Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Байқаңыз, алдыңызда билборд

Байқаңыз, алдыңызда билборд

Кент халқы көтерген мәселе газетімізде тұрақты түрде жазылып, шашылған қоқыстың суреттерін талай жариялап жүрміз. Дегенмен, осы жолы кентті жаяу аралап, орталықта орналасқан кей көшелердің жағдайын көзімізбен көруді жөн санадық. Басқасын айтпағанда, бас көше аталып кеткен Ясауи даңғылының бойындағы жаяу жүргіншілер жолымен жүріп келе жатып, кенттің көркін қашыратын бірнеше кемшіліктерді көресің. Көресің де, еріксіз күрсінесің.

Иә, біз айналасы мұнтаздай таза, қараған жанға қыздың жиған жүгіндей әдемі көрінетін көше бойын қашан көреміз? Кейінгі кезде Шиелінің жолдары жіңішкеріп, тротуар мен жол шетінің арасы ұзарып, бірте-бірте алыстап бара жатқандай. Тіпті қабат келген қос көлік соқтығыса жаздап, көшеге әзер сыйып жатады. Соңғы уақытта аудандағы жол көлік оқиғаларының жиілеп кетуіне бір жағынан осы жағдай да себеп секілді. Өйткені, жырымшылап жасалған кейбір көшелерде көлік тізгіндеу қиындық туғызады.
Жә, мұны қоя берші. Мұнан өзге біліп тұрып қолдан жасаған кемшіліктер қаншама. Мәселен, жоғарыда айтқан Ясауи көшесінің бойындағы ақпараттық мәтін орналасқан билбордтар. Дұрыс, түрлі мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап, ары-бері өткен жолаушыларға жемқорлықтың жат екенін үндеп-ақ тұр. Дегенмен сол тақтайшаны орналастырар кезде жауаптылар қандай заңдылыққа сүйенеді екен деген еріксіз ой келеді бізге. Бізге ғана емес-ау, ары-бері жаяу өткен әр тұрғын осылай дері сөзсіз. Айтпағымыз, тарихи өлкетану музейі алдындағы билборд еді. Негізінен ереже бойынша мұндай жол бойындағы билбордтар жерден 2,5 метр биіктікте орналасуы керек. Ал бұл ше? Жерге жақын орналасқаны сонша жанына жеткенде басыңды бұғып, еңкейіп өтуге тура келеді. Әйтпесе, тақтайшаға маңдайың соғылып, әбігерге түсіп әлектенуің әбден мүмкін. Осыған жауапты әкімдік қызметкерлеріне айта қалсаң, билбордты қайта орналастыруға кететін қаржыны айтып ат тонын ала қашады. Сонда қыруар ақша жұмсалып, ілінген билборд халықтың игілігіне емес, «итшілеуіне» арналған ба?
Ясауидің бойындағы «былық» бұл ғана емес. Көше бойындағы жаяу жүргіншілер жолының да халі мүшкіл. Жауын жау­са болды сапасы төмен жүргіншілер жолының тастары мүжіліп, кей жерлері арыққа айналып, су жиналады. Тобықтан келетін топырағына сәл ылғал тисе, лайға айналып кетеді. Әйтпесе, бюджеттен қыруар қаржы жұмсалған осы тротуардың тасын жаңалап, шетін ауыстырып, қайта жөндеуден өткеніне де ұзақ уақыт болмады. Десе де, қазіргі күйі көңіл көншітпей тұр.
Жалпы біздің жер жұмсақ болған соң ба, әйтеуір орталықтағы осындай тротуарлардың көбі жылға жетпей жерге кіріп, жоғалып кете береді. Осының бір амалын табуға болмай ма? Мүмкін астын қалыңдатып, арнайы техникамен жақсылап таптағаннан кейін бетіне тас­ты төсеу керек шығар. Қалай болғанда да осы келеңсіздіктің ретін тауып, тротуарларды ретке келтіргеніміз жөн. Өйтпеген жағдайда батпағы бетіне шыққан тротуардан тұрғындар аяғын алып жүргенімен, аяқ киімін алып жүре алмай жатыр.
Біз мұнымен біреуді даттап, мүлде жұмыс жасалмайды деуден аулақпыз. Кенттің шырайын ашып, көркін келтіру үшін түрлі шаралар атқарылып жатқаны рас. Десе де көзімізбен көрген кемшілікті газет бетіне түртіп, жергілікті биліктің назарын аударту парызымыз деп білеміз.

Г.Сәбитқызы

11 наурыз 2020 ж. 369 0