Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көк түріктің көсемі

Көк түріктің көсемі

Сұлутөбе ауылында ұлт жанашыры, алаш арысы, түркі халықтардың көсемі Мұстафа Шоқайға арналған «Көк түріктің көсемі – Мұстафа Шоқай» атты аудандық жас ақындар мүшәйрасы өтті.
Елбасы «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес» деген сөзін бекер айтпаған. Көсемнің ұрпақтарымен ауылдық клуб үйі бірігіп тарихымыздың таудай тұлғасын ұлықтады. Шараға ауданымыздың түпкір-түпкірінен 16 жас ақын қатысып, көрнекті тұлғаны көркем жырларына арқау етті. Ескіні білмеген, есті болмас деген сөзді жастардың санасына сіңіру мақсатында ұйымдастырылды. Ақындар орамды ойларымен, өрнекті өлеңдерімен жиылған елді елітті. Бірі көсемнің келбетін жазса, бірі жасаған еңбегін дәл айтқан. Бала би ауылынан келген ақын Қ.Айқынбай:
«Кең жүрегін бір Алланың мол нұрына аштырып,
Туған елге орнатам деп теңдік пенен жақсылық.
Білім іздеп Ташкент пенен Петерборға бет бұрды,
Иман жүзді, орта бойлы, қарыс маңдай жас жігіт» – деп суреттеген болатын.
Ал, Еңбекші ауылынан қатысқан А.Байжанқызы:
«Кер заманнан өтетін амалдай-ақ,
Кебір күнге леп берген самалдай-ақ.
Небір ерді жаратты хақ Тәңірім,
Қақпасы алты қарыс қамалдай-ақ» – деп Мұстафа Шоқайды қазағымның қамалына теңеп, қатарынан озық шықты.
Қиыннан өлең құраған ақындар мүшәйрасы қорытындылай келе, бас жүлдені Қырмызы Айқынбай Бала би ауылы алса, I орынды еңбекшілік Айдана Байжанқызы еншіледі. Ал II орын Ния­туллаева Гүлжайна Ы.Жақаев ауылынан келген ақынға бұйырса, III орынды Исаева Жанель мен Қалиев Ердәулет өзара бөлісті. Қашаннан ақынға бай ауданбыз. Сайысты қорытындылау қазылар алқасына оңайға түспеді. Жүлдегерлерді арнайы грамоталар, заттай сыйлықтармен марапаттады.
Бекжан Ержігіт.
05 қыркүйек 2018 ж. 1 450 0