Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көнеден жеткен бекзат өнер

Көнеден жеткен бекзат өнер

«Жастар күні» облыстық байқауында қонақтар көнеден жеткен бекзат өнер, суырыпсалмалық шығармашылықтың биік шыңы айтыстың куәгері болды. Топ бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендердің ізін жалғаушы жас ақындар «Неге маған жырламасқа Сырда туған елімді?» тақырыбымен екі кезең бойынша бақ сынады. Сахна төріне әуелі Ержан Әміров пен Шыңғыс Құдайбергенов шығып, айтыстың шымылдығын ашты. Қос ақын Сыр елі және Шиелі шежіресі туралы тереңінен жырлады. Сөз бен ой, өнер мен өре сынға түскен сөз додасында алғашқы жұп аға мен іні арасындағы астарлы әзілдің көрінісін көрсетті. Екінші болып ортаға шыққан шиелілік Бекжан Ержігіт пен Арал ауданының тумасы Бексұлтан Орынбасар да сөз сайысы арқылы көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, қоғамда болып жатқан дүниені кестелі сөзбен жеткізді. Келесі кезең Құлмамбет айтысы үлгісінде өтті. Онда төрт ақын да сахнаға шығып, бір-біріне алма кезек сауал жолдады. Табан асты тапқырлық пен ұтқырлық танытқандары дер кезінде тұщымды жауап берді. Айтыс қазыларсыз өтті, алайда қатысушыларға ақшалай сыйлықтар табысталды. Өлеңге сусаған ел айтыскер ақындарға қошемет білдіріп, бір орыннан тапжылмай тыңдады.
"Өскен өңір" ақпарат 
16 қараша 2019 ж. 595 0