Көшелер - кенттің келбеті
Қойнауына 90 жылдан аса тарихты басып жатқан Шиелі ауданы әлеуеті мен экономикасы дамып, қанатын кеңге жайып келеді. Кәсібі дөңгелеп, несібесі артуда. Халқының тұрмысы да түзелген. Әсем ғимараттар бой көтеріп, ел игілігіне беріліп жатыр. Даңқы тасып, абыройы асқақтаған Шиеліге сырттан қонақ көп келеді. Ал олардың көзіне бірінші көше атаулары жазылған тақтайшалар түседі. Барар жеріңе дәл тауып бару үшін де сол белгілерге жүгінетініміз анық.
Алайда, осы бір жерде әттеген-ай дейтін тұсымыз да бар. Жол бойындағы бірі арка, екіншісі суретін қоса салған белгілер мен көк тақтайшадағы көше атауларының біркелкі еместігіне қарап қарныңыз ашады. Бірі үлкен, бірі шағын, бірі тым кішкентай көлемде орнатылған белгілерді бір қалыпқа келтіруді қолға алсақ болар ма еді деген көпшіліктің пікірі басым бүгінде.
Ата-бабасына ескерткіш ретінде есімін көше атауына бергісі келетін адамдарға арнайы бір талап қойылса игі. Себебі, бірінің дәулеті тасып даңғарадай белгі орнатса, келесісінің оған шамасы жете бермейді. «Көрпесіне қарай көсілген» қазақтың арасында бұл да бақталастықты тудырып, түсініспеушілікке апармасына кім кепіл?! Одан қала, ауданның да келбетін кері тартатыны белгілі. Көше атаулары жазылған тақтайшалардың үлгісі, түсі, өлшемі бірдей орналастырылса, аудан көркі ажарлана түседі. Сондай-ақ көлік жүргізушілерінің де, сырттан келген қонақтың да, халықтың да көзінде жаттанды болып қалар еді.
Бұл мәселеге байланысты аудандық қоғамдық кеңес пен тікелей жауапты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Газет бетіне де сан түрлі тақырыппен бірнеше мәрте түсін түстеп жазылып та жатыр. Алайда нәтиже шамалы. Жуырда ғана осыған байланысты Қызылорда қаласында «Ономастика және көрнекі ақпараттар» атты облыстық семинар ұйымдастырылды. Онда бірнеше ауқымды мәселелер қаралып, тиісті мекеме қызметкерлеріне нақты тапсырмалар да берілді. Соның бірі – көше атаулары мен аншлагтарды жазу барысында республика ұсынған үлгіні басшылыққа ала отырып, тақтайшаларды бірыңғайландыруды міндеттеген болатын. Сондай-ақ келер жылы, яғни, 2020 жылдың басынан соңына дейін көшелер мен елді мекен, әкімшілік аумақтық бірліктер мен құрамдас бөліктерге атау беру, оны өзгерту жұмыстары тоқтайтын болады.
Иә, ұзақ уақыт қаншама мекеменің есігін тоздырып, әрең дегенде бір көшені атасының есімімен атауға рұқсат алғанда қалайша кішкентай ғана белгі қоя саламын деп көпшілік дарақылыққа салып кетіп жатады. Дегенмен бірдейлендіру – бұл ең алдымен, мемлекеттің бекіткен заңы. Одан кейін ауданның келбеті мен мәдениетінің көрінісі. Ал даңғазалыққа жол беріп, көше атауының тұсына ескерткіш сурет, биік-биік аркалар орнату – сол кісінің ұрпақтарынан өзге ешкімді қызықтыра қоймасы анық. Шынымен де жағдайы келіп, дәулеті артып тұрса ата-бабасына арнап садақа ретінде сол көшені жарықтандырып немесе асфальттаса, жөндесе, абаттандырса абзал іс болар еді. Біз мұнымен біреуге ақыл айтып, әлдекімді масқаралаудан аулақпыз. Мақсатымыз – түйткілді мәселені тарқатып айтып, көпшілікті заңдылыққа сай әрекет етуге шақыру.
Гүлхан ЯХИЯ