Егін сайлы болса, көңіл жайлы
Айлар жылжып, жыл дөңгеленсе де, ауыл шаруашылық саласының жұмысы тұралаған емес. Замана көшімен ілесіп, ІТ технологияны да игеруде. Бұл тұрғыдан Шиелі өңірінің диқандары да қалыс қалмауда. Биылғы жылы ауданда 6 айдың қорытындысы бойынша 4 млрд 241 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,2 процентті құрады.
Ала жаздай тырбанып, Жер-Ана еміп өскен диқандар үшін қазақтың ұлан-ғайыр даласынан қасиетті ештеңе жоқ. Әлмисақтан тың жерге түрен салып, топыраққа маңдай тері сіңген шаруалар жердің қадірін біркісідей-ақ біледі. Сондықтан шығар, көктемде диқан біткен дала төсіне дән сіңіре салып, оны баладай аялап, мәпелеп күтеді. Бұл – жылдағы дәстүр.
Биылғы жылы аудан бойынша 29 460 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған болатын. Оның ішінде: дәндi дақылдар үлесі (күрішті қоспағанда) – 1 727 гектар, яғни, күздік бидай –1057 га, жаздық бидай – 540 га, тары – 85 га және жүгері – 45 гектарды құрайды. Майлы дақылдар, мақсары 1100 гектар, мал азықтық дақылдар оның ішінде: жаңа жоңышқа – 1877 га, ескі жоңышқа – 5448 га, мал жемдік асқабақ –112 га, сондай-ақ, картоп – 1183 га, көкөнiс – 1537 гектар және 2123 гектар бақша дақылдары егілген. Негізгі дақыл күріштің көлемі –14 353 гектарды құрап тұр.
Егін шаруашылығында көрсетілген бұл цифрларда «Байсын» шаруа қожалығының да үлесі бар. Осыдан 10 жыл бұрын ауыл шетіндегі қара жерді қаңтарып қоймай, егістік алқабына айналдырған «Байсын» шаруа қожалығы биылғы жылы 10 га жерге күріш дақылын, 150 га жерге жаздық бидай еккен. Биыл аудан бойынша 21 га жерге тамшылатып суару әдісімен көкөніс, бақша өнімдерін өсіруді жоспарлаған болатын. Осы әдіспен 15 гектар жерге қызанақ, қияр, болгар бұрышы, баялды сынды көкөністер егіліп, аудан тұрғындарымен қатар Қызылорда облысының нарығына жергілікті өнімдер шығарылуда. Бүгінгі таңда 40-қа жуық адамды жұмыспен қамтып отырған қожалық жиым-терім науқанына дайындықты бастап кетті.
– Жылдың басы жағымсыз жаңалық жұқпалы дерттің таралуымен басталғаны баршаға мәлім. Карантиндік талаптар да біршама кедергілер тудырды. Алайда жылдағыдай жұмыс қарқыны қызу. Күріштің «Лидер» сортын еккен болатынбыз. Судың тапшылығына қарамастан егін бітік шығуы үшін барынша күш салдық. Бұл қожалықтағы шаруалардың еңбегі, – дейді «Байсын» шаруа қожалығының басшысы Аятжан Есжанов.
Биылғы жылы да қамбамыз астыққа толарына сенеміз. Су тапшылығы байқалса да шаруалар осылай батыл болжам жасап отыр. Өйткені егістікке қажетті барлық жағдай жасалып, қажетті минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтер берілді. Өнімнің сапалы шығуына алаңдайтын егінші қауымның әр күнді жылға балайтыны айтпасақта мағлұм. Ата кәсіпті тұрмысқа таяныш еткен жаңатұрмыстық диқандар жаздық бидайды толығымен жинап бітті. Шіліңгір шілденің аптап ыстығын артта қалдырып, енді ақ күріштен тау тұрғызуға білек сыбанып отыр. Оған әзірге табиғатта септесіп тұр. Ел ырысын шашпай-төкпей, жауын-шашынға ұрындырмай астыққа жеткізу алдағы мақсатқа айналды. Өйткені ертеңінен үміттеніп, бүгініне шүкіршілік айтатын олар аз тер төккен жоқ.
Жердей жомарт жүрегі, Аятжанды елі біледі
Байсындағы байыпты тірлік тақырыбымызға тұздық болған соң қожалықтың қожасы жайында сөз қозғамасқа болмас. Шаруаның шашауын шығармай, тыңнан түрен салған Аятжан Есжановты ауыл тұрғындары жақсы біледі. 2011 жылы Жаңатұрмыстың жиегіндегі қоғалы жерді көк майсалы егіс алқабына айналдырған А.Есжановтың елеулі ісінің бірі болатын бұл. Жомарт жердің жемісін татқан оның жүрегі дарқан, пейілі кең. Бұл сөзімізді «Жомарт жүрек» республикалық байқауында «Жыл тұлғасы» атанған марапаты қуаттай түспек. Нақтырақ айтар болсақ, өткен аптада аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздарын анықтаған болатын. Марапат төрінен біздің кейіпкер де қара көрсетті.
Жыл сайын түрлі қайырымдылық іс-шараларына қолдау танытқан А.Есжановтың қайырлы ісі қайтарымын тапқандай. «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбетпен бірлесіп, түрлі қайырымдылық шараларға қаржылай қолдау танытып келеді. Одан бөлек «Жанашырлыққа жан риза» дегендей, аудандағы мүмкіндігі шектеулі, ата- ананың қамқорынсыз қалған балалардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсынып, сауабы мол іске атсалысып жүр.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