Бейбіт елдің басты құжаты – конституция

«Конституция – арайлы азаттығымыздың айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас тағдыры. Ол еліміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары» деген еді Тұңғыш Президент. Расында біз Ата заңымыздың арқасында адастырмас тура жолда келеміз. Сонымен қатар басты құжат биліктің біртұтастығын сақтап, оны шашыраңқы күйден жұмылған жұдырықтай жүйеге ауыстырды. Соның нәтижесінде қазір Қазақстанмен әлемнің алпауыт елдері санасады. Біз де өзгелермен иық түйістіріп, терезе теңестірдік. Бүгінде аспан түстес, күн бедерлі, қыраны қалықтаған көк байрақ жігерімізге жігер қосуда.
Тәуелсіз Қазақстанның қазір қолданып жүрген құқықтық құжаты 1995 жылдың 30 тамызында жалпы халықтық референдум негізінде қабылданған. Биыл Ата заңымызға 25 жыл. Елдегі пандемия жағдайына байланысты айтулы күнді атап өте алмайтынымыз өкінішті, әрине. Әйтсе де бұл мерекені елеусіз қалдыруға болмайды. Осы орайда жұма күні Шиелі ауданы әкімдігінде ауданның бірқатар азаматтарын марапаттау рәсімі өтті. Жиында аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков шараға қатысушыларды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар «ҚР Конституциясының 25 жылдығы» мерекелік медалін бірнеше адамға табыстады. Медаль тағып, мерейі үстем болғандардың қатарында сан саланың қызметкерлері бар. Нақтырақ айтар болсақ, аудандық мәслихат хатшысы Б.Сыздық, «Заңғар» шаруа қожалығының төрағасы Ж.Машраппин, Ақмая ауылдық округінің №49 орта мектебінің директоры М.Ахметов, Майлытоғай ауылының әкімі Қ.Асанов және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы И.Байкенжеев те марапат биігінен көрінді. Ал аудандық прокурордың орынбасары А.Қыдырәліұлы, полиция бастығының орынбасары Б.Бейсен, Төңкеріс ауылдық округінің бас маманы Е.Қалдыбек, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік, құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Т.Баянәліұлы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Е.Серікұлы ҚР Конституциясының 25 жылдығына орай аудан әкімінің алғыс хатын иеленді.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