Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлігі жарасқан елдің ісі берекелі

Бірлігі жарасқан елдің ісі берекелі

Естеріңізде болса, аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов ауданға жаз мезгілінде келген сапарында бірқатар ауылды аралап, халықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатын. Бұл жолы да сол үрдісті жалғап, алғашқыда бармаған ауылдарда болып, елді мекендердің жалпы ахуалымен танысты.

Сейсенбі күні аудан әкімінің халық алдындағы есепті жиынына қатысқан Қ.Досмаилұлы түс ауа Гигант ауылына қарай жол тартты. Бидайкөлдегі мектепке ат басын бұрған облыс әкімі оқушылармен кездесіп, «сабақтарыңды үздік оқып, жақсы азамат болыңдар» деген тілегін арнады. Одан соң Ақмая ауылына қарай бет алды. Аймақ басшысын ақмаялықтар клуб үйінде қарсы алды. Жалпы ауылдың әлеуметтік ахуалы, тұрмыс деңгейі қалыпты. Дәл қазір жұртшылықты толғандырған бір ғана мәселе ауылға газ кіргізу болып отыр. Оның алғышарты да жасалып қойылған. «Ақмая» шаруа қожалығының бас­тамасымен бас-аяғы 6,5 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттары дайын тұр. Енді тек жұмысты бастап кету қажет. Осыны жеткізген ауыл ардагерлеріне аймақ басшысы мәселені күн тәртібіне енгізіп, барынша жеделдету жағын қарастыратынын айтты. Кездесу соңында ауылдың батагөй қарттары Қ.Досмаилұлына ақ батасын беріп, шығарып салды. Келесі аялдама – Ш.Қодаманов ауылы. Аймақ басшысы бастаған топ А.Көпеев атындағы спорт кешеніне келіп тоқтады. Бұл жерде мектеп оқушылары спорттың бірнеше түрінен қызу жаттығуға кірісіп кеткен екен. Аудан орталығына сабылмай, іші қажетті құралдармен толық қамтылған жап-жаңа ғимаратта шынығып жүргендеріне балалар да, олардың ата-аналары да дән риза. Жас спортшылармен қаз-қатар тұрып естелік суретке түскен облыс әкімі «жеңіс туын желбірете беріңдер» деген тілегін жеткізді. Төңкерістіктердің де ауылға ертерек көгілдір отын тартылса деген бір ғана тілегі болды.
Жалпы бүгінде ауданға қарасты елді мекен тұрғындарының көпшілігін көгілдір отын мәселесі мазалайтыны белгілі. Бұған дейін Гигант және Иіркөл ауылдық округтеріне пайдалануға берілген газ құбыры жоспар бойынша Төңкеріс, Нартай, Ақмая, Еңбекші, Жаңатұрмыс ауылдарына жүргізіледі деп күтілуде.
Облыс әкімінің ауданға сапары Еңбекші ауылында жалғасты. Халқының басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысатын еңбекшіліктер келген қонақтарға сары қымызынан дәм татқызды. Мәдениет үйіне жиналған жұртшылық аймақ басшысының өзі келіп, халықпен жүздескеніне алғысын айтып, ақжарма тілегін жеткізді. Өзгелер секілді Еңбекшінің тұрғындары да «Күн ұзатпай көгілдір отын кірсе» дейді. Бұдан соң Қ.Ысқақов ақын Нартай ауылында болды. Алдымен Н.Бекежанов атындағы музейге кіріп, мұндағы құнды жәдігерлермен танысқан ол, клуб үйінің фойесінде тұрғындармен жүздесті. Аудан, ауыл әкімдерінің әрбір жұмысына көңілі толатынын айтқан ауыл ақсақалдары аймақ басшысының жұмысына сәттілік тілеп, «Жақын арада ауылға газ кірсе, сіздің есіміңізді алтын әріптермен жазар едік» деп әзілдесіп тарқасты.
Келесі нысан – Шиелі индустриалды-аграрлы колледжі. Колледж ұжымының соңғы бірнеше жылдағы жемісті жұмыстарының нәтижесінде облыстағы кез келген белді оқу орындарымен бәсекелесе алатын жағдайға жеткен. Мұны облыс әкімінің өзі колледж жұмысымен танысу барысында айтты. Іргелі оқу орны асыл тұқымды сегіз бас сиыр алып, күніне 80 литрге жуық сүттен түрлі өнімдер дайындап, нарыққа шығаруды қолға алған. Иә, аспаз мамандығы бойынша білім алушылар күнделікті сүт тағамдарын дайындап, түрлі тәттілер пісіреді. Бұл бір жағынан студентті еңбекке баулу болса, екінші жағынан тәжірибе, әрі әжептәуір қаржы да түсіріп отыр. Бұлай дейтініміз, тек сүт өнімдерін сатудан колледж айына 300 мың теңгедей қаржы игереді. Білім ордасының басшысы Мейрамхан Дүйсенханов асыл тұқымды мал басын екі есеге арттыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Бұдан бөлек колледж маңынан тәжірибе ретінде шағын жылыжай да ашылған. Мұнда қыстың қаһарлы күніне қарамастан қызанақ пен қияр жемісін беріп тұр. Мұны да өндірістік тәжірибе кезінде күтіп-баптайтын студенттер. Сондай-ақ колледж киім-кешектің сан түрі мен төсек жабдықтарын да нарыққа шығаруды нықтап қолға алған. Білім ордасындағы берекелі іске тәнті болған аймақ басшысы колледж ұжымының еңбегін аймақтағы өзге білім мекемелеріне үлгі ету мақсатында облыстық семинар өткізуді ұсынды. Сондай-ақ ынталандыру мақсатында алдағы уақытта бюджеттен бөлінетін қаржыны арттыратынын айтты.
Аймақ басшысы ауданға кезекті сапарын Ә.Тәжібаев, Алғабас ауылдарын аралаумен аяқтады. Бұл қос ауылда да жағдай тұрақты. Тұрғындардың да «Ертерек газ кірсе екен» деген уәжі бір. Тек алғабастық ағайын көшені жарықтандыру мәселесі көңіл көншітпейтінін айтты. Көтерілген мәселенің бірде-біреуі жауапсыз қалмайтынын жеткізген облыс әкімі:
– Бұған дейін 5 ауданның 90-ға жуық елді мекенін аралап, тұрғындарымен кездестім. Әр ауылда көтерілген мәселелерді талқылап, оларды шешу жолын қарастыруды орынбасарларға, тиісті басқарма басшыларына тапсырдым. Осы орайда кәсіпкерлерді өздері туып өскен елді мекенді дамытуға, халықтың әлсіз топтарын қолдауға шақырамын. Барлық аудан мен ауылға бюджеттен қаржы теңдей бөлінеді. Ал көркеюі, әлеуметтік дамуы жағынан бірінен-бірі асып, не кем түсіп жатса, бұл сол ауылдың жұмысын үйлестіруші әкімі мен оған қолдау білдіретін кәсіпкерлеріне байланысты, – деді.
Келесі күні аймақ басшысының аудандарға сапары Жаңақорған ауданымен аяқталды.

Гүлхан ЯХИЯ

01 ақпан 2020 ж. 396 0