Елімізде алғашқы медициналық көмекті 520 мекеме көрсетеді
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында жасаған баяндамасында айтты.«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес медициналық-санитариялық алғашқы көмектің негізгі функцияларына:
- профилактика және сауықтыру;
- аурулардың диагностикасы және емдеу;
- созылмалы аурулары бар пациенттерді динамикалық бақылау;
- медициналық оңалту және паллиативтік көмек қызметі, деп атап өтті Министр сөзінің басында.
Сонымен қатар Е. Біртанов еліміздің алғашқы медициналық көмек ұйымдарында 11 000 учаскіде 9 000-нан астам дәрігер мен 25 000-нан астам орта медицина қызметкері жұмыс істейтінін айтып өтті.
«Оның ішінде дәрігерлердің 43% пайызы мен орта медицина қызметкерлерінің 49% пайызы ауылдық елді мекенде жұмыс істейді. Қоса атқарушылық коэффиценті 1,2-ге тең. Осылайша, қазіргі уақытта алғашқы медициналық көмек дәрігерлерінің тапшылығы 1 000 маманды құрайды. Көп өңірде дәрігерлер іс жүзінде 2 учаскеде жұмыс жасауда. Осыған орай, 1 дәрігерге 1 900-дан астам адам тіркелген, бұл мемлекеттік нормативтен 200-ге жоғары (1700)», деді Министр.