Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас жүректен төгілген жырлар

Жас жүректен төгілген жырлар


Ел тәуелсіздігінің қарсаңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әлеуметтік жобасы аясында «Шиелі-Бірлік» жас­тар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Мақтанышым айбарым, желбіре көк байрағым» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті. Онда бейбіт күннің бейнесін жыр шумақтарына сыйғызған 17 талапкер бақ сынады.
Көркем сөзбен кестелеп, сөз орамын үйлесімді ұйқастыра білу ақынға қойылатын талап. Қара сөзден өлеңді оңай көретін өнер иелерінің сезім иірімдері, Отанға деген сүйіспеншілігі, туған жерінің жетістігі мен кем-кетігі жұп-жұмыр өлең жолдарында айқын бейнеленді. Жас ақындардың аяқ алысына баға берген ауданның адуынды ақыны Кенжебай Жүсіп, айтыскер ақын Ержан Әміров, Бекжан Ержігіт және аудандық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Біржан Өтебаев жыр додасының әділқазылары болды. Топ ішінен оза шауып, өршіл өлеңімен көптің көңілін баураған Д.Ержігітованы І орынға лайық деп таныса, жүлделі ІІ орынды Е.Әмірхан иеленді. Ал, ІІІ орын Ә.Көрегеноваға бұйырды. Шара соңында жас ақындарға арнайы алғыс хат пен сый-сияпат ұсынды.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
15 желтоқсан 2018 ж. 1 577 0