяқ судың тапшылығынан қиындық көруде. Ауылға аяқ су негізінен Көксу каналынан келеді. Бұл каналдан тек ауыл халқы ғана емес бірнеше шаруа қожалықтар су алады. Ауыл каналдан биік деңгейде орналасқаннан кейін жаз айларында су тапшылығы кездеседі. Ауыл тұрғындары бұл мәселені шешу үшін Сұлутөбеге арнайы бір саға салынса деген ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ ескі балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізсе деген өтініштер де айтылды. Ауыл әкімі Кажданбек Маматов тұрғындар өтінішін мұқият тыңдап, өз жауабын берді. Оның сөзінше биыл ауылға кіре беріс көшеге, Амангелді, Сарышығанақ көшелеріне жарық шамдар орнатылады. Тағы бір қуантарлық жай ауылда алдағы уақытта спорт кешені бой көтереді деп күтілуде. Бүлдіршіндердің де жайы назардан тыс қалмаған. Оларға арнап 1 май ауылынан 1, Сұлутөбеден 3 жерге ойын алаңдары салынады. Ал аяқ су мәселесін шешу үшін су Көксудан емес Құмжарғаннан 30 шақырым қашықтықтан саға қазылады. Сонымен қатар аудан әкімінің тікелей уәдесіне сәйкес 11 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Тұрғындар тарапынан ең көп алғыс медицина қызметкерлеріне арналды. Олардың көбі Сәбит Баймағамбетов есімді фельдшер азаматқа ризашылықтарын білдіріп, әкімдік тарапынын осындай ел үшін адал қызмет жасаған адамдарға марапат берілсе деген тілектерін айтты. Тұрғындардың сөзінше Сәбит пандемия кезінде күн-түн демей елдің амандығы үшін қызмет көрсеткен. Оның еңбегі еленіп жатса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Аудан әкімі «медицина қызметкерлері ең бағалы марапатқа лайық, ауыл болып ұсынсаңыздар облыс деңгейінде мараппаттаймыз», – деді. Жиын соңын ауыл ақсақалы:
«Көк байрағы қазақтың күнге сәлем
жолдасын,
Ауданның іскер басышысы қанатың
ешбір талмасын,
Жаңбыр жауып тамшыдан жер көгерсін
тал шығарып.
Аман болып патшамыз, асығы түссін
алшыдан,
Құт-береке кетпесін диқан мен малшыдан.
Бақыт ашып қақпасын, есігін ерте
жаппасын,
Пәле жала қазақты іздесе де таппасын.
Алладан болып рақмет, Пайғамбардан
шапағат,
Осы берген батама бол риза жамағат» – деген батасымен жапты.
Рамазан ӘНӘПИЯ