Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Репетитор қызметі: қажеттілік пе, осалдық па?

Репетитор қызметі: қажеттілік пе, осалдық па?

Бірде қоғамдық көлікте шашын қырау шалған екі әжейдің әңгімесін еріксіз құлағым шалып қалды:
– Әлгі кенже ұлымның баласын былтырдан бері мұғалім жалдап оқытып жатырмын, – деді алтын тісті әжей. «Жалдап» деген сөзді нығыздап, көпшілікке естірте айтты. Жасы егде тартқан, зор денелі екінші әжей:
– Астапыралла, қазір мұғалімдер де жалданатын болған ба?, – деп басын шайқады.

Иә, жалдамалы қызметтің бұл түрі бүгін үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, аталған қызметті бастауыш сынып оқушылары мен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жүргендер пайдаланады. Репетитор қызметіне жүгіну себебін мұғалімдер «сыныпта оқушылардың көптігінен» десе, ата-аналар «уақыттың жоқтығынан» дейді. Сөйтіп жыл сайын жаңа оқу жылы басталысымен әрбір екінші оқушы мектептен тыс уақытында қосымша сабаққа барады екен. Немесе репетитор үйіне келіп сабақ береді. Ал оған ата-ана еңбегін төлейді.
Ата-анамен ұстаздың өзара келісімге келуіне байланысты сабақ аяқталған соң үй тапсырмасын орындауды үйрететін мұғалімдер де бар. Әрине, тегін емес. Әсіресе, жаңартылған оқу жүйесі бойынша білім алу бірінші сынып оқушыларына оңайға соқпағаны рас.
Репетиторлық қызметті уақыт талабына орай, оқу бағдарламаларының өзгеруіне байланысты бүгін ғана пайда болған деуге болмайды. Оның тарихы ертеден басталған. Дегенмен соңғы кезде бұл қызмет жаңаша түрленіп, сұраныс пен оған төленетін ақы да жыл сайын артып отыр. Бұл қызметке сұраныстың артуы мектептегі білім беру жүйесінің әлсіздігін көрсетпей ме? Әлде баламен қарым-қатынасқа селқос қарайтын ата-ананың жұмысбастылығы ма?
Биылдан бастап елде мұғалімнің мәртебесін көтеру туралы арнайы заң қабылданды. Соған орай осы сала мамандарына айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылып, қажетінше жалақысы да едәуір өсті. Біліктілігі мен қосымша атқарған шаруалары үшін де әжептәуір қаржы төленетін болды. Жүктемесін азайту туралы тапсырмалар берілуде. Бұл әрине, халықтың, әсіресе, ұстаздар қауымының көптен күткен қуанышты жаңалығы. Бірақ Мемлекет басшысы осы заңды қабылдай отырып мұғалімдер қауымына үлкен сенім артқанын да естен шығармау қажет.
Шиеліде репетиторлық қызмет ұсынатын орталықтарды көп деп айта алмаймыз. Есесіне мектептегі екі мұғалімнің бірі қосымша осы қызметпен айналысады. Олардың оқыту сағаты мен пәннің түріне, мұғалімнің тәжірибесіне байланысты бағалары да әртүрлі болып келеді.
Иә, барын «балама» деп жинайтын халқымыз, ұрпағынан еш нәрсесін аямайды. Баланың білімі үшін берген қаржы болашаққа салған инвестиция тәрізді. Бірақ, мұны барлық ата-ананың қалтасы көтере ме екен? Әрине, аз қаражат жұмсамайтыны анық. Сондықтан қосымша сабаққа кез келген адам баласын бере алмайды. Ал мектептердегі тегін қосымша сабақтар ше? Әсіресе, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық үшін неге оқушылар жапай репетиторларға жүгінуі қажет? Дәл сол білімді мектеп мұғалімінен де алуға құқылы емес пе? Әлде қосымша ақылы сабақ та кәсіп көзіне айналған ба?
Бұрындары репетитор деген дүниенің әлі ауқымы арта қоймаған тұста, мұғалімдер сабақтан қалып қойған немесе үлгерімі нашар оқушыларды сабақтан соң алып қалып кейде бос уақытында мектепке немесе үйіне шақырып алып оқытатын. Олар мұны еш ақы талап етпей-ақ, ұстаздық борышым деп ұғатын. Себебі ұстаз алдына келген оқушының өзіне берілген аманат екенін біледі, жауапкершілікті сезінеді.Қазір де бар білген-түйгенін шәкіртінің бойына дарытуға тырысатын, оның болашағы үшін шынымен қам жеп, білімді болғанын қалайтын, ізденімпаз, жаңашыл, шығармашыл, талапшыл, ешнәрсе талап етпей-ақ, кез келген уақытта алдына келген шәкіртіне білгенін үйретуден жалықпайтын ұстаздар жетерлік.
Дегенмен айлығын алып отырған негізгі жұмысына селқос қарап, қырық минут уақытының «аман-есен» өткеніне қуанатын, есесіне репетиторлық қызметке бел шеше кіріскен мұғалімдерді кездестіретініміз өкінішті. Иә, ол ақылы қызметпен айналыспауы да мүмкін, бірақ, мұғалімнің жауапкершілік жүгін сезінбей, дұрыс жөн сілтеп, білім бере алмауынан да ата-ана ақы төлеп репетиторға оқытуға мәжбүр болып жатқан жоқ па? Бұл бүгінгі білім саласындағы «күйіп» тұрған мәселенің бірі.
Мәселені біржақты қарап, ақыл айтудан аулақпыз. Бірақ әр мұғалім талай ұлыларды тәрбиелейтін «Ұстаз» деген ұлы ұғымға дақ түсірмей, өз биігінде алып жүрсе екен деген ой ғана біздікі. Сіз не дейсіз, құрметті оқырман?

Гүлхан ЯХИЯ

21 қаңтар 2020 ж. 1 062 0