Аймақ басшысының алғашқы 100 күні
намыс қумай – мақсат тұл.
Әбіш Кекілбаев
Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақовтың Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалғанына бүгін, 5 қазанда 100 күн толды.
Өңірді 6 жылдан астам уақыт абыроймен басқарған Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Ақордаға ауысқаннан кейін үш жарым жылдай облыс әкімінің орынбасары болған Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов 28 маусымда Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды.
Мемлекеттік қызметте жазылмаған бір заңдылық бар.
Жаңа басшы тағайындалғаннан кейін 100 күннен соң жұмысына баға беріліп жатады. Әрине, алғашқы 3 айда барлық мәселені шешу мүмкін емес. Дегенде, осы уақыт ішінде қай істің де даму бағыты айқындалып, тың бастамалар қалыптасады.
Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев басқарған алты жарым жыл ішінде Сыр өңірі түбегейлі өзгерді.
Енді осындай танымал әрі тәжірибелі басқарушыдан соң халық жаңа басшының қызметіне ерекше көзқараста болатыны сөзсіз.
Бір қызығы, өңірімізді кейінгі жылдарда басқарған үш әкім де Сыр елінің тумасы. Олай болса, халықтың әсіресе, қазіргідей әлеуметтік желіде белсенділігі артқан тұста үш басшыға салыстырмалы баға беретінін де болжау қиын емес.
Алайда, Сыр елінің азаматы өзіне жүктелген ел алдындағы жауапкершілікті толық сезініп, кез келген сындарлы жағдайға қарсы тұруға дайын екенін атап өткен жөн.
Қуанышбек Ысқақов еңбек жолын қарапайым жұмысшы ретінде бастаған. Ауған соғысына қатысушы, көп баланың әкесі, мемлекеттік қызметкер, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жетік біледі. Сол себепті де өңірді басқару сеніп тапсырылды.
Сонымен, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың басшылығымен 100 күнде не атқарылды?!
ӨҢІРДІ ДАМЫТУ – ӨРІСТІ КЕҢЕЙТУ
Өңірде бұрыннан қалыптасқан макроэкономикалық тұрақтылық қамтамасыз етілді.
Осы жылдың 8 айының қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі 97,4 млрд теңгені құрады немесе өсім 2,5 есе, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 409,4 мың шаршы метр немесе өсім 33,5 процент, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 233,4 млрд теңге немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68 процентке артты.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,7 процентке артып, 36,8 млрд теңгеге жетті.
Қызылорда облысы әкімінің іс-қимыл жоспары қайтадан бекітілді, онда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ағымдағы жылдың 2 қыркүйегіндегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы міндеттер және ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты іс-шаралар көрініс тапты, 25 әлеуметтік нысанның 12-нің құрылысы ағымдағы жылы аяқталады, қалған 13-і 2020 жылға өтпелі.
Осы жылдың 6 маусымында ҚР Үкіметінің №375 қаулысымен бекітілген «Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспары» өңірде сапалы іске асырылуда.
2019 жылдың тамыз айында облыстық бюджеттен Жосалы, Ақай, Жалағаш, Шиелі, Тасбөгет кенттерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге 50,6 млн теңге бөлінді, сондай-ақ, Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде аудандық емхана салуды бастауға – 50 млн теңге, Қызылорда қаласында донация жоспары жылына 7000, облыстық қан орталығы құрылысының ЖСҚ әзірлеуге – 10 млн теңге, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде «Арал Сода» ЖШС зауытына инфрақұрылым объектілерін (байланыс желілері, теміржол тұйығы) салуға – 6 млн теңге бөлініп, 2020 жылы қарастырылған іс-шараларды іске асыру мерзімінен бұрын басталды.
Биылғы жылдың тамыз айында облыстық бюджетке 5,6 млрд теңге нақтылау жүргізілді, оның ішінде 2,6 млрд теңге өз кірістерінің ұлғаюы және 2,9 млрд теңге қайта бөлу. Олар:
Кәсіпкерлікті дамытуға – 100 млн теңге;
Білім саласына – 79,4 млн теңге;
Денсаулық сақтауға – 76,8 млн теңге;
Әлеуметтік қамсыздандыруға – 161,4 млн теңге;
Дене шынықтыру және спортты дамытуға – 301,6 млн теңге;
Мәдениет саласына – 239,4 млн теңге;
Сандық технологияларға – 106,7 млн теңге;
Құрылыс саласына – 2,6 млрд теңге;
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарына – 453,2 млн теңге;
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына – 926,6 млн теңге.
