Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КОЛЛЕДЖ ҰЖЫМЫ ДЕРЕКТІ ФИЛЬМ ТАМАШАЛАДЫ

КОЛЛЕДЖ ҰЖЫМЫ ДЕРЕКТІ ФИЛЬМ ТАМАШАЛАДЫ

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің білім алушылары мен инженер-педагог қызметкерлеріне «Тәуелсіздіктің жеті қыры» деректі фильмдер топтамасы «ZOOM» платформасы арқылы көрсетілді.
Бұл фильмдер 2019 жылдың маусым айында өткен «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткен 7 сын-қатерге негізделген. Азаттықтың ақ таңы атқан тұста еліміз дәл осы қатерлермен бетпе-бет келді, ал оны жеңіп шығу егеменді Қазақстанның даму жолындағы бірегейлігін танытты.
– Жеті фильмнің әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа – экономика, интеграциялық процестер, ұлтаралық келісім, антиядролық бас­тамалар, жаңа астана, транзиттік әлеует, отандастарымыздың Отанына оралуы тақырыбына арналған. Фильмдердің мазмұны беделді спикерлердің – белгілі мемлекет, қоғам қайраткерлерінің, Елбасының елді дамыту бойынша күрделі саяси шешімдер қабылдағанын көрген адамдардың естеліктері мен пікірлеріне негізделген. Сондай-ақ тарихшылардың, саясаттанушылардың, экономистердің сұхбаттары және барлық фильмдерде Елбасының жүргізіліп жатқан реформалардағы негізгі рөлін ашуға ерекше назар аударылған, – дейді колледж директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Бақтияр Дайрақұлов.
Деректі фильмді тамашалаған соң білім ордасында бірнеше шара ұйымдастырылды. Мәселен, туындының «Бір ел, бір тағдыр» бөлімі бойынша тіл мамандарының оқу топтары эссе жазып, «Сын сағат» және «Парасатты шешім» бөлімдері бойынша педагогтар арасында конференция өтті. Сонымен қатар «Ұйымдасқан ұтады» бөліміне сәйкес білім алушылар арасында патриоттық әндер байқауы, «Жаңғыру жолы» фильмі аясында виртуалды шолу экскурсиялары, «Болашаққа бастар жол», «Елдіктің бас­тауы» бөлімдері аясында кураторлық сағаттар, танымдық сабақтар «ZOOM» платформасы және әлеуметтік желілер арқылы ұйымдастырылып, білім алушылар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
02 желтоқсан 2020 ж. 436 0