Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕРЗІМІ ӨТКЕН МЕРЕКЕЛІК БИЛБОРДТАР АЛЫНА МА?

МЕРЗІМІ ӨТКЕН МЕРЕКЕЛІК БИЛБОРДТАР АЛЫНА МА?

Кенттің сәнін келтіріп, көркін ашатын көрнекіліктердің бірі – көше бойында орналасқан билбордтар ­деуге әбден болады. Әр атаулы күн қарсаңында жаңартылып, көпшілікке мерекенің иісін сезіндіретін, түрлі мемлекеттік бағдарламалар жайлы мәлімет пен елге еңбегі сіңген белгілі тұлғалар жайлы ақпарат беріп тұратын жол бойындағы көрнекілік құралдарының маңызы зор.
Билборд мәселесі осыдан біршама уақыт бұрын да көтерілген. «Тротуардың бойында орналасқан, әрі-бері өткен жолаушының маңдайы соғылатын бағана сүріліп, не кедергі келтірмейтіндей етіп орналастырылсын» деген көптің тілегін газет бетінде арнайы бір мақаламен жариялаған едік. Бірақ тиісті мекемелерден еш жауап болмады.

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, бүгін де айтпағымыз сол билборд жайлы. Бірақ бұл жолғы мәселе бұрынғысынан өзгерек. Көпшілік байқаған да болар, кенттің бас көшесі Ясауидің бойындағы «7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне» арналған билбордтың ілінгеніне бір айдай уақыт болды. Жеңістің 75 жылдығына арналса бір жөн. Атаулы датаны жыл бойы тойлауға негіз бар дер едік. Өкініштісі, олай болмай тұр. Тек бұл ғана емес, кенттен шығып Көкшоқыға барар жолда да Рамазан айына арналған бір емес, екі билбордты көреміз. Ораза айының да аяқталғанына он күн өтті. Бір ай бойы иісі мұсылман қауымды қасиетті аймен құттықтаған тақтайшаны ауыстыратын уақыт жетті емес пе? Әлде екі мерекелік билборд та келер жылғы Отан қорғаушылар күні мен Рамазан айына дейін тұра бермек пе? Бұл тұрғыда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлназ Достиярова да өз пікірін білдірген еді:
– Аудан көлеміндегі барлық көрнекілік құралдары біздің ұдайы назарымызда. Әрқашан бақылап, қажет жерін түзетіп жүреміз. Өйткені, бізге берілген тапсырма солай. Ал қозғалып отырған 3 билбордты алып тастау жайлы жауапты кент әкімдігі мен ішкі сасат бөліміне өткен аптада ескерткен едік. Бірақ ешқандай нәтиже не бір кері жауап болмады. Жалпы көпшіліктің назарындағы дүние болғандықтан уақытылы жаңартып отырған дұрыс. Тағы бір әттеген-айы кент ішінде қаншама билборд болса да, мемлекеттік тілді насихаттайтын бірде-біреуі жоқ, – дейді.
Шынында да, қазір Президент Қ.Тоқаевтың өзі мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға ерекше көңіл бөліп отыр. Жақында ғана Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында сөйлеген сөзінде «Мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін барынша арттыруымыз қажет. Бұл мәселеде Еуропа елдерінің тәжірибесіне назар аудару керек. Олар тіл үйрету барысында, негізінен оқу орындарындағы жастарға көбірек мән береді.Сондықтан Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткізген жөн.Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді» деп ана тілдің маңызын арттырудың кезек күттірмейтін мәселе екендігін жеткізді. Оған қоса «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама да» бар. Тым болмағанда елде он жыл бойы жұмыс жасап келе жатқан осы бағдарламаны қолдауға арналған кент ішінде бір билбордтың болмағаны өкінішті. Мемлекетімізде латын әліпбиін де кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Бұл – қазақ халқы үшін маңызы зор, тарихи кезең. Мұны да аудан тұрғындарына насихаттайтын бірде-бір көрнекілік құралын көрмегеніміз қынжылтады.

Иә, ауданды абаттандыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Бірақ жасалу керегі одан да көп. Бізде бір ғана ұсыныс, жоғарыда аталған мерзімі өткен мерекелік билбордтардың орнына мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, латын әліпбиін насихаттауға арналған тақтайшалар ілінсе екен. Әлеуеті артқан аудан бюджетінің оған шамасы жетсе керек. Айтпақшы, кент ішіндегі билбордтардың айналасындағы тазалық мәселесі де назардан тыс қалмағанын қалаймыз. Әйтпесе, көпшілігінің айналасын арамшөп басып, көркін қашырып тұр.

Гүлхан ЯХИЯ
02 маусым 2020 ж. 760 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (9265)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (9264).

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (9263)

13 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031