ӘСКЕРДЕН ЖАЛТАРҒАНДАРҒА ЖАЗА ҚАТАҢ
Сейсенбіде аудан әкімі Қамбарбек Мүбараковтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Алғашқысы, аудандық бюджеттің уақытында игерілуі, кіріс-шығыс қаржының болжамы жайлы. Екінші мәселе, өңірдегі мал қорымдарының жағдайы, мал падасын тиімді ұйымдастыру туралы талқыланса, үшінші, күзгі әскерге шақыруды ұйымдастыру барысы туралы жауапты маманның баяндамасы тыңдалды.
Мәжіліске аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, дербес бөлім басшылары, кент, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органы мен тиісті мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Мәжіліске аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, дербес бөлім басшылары, кент, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органы мен тиісті мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Аппарат мәжілісі басталмас бұрын аудан басшысы қаржы бөліміне жаңадан келген басшы Қанат Рахманбердіұлын лауазымды қызметке тағайындалуымен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.
Жиында бірінші болып Қ.Рахманбердіұлы күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – «2020 жылғы 9 айдың қорытындысымен аудандық бюджеттің игерімі және 10 айдың болжамы туралы» хабарлама жасады. Бөлім басшысының айтуынша, үнемделген ақшадан бөлек, аудандағы бірнеше салаға бөлінген қаржы уақытында игерілмей жатыр. Мәселен, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс, білім бөлімдерінде белгілі себептермен ауқымды қаржы уақытында игерілмей қалған. Аудан әкімі Қ.Амангелдіұлы аталған бөлім басшыларына мәселені тез арада шешіп, бөлінген ақшаны тиімді игеруді тапсырды. Сондай-ақ қызметке жаңадан тағайындалған қаржы бөлімінің басшысына бюджет қаржысының уақытында игерілуін қадағалап отыруды қатаң тапсырды.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойында бей-берекет жүрген малдарды жиі көреміз. Олар жол бойын ластағаннан бөлек, қаншама көлік апатына себеп болып отыр. Бұл көлік жүргізушіге де, мал иесіне де едәуір шығын келтіретіні айтпаса да белгілі. Жолда байқамай мал қағып, жарақаттанып, соңы орны толмас өкінішке айналған жағдайлар қаншама. Аудандық ветеринариялық станция басшысы Бекжан Бекхожаев осы және мал қорымдары жайлы баяндап, пада ұйымдастыру мәселесі төңірегінде ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Қазіргі кезде ауданда 28 ірі қара және 36 уақ мал падасы ұйымдастырылған. Станция басшысы хабарлама соңында осы пада мәселесін тиімді ұйымдастыру мәселесі ауылдардағы қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесі жиындарының күн тәртібінен түспесе деген өтінішін білдірді.
Аталған мәселе бойынша аудан басшысы аудан көлеміндегі эпизоотиялық, энзоотиялық және басқа да ветеринариялық шаралардың уақытылы және сапалы орындалуы, елді мекендерде жұмыссыздарды тарта отырып мал бағатын бақташыларды ұйымдастыру, республикалық маңызы бар тас жолдардың бойында жануарлардың көп жүретін жерлеріне жасанды қоршаулар орнату, құтыру және өзге де мал ауруларының алдын алу мақсатында қаңғыбас ит-мысықтарды жою және елді мекендер аумағында орналасқан аялдамаларда ауыл малдарының ластау жағдайларына және автодәлізде жүруіне жол бермеу жайлы нақты тапсырма берді. Сонымен қатар әр ауыл әкімі өзіне тиесілі аумақтағы үлкен жолдың бойында малдардың бей-берекет жүруіне жол бермеу керектігін ескертті.
Аппарат мәжілісінің күн тәртібіндегі үшінші мәселе – «2020 жылғы күзгі әскерге шақыруды ұйымдастыру барысы» туралы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Руслан Шарипаев баяндады. Жалпы ауданда әскерге аттанушылар қатары аз. Кейбірінің денсаулығы жарамаса, көпшілігі Отан алдындағы борышын өтеуге асықпайды. Бүгінге дейін әскери сарбаздарға берілген жылдық тапсырыстың жартысы да орындалмаған. Кейбір ауылдарда жарамды жігіттер көп болғанымен, бірде-біреуі әскерге аттанбаған. Аудан әкімі бұған ауыл әкімдіктерінде жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауынан деп баға берді. Сөйтіп Талаптан, Сұлутөбе, Жуантөбе ауылдарының басшыларына ауыл азаматтарының әскери борышын өтеуге ықпал жасауларын тапсырды. Одан бөлек әскери шақыртуларға себепсіз бармаған азаматтарға заңға сәйкес қатаң жаза қолдану қеректігін және борышын өтеуден жалтарғандардың тізімін газет бетіне шығарып, көпшілікке жариялау қажеттігін айтып, жауапты мамандарға тапсырма берді.
Аппарат мәжілісінде аудан әкімі күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты жұмыстарды жүйелі ұйымдастыруды талап етіп, әр сала бойынша тиісті хаттамалық тапсырмаларды жүктеді.
Гүлхан ЯХИЯ