Мәртебелі заң мәртебені өсірді ме?
«Педагог мәртебесі туралы» заң – бұқара мен білім беру саласының мамандары асыға күткен қабырғалы құжаттың бірі. Олардың ой-тілектері жүзеге асып, осы аталған заңның қабылданғанына да бір жылға таяп келеді. Кез келген заң орындалуымен құнды екені ақиқат. Тиісінше заңның қабылдануы саналы ғұмырын сапалы қызмет етуге сарп еткен мұғалімдердің мәртебесін өсіруге сеп болғандай. Сиыр жылындағы жағымды жаңалық та педагогтардың жалақысы 25 процентке көбейгендігімен басталды.
Иә, мұғалімдердің мәртебесін көтеруге еліміздегі ұстаз көріп, тәлім алған саналы азаматтардың барлығы дерлік үн қосты десек, артық айтқандығымыз емес. Әсіресе, БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері, әлеуметтік желі қолданушыларының мұғалім мерейін арттыруға қосқан үлес, ықпалы өте зор. Мағжан ақынның «алты Алаштың игі жақсылары бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» деген қанатты сөзіне жан бітіріп, педагог абыройын асыруға ел азаматтары бір ауыздан атсалысты. Қазақы тілмен айтқанда бүгінгі қоғам «өзі болған қыз, төркінін танымай кетедінің» кейіпін кимеді.Керісінше, бесіктен шығып, есіктен аттаған балаларын білімді һәм тәлім-тәрбие беруде тәжірибесі мол, дүниелік мәселесі шешіліп, елең-алаңсыз жұмыс істейтін, ұлт болашағын ойлаған ұстаздарға тапсыруды мақсат етті.

Жә, жарар, сонымен жаңа заң ережесіне көз жүгіртелік. Елімізде педагогтердің жалақысы биылғы жылдың басында 25 процентке өскенін жоғарыда жаздық. Соның ішінде магистранттарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде үстемақы төленеді. Ғылым кандидаттары 17 және ғылым докторлары 34 АЕК көлемінде айлық алады. Нормативтік-құқықтық құжатқа сәйкес сынып жетекшісіне және дәптер тексеруге төленетін қосымша ақы да екі есеге өскені материалдық тұрғыдан әжептәуір қолдау екені кәміл.
Мұнымен қатар тәлімгерлік қызмет атқарғандар да құр қалмайды. Оларға қосымша 17697 теңге төленеді. Бұған қоса нормативтік-құқықтық құжатта үздік ұстаздарды көтермелеу, соған сәйкес оларға сыйақылар беру жағы қарастырылған. Сонымен бір мезгілде марапаттау мен әлеуметтік қолдау шаралары белгіленген. Бұл ретте педагогикалық шеберлігі қосымша ақысы барлық педагогтерге лауазымдық жалақының 30 процентінен 50 процентке дейінгі мөлшерде төленетіні де «Педагог мәртебесі туралы» заңның тигізген шапағаты деп ұғынғанымыз жөн. Тек қосымша ақының бұл түрі аттестаттаудың нәтижесі бойынша төленетінін ескерген абзал.
«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, мұғалімдердің мәртебесін көтеруге негіз болған басты себеп, ұлағатты ұстаздардың қосымша жұмыстарға жегіліп, көшеде қағаз теріп, қоқыс жинап жүрулері мен оқушылардың мұғалімге мінез көрсетіп, тіпті, жұдырық ала жүгірген жағдайларының жиі орын алғаны түрткі болған еді. Осындайда мұғалімге қарсы келмек былай тұрсын, бетіне қарауға қорқатын шәкірт тәрбиелеген кешегі ұстаздар қандай бақытты болған деп ойлайсың. Жасыратыны жоқ, кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде бұған дейін мұғалімдердің құқықтары өз деңгейінде қорғалмай қалған жағдайлары жиі кездескені белгілі.
Осы тұста педагогтер қызметіне негізсіз тексерулер жүргізу ісі де жалғасып келгенін де айтып өту керек-ақ.
Жаңа заңда оның бәріне тыйым салу арқылы жеке нормалар қарастырылған. Яғни, осы аталған нормалар бұзылған жағдайда құқық бұзылуының субъектісіне байланысты 20-120 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Байыптап қарасаңыз, жаңа заңның жүйелі тармағы бұл түйінді де тарқатып тастапты. Ендігі жерде мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ шараларды атқаруға міндеттегені үшін көбірек айыппұл төлету жағы қарастырылса, ал ұстаздардың ар-намысына тигендер әкімшілік кодекстегі жеке бап бойынша 30 АЕК көлемінде айыппұл төлемек. Егер аталған жағдай қайталанса, әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылады екен.
Хош. Бәрі дұрыс, бәрі керемет. Өткен жылдың желтоқсан айында Парламент қабырғасында қабылданған заңның аясы өте кең екенін көрдік. Бірақ жабылып жүріп мәртебесін өсірген мұғалімдер шын мәнісінде мәртебелі ме? Жалпы бүгінгі ұстаздардың білім деңгейі мен кәсіби шеберлігі қай дәрежеде? Біздіңше қоғам ендігі жерде осы сұрақтарды талқыға салып, сансыз ұстаздан сапалы білім беруді талап етуі керек секілді. Міне, сонда ғана ұстаз ұлағатты болады деп білеміз.
Сұлушаш МАДИЯРОВА