Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек еленбей қалмайды

Еңбек еленбей қалмайды


Сейсенбі күні «Салтанат сарайы» ғимаратында аудан әкімі Әшім Оразбекұлының тұрғындарға есеп беру жиыны өтті. Оған облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, бірнеше департамент және басқарма басшылары, республикалық, облыстық, аудандық БАҚ өкілдері арнайы қатысты.
Жиында әдеттегідей алдымен аудан әкімінің жыл бойы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен алдағы жоспарлары тыңдалды. Сан салада атқарылып жатқан ілгері істер, толағай табыстар, жемісті жобалар, құрылысын күтіп тұрған кәсіпорындар мен нәтижелі жұмыстарға көңілі толған аудан халқы әкім есебіне оң бағасын беріп, құрмет-қошеметін көрсетті.
Одан соң аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов мінбеге шығып, жалпы облыстағы әлеуметтік-экономикалық ахуал, ауданның даму деңгейі жайлы баяндады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақ экономикасына тартылған инвестиция, құрылыс, үй беру, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі, ауыл шаруашылығы секілді жеті бағыттағы даму көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы 8 орында тұр. Осылай деп мәлімдеген облыс әкімі сөз басында:
–Бүгінге дейін бес аудан мен оларға қарасты ауылдарды аралап келдік. Әрбір тұрғынның пікірі біз үшін маңызды. Сіздермен де жүзбе-жүз кездесіп, мұң-мұқтаждарыңыз, айтар уәждеріңіз болса тыңдауға дайынбыз. Қазір елімізде тұрғындардың әлеуметтік деңгейін арттыру, жұмыссыздықты азайту мәселелері алдыңғы орынға қойылған. Шиелі ауданы халқының ең басты мәселелерінің бірі – теміржол өткелінің үстінен өтетін көпір салу екенін жақсы түсінемін. Бұл бағытта жұмыстар жасалуда. Бұйырса жақын арада көпір құрылысы басталып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Өздеріңіз білесіздер, биылдан бастап елімізде жаңадан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Дамыған елдердің үздік тәжірибесінен алынған бұл жүйе бірінші кезекте халықтың пен мемлекеттік және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген. Жүйенің енгізілуіне орай облыста алдын ала дайындық жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарды емханаға тіркеуге қою және өзектендіру басталды. Алайда өзектендіру жұмыстары Шиелі ауданында әлі толық аяқталмай отыр. Бар болғаны қазір – 80,1 пайыз. Осы бағытта жұмысты күшейту қажет, – деп тапсырма берді. Сонымен қатар жұмыссыздықты азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және салық базасын кеңейту әкімдердің тікелей міндеті екенін атап айтты. Одан бөлек Қ.Ысқақов аудан көлемінде мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан тұрғынүйлердің құрылысы аяқталса, биыл 77 отбасы баспаналы болатынын жеткізді.
Аймақ басшысын аудандағы ана мен бала өлімінің жоғары екені де алаңдататынын жасырмады. 2018 жылмен салыстырғанда бұл өткен жылы 20,7 пайызға артқан. Мұны медицина мамандарының біліксіздігінен болуы мүмкін деген Қ.Ысқақов:
– Біз адам өлімініе, ана мен бала өліміне бей-жай қарай алмаймыз. Бүгінде мемлекет тарапынан медицина саласына өте үлкен көңіл бөлініп отыр. Дәрігерлердің алаңсыз жұмыс жасауы үшін барлық жағдай жасалған. ҚР Конституциясында да «Біздің ең басты құндылық – адам өмірі мен оның денсаулығы» деп айтылған. Нұр-Сұлтан, алматы, Қызылорда қалаларындағы медицина саласында қандай мүмкіндік жасалса, басқа елді мекендер мен аудандарда да дәл сондай мүмкіндік жасалған. Шиеліде 2019 жылы ана мен бала өлімінің ұлғаюына қарап, мүмкін медицина мамандарының біліктілігі төмен шығар деген ой туындап отыр, – деп, аудан әкіміне олқылықты болдырмас үшін жедел шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының қауіпсіздігі жайлы баяндаған облыс әкімі:
Мемлекет басшысы балалар мен жасөспірімдер арасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өз-өзіне қол жұмсаудың және зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы шараларды күшейту жөнінде тапсырма берді. Біздің міндетіміз – балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру. Бүгінгі күні облыста 100-ден аса мектептің әжетханасы ғимарат сыртында орналасқан. Осыған орай Әшім Оразбекұлы, 2020 жылдың 1 тамызына дейін аудандағы 17 мектептің сыртындағы әжетхананы ғимарат ішіне көшіруіңіз қажет, – деді. Бұдан өзге келер оқу жылына дейін барлық балабақшалар мен мектептерге бейнебақылау орнатуды тапсырды. Бұл бағытта бюджеттен 250 млн теңге қаржы да қаралған.
Сондай-ақ жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша Шиелі ауданы облыста алдыңғы қатарда екенін атап өткен аймақ басшысы енді ауыл шаруашылығы саласындағы өсімді қамтамасыз ете отырып, өңдеу саласын дамытып, экпорттық әлеуетті арттыру қажеттігін атап айтты. Жиын соңында аудан ақсақалдары қос әкімнің есебіне «бәркелді» десіп, ақ батасын берді.
