Ұйымшыл ұжым
Барлық ірі оқиғалар, дүбірлі жиындар, басқа да түрлі мәселелер газет бетінен әркез көрініс тауып жатады. Барлық өмірлік мәселені қамтып, оқырманның сұранысын қанағаттандыру бағытында редакция ұжымы тыным таппай жұмыс жасап келеді. Жыл басынан бері аудандық газетте қырыққа жуық сын, ұсынысқа негізделген мақалалар жарияланды. Бұл дерек газеттің әрбір екінші нөмірі қоғамда кезіккен өзекті мәселені айналып өтпей атқарушы билікке ұсыныспен шығып отырады деген сөз. Елдің, жердің, халықтың, жұрттың жоғын жоқтап, түгесілгенін түгендеуге атсалысып, кемшілік көрсе, қара немесе төре деп теріп жазбай тура жазып, тер төгіп еңбек етіп келеді. Редакция кейде атаулы мерекелік күндерде ардагерлерін ардақтап, өткенін өшірмей түрлі мәдени-спорттық, қоғамдық-көпшілік шаралар ұйымдастырып отырады. Газет көтерер тақырыптардың да аясы өте кең. Ол қоғамдық саяси-әлеуметтік мәселелермен қатар, білім, өнер, мәдениетке де ерекше назар аударады. Оқырмандарға ой саларлықтай түрлі айдарлары да айшықты. Ең бастысы журналистердің жазған мақалалары оқырман көңілінен шығуда. Өйткені, 80 жылдық тарихтан сыр шертетін басылымның бүгінгі қызметкерлері редакцияда бұрын шығармашылық еңбек еткен үлкендердің көрсеткен жолымен жүруге тырысып келеді.
Бүгінгі «Өскен өңір» – Тәуелсіздік жылдарынан кейінгі кезеңде де өз оқырманының тілегімен үндескен басылым. Оның таралымы жылдан-жылға кеңейіп, қазіргі кездегі саны бес мыңнан асып жығылады.
Аудан жұртшылығы іздеп жүріп оқитындай басылымға айналды. Бұған өз мамандығына ынта-құлшынысы мен ерік-жігерін арнап, үлкен жауапкершіліктің жүгін арқалап, газеттің қызметін абыроймен атқарып жүрген талғамы күшті, шебер журналист әрі басшы газеттің бас редакторы Нұрболат Пірімбеттің тынымсыз еңбегінің үлесі орасан зор демекпіз.
Аудан жұртшылығы іздеп жүріп оқитындай басылымға айналды. Бұған өз мамандығына ынта-құлшынысы мен ерік-жігерін арнап, үлкен жауапкершіліктің жүгін арқалап, газеттің қызметін абыроймен атқарып жүрген талғамы күшті, шебер журналист әрі басшы газеттің бас редакторы Нұрболат Пірімбеттің тынымсыз еңбегінің үлесі орасан зор демекпіз.
Редакцияның жүрегі болып табылатын шығармашылық ұжым жүз пайыз жасарған. Ұжым мүшелері әркез ауызбірлікте, ұйымшылдықта болып, газеттің беделін биіктетуге бар күш-жігерлерін жұмсайды. Оның ішінде шығармашылық ұжымның шабытын шыңдап, бағыт-бағдар беретін редактордың орынбасары Елдос Жүсіп, газеттің әр бетін түрлі дизайндармен әрлеп, сапалы шығуын қамтамасыз ететін жауапты хатшы Ерұлан Даткенов, қос бөлімді басшылығына алған Гүлхан Яхияева мен Гүлнәр Дүйсебаева, ізденімпаз тілші Маржан Құрманғалиева, дизайнер Саламат Әбдрахманов, жарияланған мақалаларда бірде-бір қате болмауын, тыныс белгілерінің дұрыс қойылуын қадағалап отыратын корректор Фариза Кенжешова, газетті фотолармен көркемдеп отыратын фототілші Бақытжан Бәйімбеттің де еңбегін жоғары бағалау қажет. Сондай-ақ ұжымда бас маман, 30 жылдай тәжірибесі бар Күләш Мырзаева, менеджер Дастан Құдабаев, баспасөз маманы Абылайхан Сақтағановтың да газеттің өсіп-өркендеуіне қосар өзіндік үлестері бар. Ұжымның әр ісіне ұйымшылдықпен ат салысатын техқызметкерлер Сәуле Алдажұманова мен Елтай Айып та тәжірибесі мол жандар.
Атақты ағылшын жазушысы Марк Твен «Дүниенің бұрыш-бұрышына жарық беретін екі-ақ күш бар. Оның бірі аспандағы – күн, екіншісі жердегі – газет» деген екен. Әрине, бұл салыстыру тым асыра сілтегендік болып көрінгенімен онда айна-қатесіз шындық бар екені талассыз. Мұның өзі баспасөз қызметкері көтерер жүктің деңгейін танытады. Жергілікті газет өміршеңдігін толық дәлелдеп берді. Туған жері тірек, туған жұрты жүрек болып соғып тұрған заманда газеттің тынысы түгесіліп, өрісі тарылмақ емес. Олай болса «Өскен өңір» бізге дейін өмірге келген болса, бізден кейін де өмір сүре бермек.
«Газеттің өзі бір күндік, сөзі – мың күндік» деген нақыл бар халық арасында. Міне, сол соңында мың күндік мақалалар қалдырып, талай асудан асып, толайым биіктерді бағындырған қария газет «Өскен өңір» 80 жасқа толып отыр. Жаңалықтың жаршысына алдағы уақытта да абырой-мәртебең арта берсін демекпіз.
«Газеттің өзі бір күндік, сөзі – мың күндік» деген нақыл бар халық арасында. Міне, сол соңында мың күндік мақалалар қалдырып, талай асудан асып, толайым биіктерді бағындырған қария газет «Өскен өңір» 80 жасқа толып отыр. Жаңалықтың жаршысына алдағы уақытта да абырой-мәртебең арта берсін демекпіз.