Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтыннан алқа тағынып...

Алтыннан алқа тағынып...

Сәрсенбі күні аудан әкімі Қ.Мүбараков көпбалалы аналарды марапаттады. Бір қолымен әлемді тербеткен асыл аналарды төрге шығарып, халық санының артуына қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
«Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын ерекше бағалайтын, ананы қастерлеп сыйлайтын халықтың бірі де, бірегейі – біздің қазақ» деген Елбасының сөзі ұлттық салт-дәстүрдің ерекшелігін айғақтайды. Әйел-Ана – ұлтымыздың бойындағы бар жақсы қасиеттерді тілін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, дарытушы. Үйде ана, түзде батырлыққа тәрбиеленіп, жаугершілікте ерлермен бірге атқа қонып, бейбіт кезде бесік тербетіп, ұл-қызын даналығына баулыған ежелгі жырлардағы Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен ­Назым, бергі дәуірдегі Домалақ ана мен Айша бибі, таңбалы тарихтағы Қасымханның анасы – Жақан бике, Есім ханның анасы – Жақсы бике, одан бері де ұлы Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан, қол бастаған Тұмар мен Бопай, ел билеген Айғаным, есімі аңызға айналған Қабанбай батырдың жары Гауһар, өз жұртындағы бірліктің ұйытқысы бола білген Ұлпан ана, Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлігімен әлемге танылған Шығыстың қос шынары, Кеңес Одағының Батырлары Әлия мен Мәншүк сынды батыр бейнелері халық жадында. Сол секілді бейбіт күннің батырына баланған көпбалалы аналар да марапатқа лайық.
Аудан әкімі Қ.Мүбараков кент тұрғыны, көпбалалы ана Н.Тоқбаева мен Г.Оразоваға алтыннан алқа тақса, А.Сұлтанбаева, Р.Отарбаева, Р.Досжанова, А.Усерова, Г.Байтуғанова, Н.Малдыбаева, Ж.Жаңабатырова күміс алқа иегері атанды. Одан әрі аудан басшысы өңірдің абыройын асқақтатып, ҚР мәдениет және спорт министрінің «Үздік музей» номинациясын иеленген Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің директоры Қ.Ыханованы жетістігімен марапаттады. «Республика көлеміндегі байқауға 259 мекеме қатысса, оның 50-і музей болды. Оның ішіндегі 3 музей ғана 1 000 000 теңгенің сертификатын иеленді. Соның бірі – біз. Бұл жетістікке дала академигі атанған, әлемдік рекордты орнатқан Ы.Жақаев музейі әбден лайық деп ойлаймын. Осының бәрі сіз бен біз еткен еңбектің арқасында келді», – деді Қ.Ыханова.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық алғысы» медаліне лайық деп табылған аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция мойоры А.Кенжеболатов пен Б.Базарбаевты марапаттады.

Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ
29 қазан 2020 ж. 549 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930