Мемлекет басшысы «Тоталь» компаниясының президентімен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы «Тоталь барлау және өндіру» компаниясының президенті Арно Брейякпен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық компаниямен жемісті ынтымақтастығын атап өтті.«Қашаған бойынша және басқа да энергетикалық жобалар бойынша табысты ынтымақтастық орнаттық. Жалпы, бәрі жақсы жүріп жатыр деп ойлаймын», - деді Қазақстан президенті.
Арно Брейяк Мемлекет басшысына кездескені үшін алғыс айтып, «Тоталь» мен Қазақстан арасындағы, соның ішінде Қашаған кен орнын игеру консорциумы аясындағы жемісті ынтымақтастықтың жалғаса беретініне сенім білдірді.
«Мен аталған жоба бойынша көп жылдан бері жұмыс істеп келемін. Біз қазір Қашағандағы өндіру деңгейінің жоғары екеніне өте қуаныштымыз. Дегенмен, өндіруді арттыру үшін әлеуетіміз жеткілікті. Жобаның қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуіне өз үлесімізді қосуға дайынбыз», - деді компания басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Марубени» сауда компаниясының вице-төрағасы Шигеру Ямазоэні қабылдады.
Мемлекет басшысы жапондық сауда компаниясының табысты қызмет атқарып жатқанын атап өтіп, Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысына қатысатынына ризашылығын білдірді.
«Біздің Жапониямен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі ынтымақтастығымызға биыл 25 жыл толды. Біз осы аралықта қарым-қатынастарды жан-жақты кеңейтіп әрі нығайта алдық. Соның ішінде, екіжақты тиімді сауда-экономикалық байланысымыз артты. «Марубени» компаниясы Қазақстан нарығында 1993 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шигеру Ямазоэ Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынастардың негізін салған ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін ерекше атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жалғастыратынына сенім білдірді.
«Біз 30 жылға жуық Қазақстан нарығында жұмыс істеп келеміз. Осы аралықта біз инфрақұрылым, энергетика, көлік салаларына араласып, Нұр-Сұлтан қаласының әуежай құрылысына да қатыстық. Сонымен қатар, біз 2007 жылдан бері екі ел достығының символы іспеттес – «Хорасан» жобасына да қатысып келеміз», - деді Шигеру Ямазоэ.
Келесі кезекте Қазақстан президенті «Anadolu Group» компаниясының президенті Тунджай Озильханды қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Anadolu Group» компаниясының тобы әлемде, соның ішінде Қазақстанда танымал екенін және түрлі салада табысты дамып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы компанияның ел экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалады.
Тунджай Озильхан Қазақстан президентіне кездесуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтып, компанияның бизнестің жаңа салаларын игеруге мүдделі екенін айтты.
Қазақстан президенті мен компания басшысы адам капиталын, «қарапайым заттар» экономикасын дамыту, отандық тауарлардың экспорттық әлеуетін арттыру және Қазақстанның инвестициялық климатын одан әрі жақсарту мәселелері бойынша пікір алмасты.