Агро саладағы өзгерістер
Жуырда аудан әкімдігінің баспасөз орталығында аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков брифинг өткізді. Онда аудандағы ауыл шаруашылық саласының бүгінгі күйі мен алға қойған жұмыс-жоспары айтылды.
Мұрат Әшірбековтің баяндауынша, былтырғы жылдың 12 айында ауыл шаруашылық саласы бойынша 25 785,8 теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,4 процентке артыпты. Бұл көрсеткіш соңғы 6 жылмен салыстырғанда 3,4 есеге өскен. Мұнымен қоса ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 875 млн 570 мың теңгені құрап, 2019 жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда өсім 102,0 процентке орындалған.
Биыл аудан бойынша барлығы 29 151 гектар жерге егін егу жоспарланып отыр екен. Оның ішінде күздік бидай – 1100, жаздық бидай – 330, тары – 75, майлы дақылдар мақсары – 1100, соя – 70 гектар. Сондай-ақ жаңа жоңышқа – 3025, ескі жоңышқа – 5448, мал жемдік асқабақ – 106 және картоп – 1200, көкөніс – 1547, бақша дақылдары – 2150 гектарды құрайды. Ал негізгі дақыл күріштің үлесі – 13 000 гектар.
– Жылда шаруашылықтар күрішті 10-11 мың гектар жерге егетін. Ал биыл егіннің көлемін арттырып, 13 мың гектарға жеткіземіз деп отырмыз. Осы жылы егінге қажетті су көлемі төмен болады деген болжам бар. Жалпы биылға қажетті су мөлшері 640 млн текше метр болса, қазіргі таңда Шардара су қоймасына жоғарыдан секундына 660-700 текше метр су түсуде. Оның 350 текше метрі Көксарай су реттегішіне жиналуда. Бірақ берілмей осы жоспарды ойдағыдай алып шықсақ, ауыл шаруашылық саласына түсетін өнімнің көлемі артпақ, – деді бас агроном.
Брифингті бөлім басшысы Өзбекстанға жасаған іс-сапарымен қорытындылады. Айтуынша, Өзбекстандағы кәсіпкерлермен ауданда жеміс-жидек өсіруге байланысты келісімшартқа отырған. Олар осы айдың 10-нан бастап ауданға келіп, алма, шабдалы, шие тектес жеміс-жидектердің көшеттерін екпек.
– Қазір баршамыз Иран мен Қытайдың алмасын жеп отырмыз. Ал неге соны мүмкіндік барда өз жерімізде өсірмеске? Бұйырса, 3 жылдан соң жергілікті алмаларды пайдалана бастаймыз. Сонымен қатар ағзамызға қажетті, дәруменге бай құрғақ жемістерді де осы жерден кептіріп, шығаратын боламыз, – деді бөлім басшысы.
Сұлушаш МАДИЯРОВА