Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік – Тәңір берген тәтті сый

Тәуелсіздік – Тәңір берген тәтті сый

Азаттықтың ақ таңы атқан 16 желтоқсан күніне орай Ақмая ауылдық округінде «Тәуелсіздік – нұрлы өмірдің бастауы» атты мерекелік кеш өтті. Ауыл әкімі Б.Сағындықовтың ұйымдастыруымен өткен іс-шараны аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов ашып, бұқараға ыстық лебізін білдірді.
– Тәуелсіздік – азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі. 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» тәуелсіздіктің, азаттықтың, демократиялық жаңғыртудың бастауы болды. Ол жас жігіттер мен қыздардың ар-намыс пен елдік рухтың жолында теңдікті талап еткен тегеурінді күш-қайнарының тоғысқан шағы еді. Ел мен ұлттың тәуелсіздік құқын қорғау үшін бас көтерген желтоқсандықтардың бұл қадамы шын мәнінде ерлік болды. Міне, осы қанды оқиғадан кейін бес жыл өткен соң, Қазақстан тәуелсіздік туын тікті. Біз – қазақ, ежелден азаттықты аңсаған ел ретінде бірде қайғылы, шерлі, бірде азат, айбынды, рухты тарихымыздағы әрбір оқиға, әрбір қанды шайқас – азаттыққа жасалған бір қадам деп білуіміз қажет. Тәуелсіздік – ұлттық, мемлекеттік, оның тамыры – жасампаздық рух, ұраны – ел мен халық. Олай болса, өміршеңдік пен кемелділік аясында өмір сүріп, бейбітшілік, татулық туын биікке көтерген Қазақстан халқы жаңа әлемнің жаңалықтарына ұмтыла бермек, – деді А.Есмаханов.
Одан әрі ауыл әкімі Б.Сағындықов ауыл халқын айтулы мерекемен құттықтады. Шара ауданның, ауылдың өсіп-өркендеуі жолында тынбай еңбек етіп жүрген жандарды марапаттау рәсімімен жалғасты. Бұл ретте ең әуелі 40 жылдан астам уақытын білім саласына арнап, ұрпақ тәрбиесіне ден қою арқылы ұлт тәрбиелеу ісіне араласқан К.Палмағанбетовты атап айтуға болады. Бейнеттің зейнетіне жетсе де 10 жылға жуық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келе жатқан ол, «Ауданның Құрметті азаматы» төс белгісімен марапатталды. Сан жылдарғы еңбектің өтеуіндей болған осындай марапаттың жалғасы аудандық мәслихат депутаты, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Д.Жұмбековке бұйырды. Ол «Ауданның Құрметті азаматы», «Үздік депутат – 2020» қос төс белгіні кеудеге тақты. Сондай-ақ аталған шаруа қожалықтың бас агрономы С.Көбеген ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Ерен еңбегі үшін» және «Құрметті ардагер» медалін иеленді.
Тәуелсіздік қарсаңындағы жақсылықтың жалғасы «Аймира» балабақшасына тиесілі болды. Атап айтар болсақ, «Абайдың 175 жылдығы» медалімен балабақша басшысы Ж.Адилбек, А.Баймаханова, А.Жаликова марапатталды. Ал А.Жұмағұл, Ә.Абдраманова, М.Кенебекова «Үздік тәрбиеші» төсбелгісін кеудесіне қадады. Бұдан өзге ауылдағы үздік мекеме қызметкерлеріне аудан әкімі Қ.Мүбараковтың, ауыл әкімі Б.Сағындықовтың және Шиелі аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының алғыс хаттары табыс етілді. Одан әрі жылдар бойғы еңбектері еленіп, мереке қарсаңында мерейі тасыған ауыл халқы концерттік бағдарламаны тамашалады. Өнерпаздар әннен шашу шашып, мың бұрала би биледі.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
21 желтоқсан 2020 ж. 370 0