Нәтижесінде, облыстық бюджет көлемі шамамен 300 млрд теңгені құрады.
КӨГІЛДІР ОТЫН КӨКЖИЕКТЕ ЕМЕС –
КӨЗ АЛДЫМЫЗДА
Бүгінде облыстың 4 аудан орталығы – Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған тұрғындары көгілдір отын игілігін көруде. Қалған 3 аудан орталығы (Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек) тұрғындарын газбен жабдықтау мәселесі де, бұйыртса, жуырда шешіліп қалмақ.
Тереңөзек кентінде автоматтандырылған газ тарату стансасын орнатуға республикалық және облыстық бюджеттерден 2019 жылы 1,1 млрд теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары аяқталды.
Сондай-ақ, Жосалы, Тереңөзек, Жалағаш және Жақсықылыш кенттерін газбен жабдықтау үшін республикалық және облыстық бюджеттерден 4,6 млрд теңге қаралып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде.
ЖОЛ МҰРАТЫ – ЖЕТУ
Сонымен бірге, облыс әкімі әлеуметтік желілерде көп көтеріліп жүрген қоғамдық көліктерге қатысты мән-жаймен өзі танысу мақсатында алдын ала ескертусіз халық көп жүретін №11 бағыттағы автобуста жолаушылардың талап-тілектерін тыңдады. Қазіргі таңда қоғамдық көліктер мәселесі бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынып, жүргізілуде.
Облыс бюджетін нақтылау барысында қалаішілік жолаушыларды тасымалдауға қосымша көпсыйымдылықтағы 35 автобус алуға қаржы бөлінді.
Даңқты батыр Жалаңтөс баһадүр атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжіне 2 автокөліктің кілті табыс етілді.
БІРҚАТАР НЫСАНДАР АШЫЛДЫ
Қуанышбек Досмайылұлы облыс әкімі болып тағайындалғаннан кейін облыстың барлық аудандарында болып, 60-қа жуық елді мекенді аралап, бірқатар нысандарды ашты.
Осы кезеңде Арал ауданында невропатология, психология, дефектология және массаж терапиясы бойынша қызмет көрсететін «Қуаныш» жеке медициналық орталығы, Шижаға елді мекенінде 100 орындық клуб, Қаратерең ауылдық округінде «Zhalgasbai» ЖШС балық қабылдау және мұздату цехы, Қармақшы ауданының Дауылкөл ауылдық округінде 80 орындық «Қызғалдақ» балабақшасы, Шиелі ауданының Жөлек елді мекенінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында дәрігерлік-амбулаториялық емхана, Жаңақорған ауданының Өзгент елді мекенінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында дәрігерлік амбулатория ашылды.
Жалағаш ауданында қуаттылығы 30 мВт-тық «Nomad Solar» ЖШС салатын күн-электр станциясының құрылысы басталды. Электр станциясы пайдалануға берілгеннен кейін мұнда 18 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылдық округінде күніне 50 мВт күн-электр қуатын өндіретін «Байқоңыр Солар» ЖШС электр станциясы құрылысының іргетасы қаланды.
Бұл жобаны «Қазына Капитал менеджмент» АҚ және «Юнайтед Грин Британдық холдингі» қаржыландырады, іске қосылғаннан кейін 23 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Күн-электр станцияларын қолданысқа енгізу ауадағы көмірқышқыл газының шығарылуын (тек Сұлутөбе ауылдық округіндегі күн электр станциясын іске қосқанның өзі ауаға жылдық шығарылымды 75 мың тоннаға азайтпақ) азайтып, электр энергиясы тапшылығын 30 процентке төмендетпек (қазіргі таңда облыс электрэнергиясының 65-70 процентін сырттан алуға мәжбүр).
Қызылорда қаласында «Абай-Дәулет» ЖШС-ның жаңа технологиямен қамтылған күріш ақтау зауыты ашылды. Зауыт 80-ге жуық адамды жұмыспен қамтитын болады.
СӘТТІ БАСТАМА
Қызылорда қаласының Сырдария өзенінің сол жағалауын кешенді түрде игеру жалғасуда.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 320 орындық балабақша пайдалануға берілді.
Қыркүйек айында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 4 арендалық (220 пәтер) және 4 несиелік (240 пәтер) тұрғын үйлердің құрылысы аяқталды.
