Ресейден жеке қорғаныш заттары бар борт әкелу жоспарланып отыр – Цой
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен "Короновирустық инфекция және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайы туралы" онлайн брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.
Біз қазір шетелдік әріптестерімізбен халықаралық консультация жүргізіп жатырмыз. Жақында ғана Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Еурополық бюросының мұрындық болуымен еуропалық аймақта бар үздік тәжірибелер мен негізгі бағыттарға қатысты жиналыс өткіздік. Бірқатар министрлікпен емдеудің түрлі бағыттарын, көршілес елдер коронавируспен күрес аясында қандай әдістерді қолданып жатқанын талқыладық, - деді ол.
Министр брифинг барысында гуманитарлық көмек бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Бұдан бөлек, гуманитарлық көмек көрсетуге қатысты шетелдік серіктестермен жұмысты жандандырдық. Қазірдің өзінде Қазақстанға өзбек әріптестеріміздің көмегімен 2 миллиондай маска және сол мөлшерде медициналық қолғап әкелінді. Осыдан бірер күн бұрын Ресейден бір топ дәрігер келді. Қазір оларды консультативтік көмек беруі үшін аймақтарға жіберу мәселесін қарап жатырмыз. Сондай-ақ, Ресей Федерациясынан жеке қорғаныш заттары бойынша қосымша борт әкелу жоспарланып отыр. Біріншісі келді, ал коронавируспен күреске қажетті өзге де заттар мен дәрі түрлері тиелген екіншісі борт тағы келмек, - деді Цой.