Мәңгілік елдің мәртебелі мерекесі
1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. атаулы күн 2011 жылдың 10 желтоқсанында Парламент Сенатының толық отырысында қол қойылып, бүкіл елден қолдау таба білген мереке. Осынау күн Қазақстанның шежіресінде үлкен мәнге ие, сондықтан, аталмыш датаның Тұңғыш Президент күні ретінде тойлануы заңды құбылыс. Шындығында, Қазақстан Тәуелсіздік алған тұста ұлт тарихындағы жаңа дәуір дәл осы 1 желтоқсан күнінен басталған еді. Өйткені, ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда орындалып, Тәуелсіз мемлекетімізді басқару Елбасы Н.Назарбаевқа бұйырған болатын.
Сонымен, аталған мерекені сән-салтанатымен өткізуден Сырдың маржаны саналатын киелі Шиелі ауданы да сырт қалмады. Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Елін сүйген, елі сүйген – Елбасы» тақырыбындағы салтанатты кешке аудан әкімі Ә.Оразбекұлы, аудан активтері қатысты. Халық та көп жиналды. Баршаның көңіл-күйі көтеріңкі. Сахна да тақырыпқа сай безендіріліп, мерекенің мәнін ұқтырғандай. Ә дегенше, болған жоқ белгіленген уақытта шара шымылдығын түрді. Алдымен мемлекеттік гимн ойналып, бойымызды патриоттық сезім билеп алғандай. Тек ортаға кеш жүргізушілері шыққан кезде ғана орындарына жайғасқан көпшіліктің назары сахнада.
Салтанатты кештің құттықтау сөзін алған аудан әкімі Ә.Оразбекұлы: – Бұл – ғасырлар тоғысында ата-бабалар аңсаған азаттық алауын жаққан Елбасының таққа отырған, Алаш баласының басына бақ орнаған күн болып тарихта қалатыны шындық. Сондықтан да, бүгінгі мейрамның сыры мен сипаты, халқымыз үшін маңызы мен мазмұны ерекше. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, болашаққа бағыт-бағдар берген, бүгінгідей біздің беделді әрі қуатты мемлекетке айналуымызда – Елбасының еңбегі ұшан-теңіз» – деп Елбасының Қазақстан тарихында алатын ерекше орны мен оның сарабдал саясаты арқылы мемлекетіміздің қол жеткізген жетістіктерін баса айтты. Мұнан әрі мерекелік шара ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан сала қызметкерлері мен аудан ардагерлерін марапаттаумен жалғасып, сондай-ақ, жаңадан тағайындалған мемлекеттік қызметкерлердің салтанатты түрде ант қабылдау сәтіне ұласты. Атаулы кештің мазмұнын айшықтаған жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, күй құйқылжи күмбірледі. Ж.Төлебайдың «Мен қазақпын», Н.Тілендиевтің «Жекпе жек», «Өз елім», Сүгірдің «Қаратау шертпесі», Р.Таймановтың «Сыр-Ана», Ұ.Жамалбектің «Туған жер», Б.Байқадамовтың «Туған ел», Ө.Исмаилдың «Ұлы дала ұланымын» шығармалары нақышына келтіре орындалып, көрермендер шаттыққа бөленді.
Қазақ елі тәуелсіздік жылдарында қаншалықты толымды табыстарға қол жеткізсе, оған Шиелі ауданы да өз үлесін қосып келеді. Өндірісі өрлеген өлке Мемлекет басшысының барлық бастамалары мен жүргізіп отырған саясатын зор ықыласпен қабылдап, қолдау көрсетуде.
Осылайша, ынтымақ пен бірліктің, береке мен байлықтың, парасаттылық пен қажырлықтың, адалдық пен әділдіктің көк туын биік ұстап, ерлік пен елдікті тұғыр еткен қазақ елінің тарихындағы Мәңгілік Елдің мәртебелі көшбасшысы, ұлттың ұлы перзенті құрметіне арналған мереке өз мәресіне жетті.
Дина ЖҮСІПОВА.