Бұған қоса, осы жылы жаңадан 12 арендалық (555 пәтер) және 13 несиелік (590 пәтер), жеке компаниялар есебінен 6 тұрғын үйдің (266 пәтер) құрылысы басталды. Осылайша, жыл соңына дейін тағы 9 арендалық (400 пәтер), 13 несиелік (590 пәтер) және жеке құрылыс жүргізушілермен 4 тұрғын үйді (180 пәтер) халық игілігіне беру жоспарлануда.
Егер облыстағы құрылыс саласы бойынша айтар болсақ, биылғы жылы облыс бойынша 1738 пәтерлік 40 тұрғын үй, оның ішінде 728 пәтерлік 19 арендалық үй, 830 пәтерлік 17 несиелік үй және 180 пәтерлік 4 тұрғын үйді беру жоспарланып отыр.
Жыл аяғына дейін сол жағалауда «Болашақ» университеті ғимаратының, «Шіркейлі» каналының үстімен салынатын көпір құрылыстары, сондай-ақ, тұрғын үйлер орналасқан аймақты абаттандыру жұмыстары, газ, жылу, ауыз су және кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталмақ.
Алдағы жылдары сол жағалаудағы аумақта «Неке қию сарайын», «100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпсалалы аурухананың», «Отбасылық медициналық орталықтың», «300 орынға арналған жатақханасы бар 400 орындық физика-математикалық мектептің», «Көпфункционалды 3500 орындық жабық футбол манежі», «Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры», «Сауда-жәрмеңкелік кешен» мен басқа да нысандардың құрылысы басталатын болады.
АГРОӨНЕРКӘСІП –
ӨҢІРДІҢ АЗЫҚ- ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІ
Облыста негізгі дақыл – күрішті жинау жұмыстары тамыз айының 20-нан басталды. Бүгінгі күнге егілген 87,9 мың гектар күріштің 81,5 мың гектары (92,6%) орылып, 71,5 мың гектары (81,3%) бастырылды. Жалпы, табиғаттың қолайлы болып, судың жеткілікті қамтамасыз етілуі гектарына 55 центнерден өнім жинауға мүмкіндік берді (2018 жылы өнім гектарына 48 центнер болған). 387,9 мың тонна күріш салысы жиналды.
Ауыл шаруашылығы құрылымдарымен «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы барлығы 5,4 млрд теңгеге 167 дана ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды.
«Сыбаға» бағдарламасы аясында 4 шаруашылық шет елден 550 бас мал сатып алуды қамтамасыз етті. Оның ішінде Германиядан 170 бас асылтұқымды сүт бағытындағы МІҚ, 380 бас Ресейдің ет бағытындағы қалмақ тұқымды МІҚ малы әкелінді.
Жаңақорған ауданының Қыркеңсе ауылдық округінде «Бекарыс Агрофуд» ЖШС инвестициялық құны 80,0 млн теңгені құрайтын 1000 бастан жоғары МІҚ малын бордақылайтын мал сою пунктімен қамтылған бордақылау алаңы іске қосылып, 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Бүгінгі күні мал бордақылау алаңында 160 бас бұқашық бағылуда.
Қармақшы ауданында «Тұрмағанбет» ЖШС базасынан қуаттылығы ауысымына 1 тонна сүт өңдейтін, жобалық құны 35,0 млн теңгені құрайтын шағын сүт цехы іске қосылып, 7 адам жұмыспен қамтылды.
Соңғы үш айда Иран Ислам Республикасына 789 бас қой және 56 бас МІҚ, Өзбекстанға 118 бас түйе және 250 бас МІҚ, БАӘ-ге 950 бас қой тірілей экспортталды.
Алғаш рет Қытай мемлекетіне 20 тонна жүн экспортталды.
ҚАРТЫ БАР ҮЙДІҢ ҚАЗЫНАСЫ БАР
Қуанышбек Ысқақов облыс әкімі ретіндегі жұмысын алдымен ардагерлермен кездесуден бастады.
Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық, саяси-рухани дамуына өз үлестерін қосқан ақсақалдардың да жаңа келген басшыға ел сөзін, өзекті проблемаларды жеткізуде алтын көпір екені рас.
ЖАСТАР – ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
Қамбашта аймақ басшысының төрағалығымен «JASTAR - EL TIREGI” атты облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кезекті кеңестің жұмысы бейресми түрде өтті.
Жастар облыс әкіміне көкейдегі сауалдарын қойды десе де болады. Бәрінен бұрын отансүйгіштік, елжандылық, ұлттық, адамгершілік құндылықтар, бабалардың қанымен аманатқа қалған елді, жерді қорғай білу туралы көп әңгіме айтылды.
Кездесу соңында Қуанышбек Досмайылұлы 10 жасқа, оның ішінде белсенді, аз қамтылған отбасыдан шыққан, мүмкіндігі шектеулі жастар мен жұмыссыздарға «Жастар Отанға!» республикалық жастар лагеріне жолдама табыстады.
ЖУРНАЛИСТИКА – ТӨРТІНШІ БИЛІК
Ежелден халық пен биліктің арасына тығыз байланыс орнатқан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің де өз айтары бар екені белгілі. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу барысында журналистер тарапынан түрлі ұсыныс-пікірлер білдірілді.
«Әлімсақ» журналының бас редакторы Н.Нұрмаханов облыс әкімі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдарын үйлестіру кеңесін құру туралы, «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі, жас журналист Б.Ордабеков жас журналистерді қолдау мақсатында облыс әкімінің бір жолғы стипендиясын ұйымдастыру жайлы өз ұсыныстарын айтты. Ұсыныс қолдау тапты.
КЕЛІСІП ПІШКЕН ТОН КЕЛТЕ БОЛМАС
«Nur Otan» партиясы алаңында әлеуметтік желіде түрлі мәселелерді көтеріп жүрген белсенді азаматтармен кездесті. Кездесу емен-жарқын, ашық өрбіді.
Қоғам белсенділері өңірдің өзекті мәселелерін, халықты толғандырып жүрген дүниелерді көтерді. Аймақ басшысы айтылған мәселелерді қолдап, тиісті сала басшыларына зерттеп, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» деген қанатты сөз бар.
Елдің бірлігі мен қоғамдағы тұрақтылыққа келгенде сөз де, іс те, ұстаным да ортақ болуы тиіс.
Аймақ басшысы Twitter, Facebook әлеуметтік желілерінде жеке парақшаларын ашып, халықпен байланысты жолға қойды.
«КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК» ЖОБАСЫ
«Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында облыс әкімі, партияның облыстық филиал төрағасы Қуанышбек Ысқақов өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Әкім кездесуге келген азаматтарға өзінің ризашылығын білдіріп, осы жерде айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы 2025 жылға дейінгі мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі жаңа Ұлттық жоспардың аясындағы жол картасында ескерілетіндігін атап өтті.
КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ АРНАЙЫ ЖОЛ
КАРТАСЫ БЕКІТІЛДІ
Облыс әкімі Қ.Ысқақовтың төрағалығымен Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Б.Палымбетовтың кәсіпкерлік субъектілерімен кездесуі өтті.
Күн тәртібінде бизнес саласының проблемалары талқыланып, кездесу қорытындысымен Жол картасына қол қойылды.
Өңірде жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру, салық базасын ұлғайту және қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру мақсатында «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» жобасы екінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кәсіпкерлік кеңесінің мүшелерімен, жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, «Ауылдық елді мекендердің жас кәсіпкерлері» форумына қатысты.
БІЗ АРЫСПЕН БІРГЕМІЗ!
Маусым айында Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырғаны анық.
Сырбойылықтар да қарап қалмады. Алғашқы күннен көмек қолын созды. Теміржол арқылы Қызылорда облысының аумағында кідіріс жасаған мыңдаған жолаушыны ас-сумен қамтамасыз етті. Алғашқылардың бірі болып арыстықтарға азық-түлік, киім-кешек, бөбектерге қажетті тамақтар мен заттар, дәрі-дәрмектер жөнелтті.
Үш мыңға жуық жергілікті мемлекеттік қызметшілер бір күндік жалақыларын аударды.
Екі ай уақыт ішінде бізге бөлінген №6 учаскеде 14 көшедегі 268 тұрғын үй қалпына келтірілді. Соның ішінде қалпына келтірілмейтін тұрғын үйлердің орнына 4 үй жаңадан сатып алынып берілді. Облыс волонтерлары бірнеше топқа бөлініп, көмек көрсетті.
Арыс қаласынан 150 бала Қызылорда облыстық білім басқармасының «Облыстық олимпиадалар мен қосымша білім беру орталығында» тегін демалды.
Осы жұмыстардың барлығы облыс әкімі Қ.Ысқақовтың тікелей бақылауында болып, өзі де бірнеше рет Арыс қаласына барып, тұрғындармен жүздесіп, мәселелерін тыңдап, оң шешілуіне ықпал етті.
