Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жерге жаны ашыған

Туған жерге жаны ашыған

Әрбір пенде үшін кіндік қаны тамған туған жері оттай ыстық. Оның гүлденіп, көркеюін көзі ашық, көкірегі ояу кез келген азамат қалайды. Кеше ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Кәсіпкер келбеті» газеті және «Кәсіпкер және мәдениет» журналының редакторы Жүзбай Таңрықбаев аудан әкімі Қамбарбек Мүбараковтың қабылдауында болды.
Шиелі ауданы, Жаназар батыр ауылының тумасы Ж.Ибрагимұлы қос басылымның редакторы ғана емес, туған жер тарихы мен тәуелсіз еліміздің бүгінін, кәсіп етіп жүрген жерлестеріміздің келбет-бейнесін суреттеген оннан аса деректі көркем туындылардың авторы. Арнайы аудан әкімімен жүздесуді қалаған қаламгер Сұлутөбе ауылдық округтің жай-күйін жеткізуді мақсат етіп келіпті.
– Мәселен ауылдан қалаға немесе өзге жаққа жылына 20 шақты үй қоныс аударады. Бұл үрдіс осылай жалғаса берсе соңында ауылда қалатын 10 шақты үйден басқа ешкім қалмауы бек мүмкін. Жаназар батыр, Мұстафа Шоқай сынды есімі дүркіреген ауылдарда жан баласы азайып кетсе киелі Шиелі деген атымызға да сын болмақ. Сондықтан ауылдық жерлердегі жұмыс көзін табуымыз керек-ақ. Мысалы, тігін цехы іске қосылса, әйелдер қауымының қолына іс тиіп, әрі халық та аудан орталығына шапқыламас еді. Сонымен қатар ауылдағы ескі мектеп ғимараты игілікке жарап, өнер мектебі ретінде қолданысқа берілді. Ал бұл үлкен ғимараттың қалған бөлігін аяқ киім тігетін цехке айналдырсақ тағы да ауылдағы ағайынның жұмыссыздар қатарынан шығуына сеп болар еді, – деп көкейдегі тілегін жеткізді қаламгер.
Сонымен қатар «Шиелі ауданында туып-өскен қалталы кәсіпкерлер баршылық, жағдайды сондай іскер азаматтарға жеткізсек, Жаназар батыр бабамыз үшін сауапты іс жасайтындар табылар еді. Сонда ғана ауыл жұрты көшпей, қайта ауылға жан қосылар еді. Жаназар батыр ауылы мәңгілік болып қалар бәлкім. Бұрынғылар айтып кеткендей, не нәрсенің де атына заты сай болсын дегім келеді» деп ұсыныс білдірді Ж.Таңрықбаев. Ел ағасының ауылға жанашырлық танытып, елдік мәселеге белсене араласқанына ризашылығын білдірген аудан әкімі Қ.Амангелдіұлы «Келесі жылы Сұлутөбе ауылдық округіндегі 15 көше күрделі жөндеуден өтеді» деп жауап қатты.
Айтылған мәселелерден шет қалмаған Сұлутөбе ауылдық округінің депутаты А.Абдіқадырова алдағы уақытта ауылдағы ынталы, қолынан іс келетін кәсіпкер азаматтарды осындай шараларға тарту бағытында жұмыс істейтінін жеткізді. Бүгінгі таңда Сұлутөбе ауылдық округінде ауыз, аяқ су мәселесі оң шешімін тапқан. Аудан басшылығы жол жөндеу жұмыстарын да назарға алды. Ендігі тілек ауылдағы ағайынды қинайтын көгілдір отын мәселесі ғана. Ауылдағы ахуалды саралап, оң шешімін табуға тырысқан азаматтар бір мәмілеге келіп, жүйелі жұмыстарды алдағы уақыттың еншісіне қалдырды.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
03 қараша 2020 ж. 684 0