Елбасы жолы – ертеңге өнеге
1 желтоқсан тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Арман мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Елбасы жолы – ертеңге өнеге» атты мерекелік кеш өтті.
Қазақ елінің тізгінін қолына алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әуелгі сәттен бастап-ақ бабалар аманатына сай алысты көздеген, болашақты баянды ететін байыпты жолды таңдады. Елін де осы ұстанымға ұйытты. Ұлы мақсат жолына жұмылдырып, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті атанды. Белгілі жазушы, алмас тілді Шерхан Мұртазаның: «Басшы біреу болсын, басқамыз соған тіреу болайық» деген сөзін ескерсек, Елбасына деген сенім арта түспек. Қазақ елінің алғашқы Президентіне арналған мерекелік шара аудан өнерпаздары Меруерт Дүйсебай, Өміржан Мінуаров, Елдос Сейіловтың концерттік бағдарламасымен ұласты.
Сонымен қатар Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Айналайын» бөбекжайының бүлдіршіндері де өнер көрсетті. Өскелең ұрпақты елін, жерін, Отанын, Елбасын танып-біліп, құрметтеуін мақсат тұтқан кешке балабақшаның өнерлі бүлдіршіндері қатысты. Бал тілімен болашаққа бағдар қойып, өскенде Елбасындай азамат боламын деген балақайлардың өлең шумақтары көрермен көңілін толқытты.
Г.ДҮЙСЕБАЙ