Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылы жүрек, жомарт қол, мақпал мінез

Жылы жүрек, жомарт қол, мақпал мінез

«Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек,
Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол». Шәкәрім Құдайбердіұлының адам болмысы туралы хақында айтқан осы пәлсапасы жұмыр бас­ты пенденің барлығына ой салса керек-ті. Өмір соқпағында аталған қағиданың үдесінен бірдей шығатындар да, не бірін кем, бірін артық ұстар жандар да кездеседі. Ал төрт қасиетті тұла бойына дарытқандар қоғамды алға сүйреп, өзгеге өнеге көрсетіп, ғұмырын ғибратқа, тірлігін тағылымға толтырады. Жүріп өткен жолы мен сүрген өміріне үңілер болсақ, мақаланың әлқиссасында айтылған төрт мінезді өн бойына сіңірген жан – Маржан Сәдуақасова.

Ол 1950 жылы қазанның 16-сы күні Тереңөзек ауданында дүние дидарына келген. Кіндік қаны тамған жері Тереңөзек болса да, М.Сәдуақасқызының алғашқы еңбек жолы Шиелі ауданынан басталады. 1971 жылы Қызылорда қаласындағы медучилищесін бітіргеннен кейін, жолдамамен Шиелі аудандық ауруханасына акушер-маман болып жіберіледі. Сол сәттен бастап Қарғалы Қаракөл қой совхозына қарасты «Таштоп» бөлімшесінде, Ботабай ауылдық округіне қарасты Қызылқайың бөлімінде 10 жылдан астам еңбек етеді.
Шыр етіп дүниеге келген шақалаққа кіндік шеше атанып, ана мен баланы қауыштырып жүрген М.Сәдуақасқызы білімін әрмен қарай толықтыруды ойға алады. «Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» деген ниетпен Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы пединститутты биология пәні бойынша сырттай оқып бітіреді. Осыдан кейін Қызылқайыңдағы №151 мектепте қосымша мұғалімдік қызмет атқарады. Адам жанының арашасы ғана емес, бала болашағының жарқын болуына үлес қосқан ол екі салада да үздіктердің қатарынан көрініп, көптің алғысына бөленеді. Төккен тердің төлемі болар, аудан басшылары мен қараша халық М.Сәдуақасқызын ауылдық кеңеске депутат етіп сайлайды. Одан кейін, яғни 1980-1986 жылдары аудандық ауруханада акушерка, 1986 жылы Шиелі теміржол торабының 210 орындық балабақшасында аға аяжан болып қызмет атқарады.
Ұлттың мәселесіне келгенде де Маржан Сәдуақасова салғырттық танытпаған. Оны теміржол торабындағы «Қазақ тілі» қоғамының басшысы кезінде атқарған ісінен байқай аламыз. Ұлт тілін ұлық тұтып жүрген тіл жанашыры ауданда мектеп пен балабақшалардың қазақ тілінде ашылуына мұрындық болды. 1998 жылы аудандық денсаулық сақтау саласының жанынан құрылған «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы ретінде сайланады. Осы саланың қазақ тіліне көшуіне зор үлес қосады. Ана тілі үшін аянбай еңбек еткені үшін бедел биігінен көрініп, бірнеше мәрте Құрмет грамотасы, алғыс хатпен марапатталады. Түрлі марапат төрінен көрініп, көпке сыйлы болуы оның жемісті жұмысын айғақтайды.
Бүгінде М.Сәдуақасқызы журналистік қызметті де атқарып жүр. Сан тарау жолдан өтіп, саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған Маржан апаның ендігі серігі – қаламы. Ол – «Дара тұлға» журналының, «Ұстаз жолы» қоғамдық қоры мен газетінің аудандық бөлімшесіндегі төрайымы. Өңірдегі іскер, белсенді азаматтардың есімі республикаға осы журнал арқылы таралуда. Дәрігер мен мұғалімдіктен бөлек, уақыт өте келе журналистика мамандығын да меңгерген оның қаламынан бірнеше портреттік очерк туындаған.
Медицина «маржаны» атанған М.Сәдуақасқызы қоғамдық жұмыстарға да белсене кіріседі. Жылығанға демеу, құлағанға тіреу болу ол үшін қиын емес-ті. Керісінше, тағдырдан теперіш көріп, жанын қоярға жер таппаған жандарға қол ұшын созып, қарайласқанда жүрегі байыз табатын.Иә, ол мемлекеттік қызметтен бөлек қайырымдылық жасаумен де айналысқан. Әлі күнге дейін айналысып келеді. Бұл игі іс 2008-2009 жылдары «Бота» қоғамдық қорынан бастау алған. Аталған қорда жүріп ол талай баланың білім алуына қолдау көрсетеді, ата-аналардың үміт отын жағады. Тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балалардың балабақшада тегін тәлім алуына септігін тигізеді. «Бота» қорында табан аудармастан бес жыл аға ерікті болып, нәтижесінде Құрмет грамотасын иеленеді. Содан кейін қайырымды істі «Ана сезімі» қоғамдық қорына келіп жалғастырады. Мұнда да аға ерікті болып, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдеседі.Әдетте «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөзді ер-азаматтарға айтамыз ғой. Ал бүгін осы тәмсіл Маржан апа үшін айтылған сыңайлы. Өйткені, ол – дәрігер, мұғалім, журналист әрі ерікті. Әсіресе, кешегі індет жайлаған уақытта еріктіліктің ерен үлгісін көрсетті. Өз басын қатерге тігіп, қиын-қыстау шақта бірнеше отбасыға қол ұшын созды. Нақтырақ айтсақ, «Ана сезімі» қоғамдық қорының құрамындағы Нәйла Палымбет, Құттықыз ­Ыханова, ­Гаухар Рысбекова, Салима ­Журманова, Феруза Құрманбаева, Патима Маханбет сынды аудан белсенділерімен бірігіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға азық-түлік пен киім-кешек таратты.
Жетпістің желкенін тартқан Маржан Сәдуақасова өмірде көп жасап қана қоймай, жүріп өткен жолынан талай нәрсе түйе білген. Оның өмірлік ұстанымы һәм жұмыс істеудегі бұлжымас ережесі адалдық іспетті. Өйткені, осы уақытқа дейін тапқаны табанының астында тарыдай шашылып қалмауына сол мінезі себепкер. Ол үшін мансап пен атақтан гөрі, ел алғысы, халықтың ыстық ықыласы жеткілікті. Ал осындай қошеметке адалдықтың арқасында ғана жетуге болады.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
23 мамыр 2020 ж. 733 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930