Жемқорлыққа қарсы күресте белсенділік қажет
Елімізде алғаш рет 2 шілде 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң мемлекет басшысының Жарлығымен енгізілген болатын. Одан кейінгі жылдары толықтырулар мен өзгертулер жасалынып, 2002 жылы қолданысқа берілді. Бос орындарға қызметке тұратын жастар заңды жаттап, конкурстарда озып шығып, бұл заңды білетіндіктерін көрсетіп жатты. Бірақ «санасызға сан айтқанымен болмайтындай», кейбір жас мемлекеттік қызметкерлердің өзі жемқорлыққа жол беріп, қылмыстық әрекеттерге ұрынумен келеді.
Таңқаларлық жағдай, жемқорлық туралы күнделікті баспасөз беттерінде, телеарналарда беріліп, айтылып, жазылып, ұсталған қылмыскерлер көрсетіліп, қолдарына кісен салынып жатса да, керісінше жемқор адамдардың, оның ішінде жоғары лауазымды шенеуніктердің белсенділігі артып, арандары ашыла кеткендей. Ұсталып та, айыппұл төлеп те, тордың аржағына тоғытылып та жатыр. Құлқындары тоятын түрлері де жоқ. Олармен күрес қыза түскен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 13 маусымдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда ерекше кешенді құзыреттерге ие болған, азаматтар мен мемлекеттік институттарды жемқорлықтан қорғайтын ашық, кәсіби және тиімді құқық қорғау органы болып, тиісті шаралар қабылдайтын болады. Агенттіктің басты мақсаты – Қазақстан халқының игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою, яғни азаматтарға қолайлы жағдай жасау. Қызметке, жұмысқа орналасуда пара беру мен пара алудың тамырына балта шабу. Халық арасында әділдік, парасаттылық және сенім орнату. Қоғамның белсенділігін арттыру арқылы жемқор адамдарды анықтап, керек болса оны анықтаушыларға жүлде де тағайындап жатқанын естіп-біліп отырмыз. Елімізде көп жағдайда қылмыстарды жер қатынастары, сәулет саласы, сондай-ақ ауылдық округтер басшылары жасайды екен. Қылмыстар негізінен алаяқтық, билікті асыра сілтеу яки пайдалану, сонымен қатар жерді беру кезінде парақорлыққа, біреудің жерін мақсатты түрде өзгертуге, жалдау құқығын ұзартуға, жерді сату аукционында кім параны көбірек берсе, соны жеңімпаз деп тануға тағы да басқа фактілерге себеп болады. Меніңше жемқорлыққа апарар жол – дәнігу. Пара алушылар да, параны берушілер де дәнігу арқылы әккі қылмыскерге айналады. Көздерін шел басып, қашан ұсталғанша ақшаға тоймай жей бергісі келеді. Көріп, оқып жатқанымыздай, осындай іс-әрекеттер төңірегінде өкілетті органдар мен жауапты лауазымды тұлғалардың кінәлі боп жатуы қоғамды алаңдатады. Кеше ғана ақыл айтып жүрген шенеуніктер лезде қылмыскер болып, қамалып жатады.
Жоғарыда айтқанымыздай, көбіне жер мәселелерін шешуде заңсыз сыйақы алу әдетке айналғандай. Олар жеңіл түрде тәртіптік жазамен құтылып, халықтың қалтасын қағып, «Ұсталмаған – ұры емес» кейпін танытады. Бұл жаңағыдай қызметкерге жазаланбау сезімін ұялатып, жемқорлыққа даңғыл жол ашады. Айта берсек таусылмайтын тақырыптың бірі болған сыбайлас жемқорлық қоғам дертіне айналып отыр. Сол үшін онымен күрес жалпы жұрттың, көпшіліктің, баршамыздың ақ ниетті қарсылығымыз болуға тиіс. Сыбайлас жемқорлықты жек көру арқылы болатын қоғамның белсенді күшімен ғана біз көздеген мақсатымызға жетеміз. «Адал ұрпақ – ел болашағы». Мемлекетіміздің мемлекеттік қызметкерлері де, оның жасампаз халқы да ұяты мол, адамгершілігі зор бола білсе, жемқорлық та жолда қалар дейміз. Халқымызға құдай нысап, қанағат берсін!
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі