Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала сабақтан неге қашады?

Бала сабақтан неге қашады?


Соңғы кезде «Екінші сынып оқитын баламның математикадан берген тапсырмасын түсіну қиын», «Қызымның қазақ тіліндегі мына жаттығуын орындау мүмкін болмай тұр. Көмектесіп жіберші» дегенді жиі еститін болдық. Неліктен? Шынында да мектеп бағдарламасы ауыр ма, әлде сабақтан гөрі өзге нәрселерге қызығушылық басым болып бара ма? Мектептен қалмай, сабағына белсене қатысып жүрген бала әрең меңгеріп жатқанда, сылтауы көп, сабаққа салғырт қарайтындар жаңа бағдарламаны қалай игермек?

Сабағынан қалмай, жаңашылдыққа жедел ілесіп, қосымша курстарын қатар алып жүретін озат оқушыларға қарап еріксіз сүйсінесің. Түрлі байқаулардың жеңімпазы атанып, ауданның мәртебесін үстем етіп жүрген мектеп балаларын өзге қатарластарына үлгі болсын деп, газет бетіне шығарудан да жалыққан емеспіз. Дегенмен, екі әріптің басын қоспақ түгілі, сыныптастарының атын түгел білмейтін, мектепті «сырттай» оқитын оқушылар әр білім ордасында кездесіп жатады. Байқасақ, екеуі бір сыныпта, бір кітапты оқиды. Екеуіне де сабақ беретін бір мұғалім. Солай бола тұра, мемлекеттің өзі әрбір балаға міндеттеп берген мектептен қашатындар қайдан пайда болады? Оларды кім қадағалайды? Бірге зерделеп көрейік.

Заң не дейді?
Жалпы, оқушы сабақтан басқа дүниеге бас ауыртпауы керек. ҚР білім туралы заңында ата-ана мен өзге де заңды өкілдердің құқықтары мен міндеттері, нақтырақ айтқанда, балаларының оқу орындарына келуі тиіс екендігі тайға таңба басқандай айтылған. Ал, ҚР Әкiмшiлiк құқықбұзушылықтар туралы кодекстiң 127-бабында «Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу мен оқыту жөнiндегi мiндеттердi орындамауы — жетi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» деп көрсетiлген. Яғни, баласы сабаққа себепсіз бармаған ата-ана 7 айлық есептік көрсеткіш, 17 мың теңгеден асып жығылатын айыппұл төлеуге міндетті. Бұл заңда көрсетілгенімен, көпшілік хабарсыз.

Динара Дәрменова, ата-ана:
– Менің 3 балам да бастауыш сыныпта оқиды. Қазір мектептің бағдарламасы оңай емес. Балаларым сабақтан бір күн қалса бәрінен мақұрым қалғандай, біразға дейін тақырыпқа ілесуі қиын болады. Сондықтан, мүмкін болса қалдырмауға тырысамын. Ал, сабақтан қалғаны үшін айыппұл төлейді деген заңды естімеппін. Бір жағынан бұл дұрыс та сияқты. Баламды сабақтан қалдырып, 17 мың теңге төлегенше, ол ақшаны қажетіне жұмсағаным жақсы.

Мадина Кенбаева, мұғалім:
– Айыппұл туралы заңда болғанымен, қолдана бермейміз. Шағын ғана аудан болған соң ата-аналар да таныс, жекжат боп жатады. Сосын ұят болады, келесіде қайталанбас деп жылы жауып қоя саламыз. Негізінде тәртібі нашар, себепсіз сабақтан көп қалатын оқушылардың ата-анасына айыппұл салуды қос қолдап қолдаймын. Себебі, ондай бала жалғыз өзі ғана тәртіп бұзып қоймай, айналасындағы өзге оқушыларға да әсерін тигізеді. Небір жауапсыз ата-аналарды көріп қарның ашады. Баласының болашағын ойлаудың орнына, той-томалақ, жиын секілді болмашы нәрселерді сылтауратып, сабаққа жібермей қоятындар бар. Сосын онсыз да әрең ілесіп жүрген баланың үлгерімі одан сайын нашарлайды. Осындайда заңға жүгінсек деймін. Қомақты ақшаны кім бере салғысы келеді? Жауапсыз ата-аналар ең болмағанда айыппұл төлеуден қорыққанынан баласын сабақтан қалдырмайтын болады.

