Тоқаев жаңадан сайланған Ресей премьер-министрін қабылдады
BAQ.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Ресейдің жаңадан сайланған премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Мишустинді Ресей Үкіметінің төрағалығына тағайындалуымен құттықтап, Ресей Федерациясымен арадағы екіжақты стратегиялық және одақтастық қатынастарды одан әрі тереңдете берудің маңыздылығын атап өтті.
Сіз Үкімет төрағасы ретіндегі алғашқы шетелдік сапарыңызды Қазақстанға жасап отырсыз. Бұның символикалық мәні бар әрі біздің Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы стратегиялық ынтымақтастықты және өзара іс-қимылдарды дамыту тұрғысынан да маңызы зор, – деді президент.
Кездесуде 31 қаңтар күні Алматы қаласында Еуразиялық экономикалық одақты одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланған Еуразиялық Үкіметаралық Кеңес отырысының қорытындылары сөз болды.
Еуразиялық Үкіметаралық Кеңестің отырысына қатысқаныңызды білемін. Онда бүгінгі күннің өте өзекті мәселесі – цифрландыру талқыланды. Қазақстан бұл іспен белсенді айналысуда. Дәл осы сала бойынша сіздердің тәжірибелеріңіз мол. Сондықтан ынтымақтастыққа ниеттіміз, – деді мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті қабылданған келісімдер Еуразиялық экономикалық одақтың өркендеуіне тың серпін беретініне сенім білдірді.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев тауар айналымының, қызмет көрсетудің, капитал және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін кедергілерді біртіндеп жою шараларын қабылдау қажеттігін атап өтті.
Ресей премьер-министрі Мемлекет басшысына Нұр-Сұлтан қаласына сапарлап келуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс білдірді.
Ресей мен Қазақстанды бауырластық, серіктестік және одақтастық қарым-қатынастар байланыстырады. Сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылдар қарқынды дамып, аймақаралық байланыстар мен іскерлік топтардың қарым-қатынастары нығайып келеді. Еуразиялық экономикалық интеграциялар процесінде, ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ және басқа да көпжақты байланыстарда біздің елдеріміз жетекші рөл атқарады, – деді Михаил Мишустин.
Ресей Үкіметінің төрағасы Қазақстан президентіне Владимир Путиннің сәлемін жеткізіп, 2020 жылдың 9 мамыр күні Мәскеу қаласында өтетін Жеңіс күніне арналған шараға қатысуға шақырды.
Жеңістің 75-жылдығына шақыруды үлкен ықыласпен қабылдап, дәл сол күні Қызыл Алаңда өтетін Жеңіс парадын тамашалауға барамын. Бұл біздің ортақ мерекеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы ықпалдастықтың басым бағыттарын, атап айтқанда, Жайық трансшекаралық өзенінің су ресурстарын тиімді пайдалану және экология мәселелерін талқылады.
Қазақстан президенті екіжақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында екі ел Үкіметтерінің тығыз жұмыс істеуі қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы биыл күзде Көкшетауда өтетін, экология мәселелеріне арналған XVII Аймақаралық ынтымақтастық форумына Ресей президенті Владимир Путиннің қатысатынына сенім білдірді.