Ұлт тұлғасына құрмет
Сонау тоқсаныншы жылдардың басында егемендік алған Қазақстан демократия жолын таңдап, тұңғыш рет президент сайлауын өткізді. Жалпыхалықтық сайлауда ең көп дауыс жинаған, дәлірек айтсақ, сайлаушылардың 98 пайызынан артығы қолдаған Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып тағайындалды. Сол уақыттан бастап ширек ғасырдан артық Н.Әбішұлы Қазақ елінің көшін бастап, елдің еңсесін тіктеу үшін аянбай еңбек еткен болатын. Бұрнағы күні ел тізгінін ұстаған тұңғыш Президенттің құрметіне орай аудандық мәдениет үйінде мерекелік іс-шара өтті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі тойлануының өзіндік ұлтқа берері мол. 1 желтоқсан Қазақстанның шежіресінде үлкен мәнге ие. Сондықтан аталған датаның Тұңғыш Президент күні ретінде тойлануы заңды құбылыс. Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен егемендіктің алғашқы қиын-қыстау жылдарында елдігімізді сақтап, қиыншылықты жеңе білдік, саяси жүйеде, экономикада, әлеуметтік салада заманауи күрделі реформалар жүргіздік. Олардың нәтижесінде демократиялық бағыттағы зайырлы Қазақстан мемлекеті дүниеге келді. Нарықтық экономика жүйесіне көштік. Заман талабына сай әлеуметтік саланың даму бағыттары жасалды. Бүгінгі таңда Қазақстан барлық шешуші қырларымен әлем елдерінің бел ортасында. Дәлірек айтсақ, экономикадағы, білім, денсаулық саласындағы көрсеткіштерімен алдыңғы қатарлы елдерге бірте-бірте жақындап келе жатыр. Ғасырлар жүретін жолдың, алатын асулардың ширек ғасыр ішінде-ақ ауыз толтырып айтарлықтай біразын еңсеріп тастадық десекте болады. Бұрын Қазақ тарихында болмаған жаһандану жолына бет алып, әлем елдерімен өмірдің барлық салаларында ұлы күрес басталды. Елінің аманатын арқалаған Тұңғыш Президент күні тойлана бастағаннан бері бірер жылдың ішінде халықтық мерекеге айналып үлгерді. Мерекелік кеште аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов шиеліліктерді мәртебелі мерекемен құттықтады.
– Бұл – ғасырлар тоғысында ата-бабалар аңсаған Азаттық алауын жаққан Елбасының таққа отырған, Алаш баласының басына бақ орнаған күн болып тарихта қалатыны шындық. Сондықтан халқымыз үшін бүгінгі мерекенің сыры мен сипаты, маңызы мен мазмұны ерекше. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, болашаққа бағыт-бағдар берген, бүгінгідей біздің беделді әрі қуатты мемлекетке айналуымызда Елбасының еңбегі ұшан-теңіз» – деп, Елбасының Қазақстан тарихында алатын ерекше орны мен оның сарабдал саясаты арқылы мемлекетіміздің қол жеткізген жетістіктерін тілге тиек етті.
Мерекелік кеш одан әрі марапаттау рәсіміне ұласып, әр салада қызмет істеп жүрген білікті мамандарға сый-сияпат көрсетілді. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің алғыс хатымен Қ.Исмағұлов, аудан әкімінің алғыс хатымен М.Күзембаев, М.Пириниязов, Қ.Тұрар, З.Нұржанова, Г.Ахметова, Н.Молдабаева, М.Қаржанова, Н.Жәрдемхан, А.Арғынбаев, Қ.Базарбек, Д.Оразова, Е.Әмір, М.Кенебекова, Н.Шортаева, М.Күзембаева, Е.Қалдыбек, С.Сапарымбетов және әріптесіміз С.Абдрахман марапатталды. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Ұ.Ешмаханованың кеудесіне «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісін тақты. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент және Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ұйымдастырылған шара аудан өнерпаздарының ән шашуымен аяқталды.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