Мәнсия, кент тұрғыны:
– Қазір компьютер деген ауру шықты. рас, оның пайдалы жақтарының бар екеніне, интернеттің қажеттігіне сөз жоқ. Бірақ, оның өсіп келе жатқан жеткіншек үшін өте қауіпті жері бар. Менің ұлым да оқушы кезінде шашымды ағартты. Компьютерлік ойындардың түбін түсірді, күн демей, түн демей жабысып отыратын. Онымен қоймай, сабаққа барамын деп кеткен баламды компьютер орталығынан тауып алып жүрдім. Кейін бәрін қойды, дер кезінде тоқтаттық, әр нәрсенің уақыты болады. Дегенмен, өзін-өзі жеңе алмайтын, ойынқұмарлыққа салынып кететін балалар да көп. Бала деген ата-анасы «тәк-тәк» деп тоқтатып отырмаса, артық кетіп қалады. Сондықтан, ата-ана баланы қатты қадағалауы керек. заман сондай, баланың артық қадамы ата-ананы моральдық әрі материалдық шығындарға ұшыратады. Тіпті, қылмыстық қадамдарға апаруы мүмкін. Картаға салынып кеткендер секілді компьютер ойынына тәуелді болып қалады да, өздігінен шырмаудан шыға алмайды. Дүниенің қызығы сол сияқты болып көрінеді. Оған психологтың көмегі керек. Ондай балалар ешкімнің сөзін тыңдауға құлықсыз, бар ойы сонда болғандықтан, айқайлап, дөрекі сөйлейді, өз ісіне есеп бермейді. Қазақтың баласының болашағына үлкендер, өзіміз қайғырмасақ, басқа жұрттың несі кетеді?

Көп қалатын кімдер?
Зерттеулерге сүйенсек, көбіне ата-анасы маскүнем, жиі ұрыс-жанжал шығатын отбасының және әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары сабаққа құлықсыз, көп қалатындар қатарында екен. Әсіресе, 5 пен 8 сынып аралығында оқитын, өтпелі кезеңді басынан өткеріп жүргендер тұр бұл тізімде. Олар әр нәрсеге еліктегіш, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмайтын жастағы балалар. Үйде «сабақтан қалма, білімді болсаң, жерде қалмайсың. Мұғалімді тыңда. Біз саған сенеміз» деп, талап қойып, қадағалап отыратын ата-анадан қайыр болмаса, баладан не үміт?

«Тәк-тәк керек, тәк-тәк!»
Ал, үйінен мектепке барамын деп шығып, сабаққа қатыспай сенделетіндердің дені компьютер клубтарын жағалап жүр. Тіпті, мектепке бармағанымен қоймай анасының қалтасындағы ақшасын ұрлап, ойын ойнайтындар да бар. Былай қарасаң, тәп-тәуір отбасынан шыққан, әке-шешесі лауазым­ды қызметте жұмыс жасайтын жеткіншектің өзі ойын орталығын «жылы ұясына» айналдырған. Олардың саны күн сайын артпаса, кеміп жатқан жоқ.
Компьютерлік қызметке жүгінбек боп ғимаратқа кіре қал­саң, құлақтарына құлаққабын қыс­­тырып алып, қаз-қатар тізілген экранның арғы бетіндегі әлеммен әлек болып отырған кіп-кішкентай балаларды міндетті түрде кездестіресің.

Шетел тәжірибесі
Әлемнің дамыған елдерінде оқушыны сабақтан қалдырмайтын тәжірибе қалыптасқан. Мәселен, Қытай оқушылары GPS бар киім үлгісін киеді екен. Ол балалардың тұрған жерін нақтылап қана қоймай, олардың түр-тұлғасын да анықтай алады. Егер оқушы сабақтан қашып қыдырып жүрсе немесе рұқсатсыз мектептен кетсе дыбысты дабыл іске қосылады.
Ал, оқушы сыныпта ұйықтап қалса, бұл жүйе ата-ана мен мұғалімге белгі береді. Ата-аналар мобильді қосымша арқылы оқушылардың мектеп ғимаратына қашан кіргендігінің бәрін көріп отыра алады. Оқушының түр-тұлғасын анықтайтын жүйесі, балалар киімдерін ауыстырып, үлкендерді алдамас үшін жасалған.
Ирландия мен Ұлыбританияда және АҚШ-та полицейлер сабақ уақытында көшеде жүрген жеткіншектерді тоқтатып, мектепке бармағандығының себебін анықтайды. Егер оқушы сабақтан себепсіз қалған болса, оның ата-анасына әкімшілік жаза қолданылады.

Қорытынды
Оқырмандардың пікірі мә­се­­­ленің қандай күрделі екенін көрсетіп отыр. Демек, онымен күресу керек! Кім күреседі? Жұмыстан бір сәтке де шыға алмайтын ата-ана ма немесе күндіз-түні қағазға шұқшиятын мұғалім бе? Олар, әрине, аз шырылдап жүрген жоқ. Бір ғана құқық қорғау органдарына сеніп отырғаннан да ештеңе шықпасы анық. Ендеше, қоғам болып күресу керек. Әуелі ел ертеңінен гөрі құлқының қамын алға шығарған кәсіпкерлерді тізгіндеуден бастаған дұрыс шығар әңгімені. Кәмелетке толмаған балаларға темекіні сатуға тыйым салғаны секілді, мектеп оқушыларын құрығанда сабақ уақытында ойын орталықтарына кіргізбеуді талап ету қажет. Одан соң, қабылданған заңды жүзеге асыруға тиіспіз. Ең болмағанда айыппұл төлемеуі үшін баласын сабақтан қалдырмайтын болар.

Гүлхан Яхияева.


12 қаңтар 2019 ж. 3 130 0