Медицина қызметкерлеріне үстемақы төленеді
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайынғы бекітілген үстеме ақы белгілеу туралы шешімді бекітті. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысында айтылды.
Елімізге жұқпалы індет жеткен сәттен бар күшін салып, адам өмірін аман сақтап қалу жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан қызметкерлердің бірі – дәрігерлер. Сондықтан медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеріп, жалақысын арттыруды бүкіл халық қолдап отыр. Ал жоғарыда аталған төлемдер коронавирусты жұқтыру қаупі бар үш топ бойынша 3 айдың ішінде жүргізіледі. Алғашқысына «Қауіптілігі аса жоғары» – реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері кіреді. Үстеме ақы 20 ең төменгі жалақыны құрайды, яғни 850 мың теңге. Екінші топта «Қауіптілігі жоғары» – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Олардың үстеме ақысы 10 ЖТМ (425 мың теңгені) құрайды. Ал үшінші «Қауіптілігі орташа» – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері 212,5 мың теңге көлемінде үстеме ақы алатын болады.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Медициналық қызметкер коронавирустық инфекциямен ауырған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін бір реттік әлеуметтік төлем көлемі 2 млн теңгені, ал көз жұмған жағдайда 10 млн теңгені құрайды.
Г.ДҮЙСЕБАЙ