Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Электр желілері жаңармақ

Электр желілері жаңармақ

Жел соғып, жаңбыр жауса май шамды әзірлеу шиеліліктер үшін әдетке айналғандай. Трансформаторлардың тозығы жетіп, тұрғындардың әлекке түскеніне де бірнеше жыл өтті. Жарық мәселесі бір жылда шешімін таба салатын жеңіл нәрсе еместігі де белгілі. Бұйыртса биылғы жылы кент ішіндегі трансформаторлардың біршамасы жаңармақ. 

Қазіргі таңда энергетика саласында түйіткіл көп. Айталық елімізде электр желілерінің 70 пайызының тозығы жеткен. Шиелі ауданына қарасты 22 ауылдық округ бар десек, оның барлығы дерлік жоғарыда атап өткен мәселені көтеріп отыр. «Ескірген трансформатордың сымдары да жамау-жамау. Абайсызда балаларға зиян келеді ме деп қорқамыз» деген аудан тұрғындарының көңілі алаң. Осы мәселе төңірегінде аудандық электрлендіру жүйесі мекемесіне хабарласқан болатынбыз. Өндіріс-техникалық бөлім инженері Абзал Қасымбеков: «Биылғы жылы кент ішіндегі 18 электр бағаналары жаңаратын болады. Мәселен, А.Яссауй, Әйтеке би, Т.Рұсқұлов, Т.Жүргенов көшелері бойындағы, А.Байтұрсынов қиылысында орналасқан және базар маңындағы трансформаторлар жаңартылады», – деді.
Электр желілері жаңарса, гу еткен желден қорқып, жарықсыз қаламыз-ау деген күдік сейілмек. Одан бұрын қауіпсіздік мәселесі де ретке келері сөзсіз. «Кент ішіндегі Әл-Фараби көшесімен Досбол датқа қиылысында орналасқан трансформатордан от шығады. Есік алдында балалардың алаңсыз ойнауына мүмкіндік жоқ. Бұл мәселені айтып шағымданбаған жеріміз қалмады. Осы электр бағанасын ауыстырса екен» дейді Досбол би көшесінің тұрғыны ­Меруерт Рүстемқызы. Кент ішіндегі электр бағаналары жаңарып, жарық мәселесі шешімін тапса, одан кейінгі кезекте ауылдық округтер тұр. Телікөлдік Ә.Жақанов «2013-2014 жылдан бері трансформаторды жаңарту турасында тиісті мекемелерге ұсыныс айтып келемін. Апатты жағдайда тұрған электр бағанасынан әлдебіреу опат бола ма деп алаңдаймыз», – деп ағынан жарылды.
Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы ауылдық округтерді аралап есеп беру жиынында жарық мәселесін қатаң бақылауға алатынын айтқан болатын. Барлығының щешімі қаржыға келіп тірелетіндіктен кезең-кезеңімен трансформаторларды жаңартуға уәде етті. Жақсы жаңалықтың шеті шыққан соң жаңа бағаналар қайда орналасатынын сіздерге де ұсынғанды жөн санадық. Аудан басшысы халықты сабырлыққа шақырып, шыдамдылық танытуды сұраған еді, күтейік...

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ

28 қаңтар 2020 ж. 734 0