Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Атакәсіп оңалсын десеңіз...

Атакәсіп оңалсын десеңіз...

Төрт түліксіз қазекеңнің күні күн болмас. Әсіресе, ауыл тұрғындары үшін малдың орны тым бөлек. Ешкімге қол жаймай, өз күнін өзі көріп, тіпті біршамасы мал басын көбейтіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отқанынан да хабардармыз. Мемлекет басшысы айтқандай «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономиканы құру мүмкін емес». Ал ол үшін осы салада шешемін таппай, қордаланған мәселенің түйінін тарқату керек-ақ.
Ұғынға төрт түлікті өсірудің негізгі үш ұстанымы бар. Бірінші түліктің тұқымдық тегіне, жем-шөбі мен бағып-қағуына, мал ауруларының алдын алу шараларына етене байланысты болады. Біз бұны неге жаздық? Себебі Кеңес кезеңін көзі көргендер осы үштағанды тең ұстап, шаруашылықта үздік жетістіктерге жете білді. Сол мезетте республикада 36 млн қой, 10 млн ірі қара өсіріліпті. Сонымен қатар одақ көлемінде жүн өндіруден екінші, дүниежүзі бойынша жетінші орында болдық. Ал тоқсаныншы жылдары елде 8 млн-ға тарта қой, 5 млн-ға жетер-жетпес ірі қара малы қалды. Мал басының азайғанын статистика нақтылағанымен, сапалық жағы көпшілікке жұмбақ болатын.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сенсек, қазір ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің 45 проценті мал шаруашылығына тиесілі екен. 2017-2021 жылдарға арналған ауыл шаруашылық кешенін дамыту аясында салаға салынған қаражаттың 30 проценті, яғни 35,9 млрд теңге мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларға бағытталған. Мал шаруашылығының ішінде ұзақ мерзімді басты секторының бірі – ет өндірісі. Ет демекші, респуб­лика қазіргі күні ет бойынша еліміздің сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Айта кету керек, Одақ қамбасына бұрындары 500 мың тонна ет тапсырған республика бұл көрсеткішті көрсете алмауда.
Аудандағы ахуалды айтар болсақ, мал шаруашылығында ілгерілеушілік байқалады. Биыл өңірде мүйізді ірі қара саны – 65370-ке жетсе, уақ мал – 98203, түйе – 1505, жылқы – 18537, ал құс – 37754 басты құрап отыр. Бұл бұрнағы көрсеткіштерге қарағанда айтарлықтай өскен.
Мал шаруашылығын қолдауға арналған «Сыбаға» бағдарламасы бар. Оны ауыл шаруашылығы министрлігі «ҚазАгро» холдингпен бірлесіп, жүзеге асырып келеді. 2019 жылдың қаңтар айының ғана қорытындысы бойынша бағдарлама аясында 1,2 мың бас ірі қара мен 3,2 мың қой-ешкі сатып алу үшін жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 42 өтініш қанағаттандырылған. Жалпы құны 15,6 млрд теңгеге 23,8 мың асылтұқымды ірі қара мен 75,4 мың ұсақ мал сатып алынған. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 70 млн теңгеге дейін кредит рәсімдеуге мүмкіндік бар. Кредиттеудің мерзімі – 15 жыл. Кредиттің жылдық өсімі субсидияны қосқанда 4 процент. Ауданда Сыбағаның игілігін көріп жатқан жандар да бар. Мәселен, 2019 жылы Ақмая ауылдық округіне қарасты «Әсет» шаруа қожалығының төрағасы Сәрсембек Ранов Ресейден Қалмақ тұқымды 120 бас МІҚ аналығын алып келді. Аталған бағдарламаның арқасында ауданда 7 шаруа қожалық 4797 бас қой алған.
Мұнымен қоса осы жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен Алмалы округіне қарасты «Сүгірәлиев» шаруа қожалығының төрағасы Өркен Сүгірәлиев Жамбыл облысынан 120 бас асыл тұқымды Қалмақ тұқымын алды.
Мал шаруашылығына байланысты тағы бір түйткілді мәселе – жылқы шаруашылығының даму көрсеткіші соңғы жылдарда баяулаған. Өндірілген жылқы еті ішкі сұранысты қанағаттандыра алмай отырғаны жиі айтылып жүр. 2018 жылы 60 тоннадан астам жылқы еті шетелге сатылса, екі жарым мың тоннаға жуық ет сырттан сатып алынған. Жылқы шаруашылығы – қазақ халқының ең жанды тұсы десек, артық айтқандық емес. Тарихи деректер бойынша жылқының ең алғашқы қолға үйретілген негізгі отаны Шығыс Еуропаның далалық аймағы, Орталық Азия және Қазақстан деп саналады. Кеңес өкіметі жылдарында Қазақстанда 1,3 млн жылқы болса, қазір оның саны 950 мыңдай ғана. Қазіргі кезде Қазақстанның арнайы жылқы өсіретін зауыттары мен шаруашылықтарында жылқының қолға үйретілген 17 тұқымы өсіріледі.
Осы атакәсіпті оңалту үшін ауыл шаруашылық министрлігі барынша жағдай жасауда. Есіңізде болса, былтыр қыркүйек айынан бастап «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ауылдағы кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа тетігін іске қосқан болатын. Аталған қор осы кезге дейін тек несие берумен яғни, қаржыландырумен ғана айналысса, бұдан былай кепілге қоятын мүлкі жетпейтін кәсіпкерлерге кепілдік беруді бастады.
Қор кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге несие мөлшерінің 85 процентіне дейінгі көлемде, ал кәсібін ұлғайтуға ниет еткен жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге 50 процентке дейінгі мөлшерде кепілдік береді. Айта кету керек, жеке кәсіпкер не заңды тұлға ретінде тіркелгеніне үш жылға толмаған кәсіп иелері жұмысын жаңа бастаған кәсіпкер болып есептеледі. Бірақ ауданда бұл қор бойынша несие алғандар қатары жоқ. Осы тұста келесі сауалдар ойыңа еріксіз оралады. Неліктен аудан кәсіпкерлері жаңа қолдаудың игілігін көре алмай отыр? Кемшілік кімнен? Бәлки, сала мамандары қордың қаншалықты тиімді екендігін тұрғындарға дұрыс жеткізе алмай, түсіндіру жұмыстарын толыққанды жүргізбеген ба? Соның салдарынан кәсіп ашуға бел буғандар аяқ тартып, немқұрайлылықпен қордың кепілдемесінен қашқақтады ма екен? Кім білсін?

Сұлушаш МАДИЯРОВА
16 қараша 2020 ж. 330 0