Түс ауа облыс әкімі Қ.Досмаилұлы бастаған топ Бидайкөл ауылына қарай жол тартты. Естеріңізде болса аймақ басшысы ауданға жаз мезгілінде келген сапарында бірқатар ауылдарды аралап, халықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатын. Бұл жолы да сол үрдісті жалғап, алғашқы да бармаған ауылдарды аралап шықты. Бидайкөлдегі мектепке барған облыс әкімі оқушылармен кездесіп, «сабақтарыңды үздік оқып, жақсы азамат болыңдар» деген тілегін арнады. Одан соң Ақмая ауылын қарай бет алды. Мұндағы клуб үйінде ауыл халқы күтіп отыр екен. Амандық-саулықтан соң тұрғындар өтініштерін айта жөнелді. Жалпы ауылдың әлеуметтік ахуалы, тұрмыс деңгейі қалыпты. Дәл қазір жұртшылықты толғандырған бір ғана мәселе – ауылға газ кіргізу болып отыр. Оның алғышарты да жасалып қойған. «Ақмая» шаруа қожалығының бастамасымен бас-аяғы 6,5 млн теңгеге жоба сметалық құжаттары дайын тұр. Енді тек жұмысты бастап кету қажет. Осыны жеткізген ауыл ардагерлеріне аймақ басшысы мәселені күн тәртібіне енгізіп, барынша жедел жұмыстарды қарастыратынын айтты. Одан соң ауылдың батагөй қарттары ақ батасын беріп Қ.Досмаилұлын шығарып салды. Келесі аялдама – Ш.Қодаманов ауылы. Көш А.Көпеев атындағы спорт кешеніне келіп тоқтады. Бұл жерде мектеп оқушылары спорттың бірнеше түрінен қызу жаттығуға кірісіп кеткен екен. Аудан орталығына сабылмай, іші қажетті құралдармен толық қамтылған жап-жаңа ғимаратта шынығып жүргендеріне балалар да олардың ата-аналары да дән риза. Жас спортшылармен қаз-қатар тұрып естелік суретке түскен облыс әкімі «жеңіс туын желбірете беріңдер» деген тілегін жеткізді. Бұл жақта да ауыл ардагерлері «ертерек көгілдір отынның игілігін көрсек» деген бір ғана өтініші барын айтты.
Жалпы бүгінде ауданға қарасты елді мекен тұрғындарының көпшілігін көгілдір отын мәселесі мазалайтыны белгілі. Бұған дейін Гигант және Иіркөл ауылдық округтеріне пайдалануға берілген газ құбыры жоспар бойынша Төңкеріс, Нартай, Ақмая, Еңбекші, Жаңатұрмыс ауылдарына жүргізіледі деп күтілуде.
Облыс әкімінің ауданға сапары Еңбекші ауылында жалғасты. Халқының басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысатын еңбекшіліктер келген қонақтарға сары қымызынан дәм татқызды. Мәдениет үйіне жиналған жұртшылық аймақ басшысының өзі келіп, халықпен жүздескеніне алғыстарын айтып, ақжарма тілектерін жеткізді. Өзгелер секілді Еңбекшінің тұрғындары да «күн ұзатпай көгілдір отын кірсе» дейді. Бұдан соң Қ.Ысқақов ақын Нартай ауылында болды. Алдымен Н.Бекежанов атындағы музейге кіріп, мұндағы құнды жәдігерлермен танысқан ол, клуб үйінің фоесінде тұрғындармен жүздесті. Аудан, ауыл әкімдерінің әрбір жұмысына көңілі толатынын айтқан ауыл ақсақалдары аймақ басшысының жұмысына сәттілік тілеп, «Жақын арада ауылға газ кірсе сіздің есіміңізді алтын әріптермен жазар едік» деп әзілдесіп тарқасты.
Келесі нысан – Шиелі индустриалды-аграрлы колледжі. Колледж ұжымының соңғы бірнеше жылдағы жемісті жұмыстарының нәтижесінде облыстағы кез келген белді оқу орындарымен бәсекелесе алатын жағдайға жеткен. Мұны облыс әкімінің өзі колледж жұмысымен танысу барысында айтты. Іргелі оқу орны асыл тұқымды сегіз бас сиыр алып, күніне 80 литрге жуық сүттен түрлі өнімдер дайындап, нарыққа шығаруды қолға алған. Иә, аспазшы мамандығы бойынша білім алушылар, күнделікті сүт тағамдарын дайындап, түрлі тәттілер пісіреді. Бұл бір жағынан студентті еңбекке баулу болса, екінші жағынан тәжірибе, әрі әжептеуір қаржы да түсіріп отыр. Бұлай дейтініміз, тек сүт өнімдерін сатудан колледж айына 300 мың теңгедей қаржы түсіріп отыр. Білім ордасының басшысы Мейрамхан Дүйсенханов асыл тұқымды мал басын екі есеге арттыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Бұдан бөлек колледж маңынан тәжірибе ретінде шағын жылыжай да ашылған. мұнда қыстың қаһарлы күніне қарамастан қызанақ пен қияр жемісін беріп тұр. Мұны да өндірістік тәжірибе кезінде күтіп-баптайтын студенттер. Сондай-ақ, колледж киім-кешектің сан түрі мен төсек жаблықтарын да нарыққа шығаруды нықтап қолға алған. Білім ордасындағы берекелі іске тәнті болған аймақ басшысы колледж ұжымының еңбегін аймақтағы өзге білім мекемелеріне үлгі ету мақсатында облыстық семинарөткізуді ұсынды. Сондай-ақ, ынталандыру мақсатында алдағы уақытта бюджеттен бөлінетін қаржыны арттыратынын айтты.
Аймақ басшысы ауданға кезекті сапарын Ә.Тәжібаев, Алғабас ауылдарын аралаумен аяқтады. Бұл қос ауылда да жағдай тұрақты. Тұрғындардың да «Ертерек газ кірсе екен» деген уәжі бір.

Гүлхан ЯХИЯ
29 қаңтар 2020 ж. 482 0