Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ПРАЙМЕРИЗ: ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫС, ҰТҚЫР ОЙ, ЖАҢА ЖОБА

ПРАЙМЕРИЗ: ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫС, ҰТҚЫР ОЙ, ЖАҢА ЖОБА

Сейсенбі күні «Арман» мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалының кезектен тыс ХХІХ конференциясының өтті. 23 бас­тауыш партия ұйымдарынан сайланған 65 делегаттың қатысуымен өткен жиынның күн тәртібінде «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасын сайлау туралы, партияның Шиелі ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасын бекіту, Қызылорда облыстық мәслихатына дебат қорытындысы бойынша кандидаттарға дауыс беру, «Nur Otan» партиясынан Қызылорда облысы Шиелі ауданы мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімді бекіту. Партияның Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс ХХVII-конференциясына делегаттарды сайлау, Шиелі аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу туралы алты мәселе қаралды.
Бәрімізге белгілі, «Nur Otan» партиясы ­наурыз айында өз мүшелері арасында праймериз жариялаған болатын. Конференция барысында праймеризге қатысушы кандидаттар піркірталас алаңында кездесті. Партияішілік сайлауда бағын сынап жатқан кандидаттарға аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы Қамбарбек Мүбараков сәттілік тіледі.
Праймериздің негізгі мақсаты – партияішілік сайлауда жергілікті жердегі проблемаларды жақсы білетін, қоғам танитын көшбасшыларды бәсекелестік негізде іріктеу.
Дебатта 12 үміткер екі топта бақ сынады. Алдымен жеребе таратылып, әр кандидаттың сөйлеу реттілігі анықталды. Олар өңірдің экологиялық проблемасы, кәсіпкерлерді қолдау, жастар арасындағы жұмыссыздық, сыбайлас жемқорлықпен күрес, мектеп оқушыларының білім сапасын арттыру және кадр мәселесі сияқты тақырыптарда өз ойын ашық түрде ортаға салды. Сөз сөйлеушілерге бірдей 3 минуттан уақыт берілді. Әр үміткер осы уақыт ішінде өзінің праймеризге қатысудағы мақсатын, алдағы жоспарлары мен бағдарламасын айтып үлгеруі керек. Пікірсайыс әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде жұртшылық назарына ұсынылды. Шарада санитарлық талаптардың сақталуына баса көңіл бөлінген.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғандар бас қосып, өңірдегі өзекті мәселелерді дөп басып, шешу жолдарын айтты. Осылайша қоғам белсенділерін ашық таңдаудың бұл тәсілі еліміздің бастаушы партиясына тың серпін берері анық. Праймеризге кандидаттардың алғашқы тобында Тілеуберген Шаутай, ­Айжан Каракеева, Мұқанбетжан Салқынбаев, ­Мейрамхан Дүйсенов, ­Бекжан Бәкір, Баян Дүйсенбек, екінші топта Серік Мүліков, ­Мунира Дүйсебаева, Бақтияр Дайрақұлов, Мөлдір Дүйсенова, ­Қазбек Шәукебаев, Ғалымжан Әлтаев сынды әлеуметтік сала белсенділері, өндіріс озаттары, қоғамдық пікір көшбасшылары бар.
Пікірталас екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде праймеризге қатысушылар өңірді дамыту бойынша мәселелерді шешу туралы ойларымен бөліссе, әрі қарай сұрақ-жауап форматына ауысты. Үміткерлер саяси дода барысында өңірде белең алған жұмыссыздық, жәрдемақы, экология мәселесі мен кәсіпкерлікті дамыту турасындағы мәселелерді қаузады. Пікірсайыс ұтымды ұсыныстарға, ұтқыр ой, жаңаша жобаларға толы болды. Бастысы үміткерлер арасында мәселе – біреу. Ол – өз туған жеріне деген жанашырлық, өңір тұрғындарының тұрмысын жақсартуға деген ұмтылыс. Нұр Отандықтардың айтуынша үміткерлер мен сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Жиын соңындағы партия мүшелерінің таңдауы бойынша ең көп дауыс жинаған 6 үміткер облыстық конференцияға ұсынылды.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
14 қараша 2020 ж. 943 0