ҚЫЗЫЛОРДА ҮЗДІК БЕС ӨҢІРДІҢ ҚАТАРЫНДА
Қызылорда облысы ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша республиканың қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің үздік бестігіне кірді. Өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны, экономикаға инвестиция тарту көлемі, құрылыс жұмыстарының көлемі және тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша аймақтың өсу көрсеткіштері республикада орташа көрсеткіштен жоғары.
Кеше Үкімет отырысында 2019 жылғы қаңтар-наурыз аралығындағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары айтылды. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қызылорда облысы өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны, экономикаға инвестиция тарту, құрылыс жұмыстары мен тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша – көшбасшылар қатарында.
«2019 жылдың І тоқсанында негізгі капиталға салынған инвестиция 84 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,3 есеге өсті. Бұл республика бойынша ең үздік көрсеткіш (ҚР бойынша орташа өсім 7% құрады)», – деді Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев.
Өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 4,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есеге өскен.
«Жалпы, соңғы 6 жылда өңдеу өнеркәсібі өнімінің өндіріс көлемі 71% артты. Бұл көрсеткіш республика бойынша есепті кезеңде орташа есеппен 16,2% құрайды», – деп атап өтті Р.Сұлтангереев.
Құрылыс саласында да оң серпінге қол жеткізілді. Мәселен, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 20,4% ұлғайды, ал республикада орташа өсу көрсеткіші 8,9% құрап отыр. Биыл облыста126 мың шаршы метір тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13% артық. Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы Қызылорда облысы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді, яғни, 700 мың шаршы метр баспана бой көтерді.
«Өскен өңір» ақпарат.