Премьер-Министр А.Мамин Сыр құрылысшыларына және өңір тұрғындарына қиын жағдайда қолдау жасағаны үшін өз ризашылығын білдірді.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРАЛАР
Республикалық есеп комитетінің «Тексеру комиссияларының қызметін жетілдірудің негізгі мәселелері» атты тұңғыш көшпелі семинары Қызылорда қаласында өтті.
«Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық фестивалі бесінші рет ұйымдастырылды. Фестивальға Түркия, Иран, Әзербайжан, Сербия, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Саха республикаларынан және еліміздің әр өңірінен белгілі ғалымдар мен өнер иелері қатысты.
Фестиваль аясында «Қорқыт Ата мұраларының түркі әлеміндегі ролі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізілді.
Конференция барысында Қорқыт ата мұраларын дәріптеу мәселелері, «Қорқыт Ата кітабының» жаңадан табылған жазбасы талқыланып, тарих ғ.к., аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы С.Қосановтың үш тілде жарық көрген «Қорқыттың даналық сөздері» кітабының тұсаукесері болды.
Сонымен бірге, Жастар жылы аясында ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту мақсатында тұңғыш рет «Түркітілдес елдер жастарының халықаралық фестивалі» ұйымдастырылды.
Айта кетейік, 2018 жылы 28 қарашада Маврикий Республикасында өткен ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт ата рухани мұралары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енгізілген болатын.
Бес жылдан кейін біз Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі үкіметаралық комитет алдында өзіміздің Қорқыт ата мұраларын таныту бағытында атқарған жұмыстарымыз бойынша есеп беруіміз қажет. Сондықтан, қазіргі таңда арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар істелуде.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласында энергетика саласы бойынша халықаралық сайыс болды. Сайысқа Румыния, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан мемлекеттерінің энергетиктері қатысты.
Сонымен бірге, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінің қатысуымен волейболдан жастар, ардагерлер арасында халықаралық жарыстар өтті.
ЕЛДЕСТІРМЕК – ЕЛШІДЕН
Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстарын басқару бағдарламасы аясында Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы Атқарушы дирекциясы, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамдық қоры (GIZ) және Қызылорда облысы әкімдігі арасында «Солтүстік Арал теңізінің балық қорын сақтау, қорғау және оны дамыту. Арал-Сырдария бассейндік кеңесінің әлеуетін арттыру» жобасын жүзеге асыру туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.
Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы бас консулы Е.Бобровпен экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін және халықаралық деңгейде «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамыту мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы А.Фатхуллаевпен кездесіп, кәсіпкерлік ынтымақтастық, инвестиция тарту және рухани-мәдени кеңістікті кеңейту мәселелері төңірегінде пікірлесті. Аймақ басшысы А.Фатхуллаевты осы және өзге де мәселелерді төртінші тоқсанда өтетін «Байқоңыр-Инвест» халықаралық инвестициялық форумында талқылауға шақырды.
БАЙҚОҢЫРдың
болашағы
ҚР Премьер-Министрі А.Мамин Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, Байқоңыр қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуымен, сонымен қатар, ғарыш саласындағы Қазақстан-Ресей тараптарының ортақ жобаларын жүзеге асыру барысымен танысты. «Союз МС-15» басқарылатын ғарыш кемесінің ұшырылуы сәтін тамашалады. Жұлдызды қалашықта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлерді аралап көріп, қаланы газдандыру жұмыстарын пысықтады.
Байқоңыр қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 50 пәтерлі бес үйдің құрылысы аяқталды. Құрылыстың жалпы аумағы – 15,7 мың шаршы метр, мұнда 250 пәтер бар. Үйлер орталық су және кәріз жүйесіне қосылған. Жылу және ыстық сумен қамтамасыз ету үшін табиғи газбен автономды бу қазандығы орнатылған. Қазіргі уақытта баспана кезегінде тұрған Байқоңырдағы Қазақстан азаматтарына пәтер берілуде.
Айта кетейік, «Қызылорда облысын газдандыру және жаңа активтер құру» инвестициялық жобасын іске асыру аясында Байқоңыр қаласын «Бейнеу-Шымкент» газ құбырына қосу және Байқоңыр қаласының жеткізуші газ құбыры мен кварталішілік газ тарату желілерін салу бойынша жұмыстар жүргізілді. Бүгінде қазақстандық әлеуметтік нысандар мен бой көтерген 5 көпқабатты тұрғын үй газ желілеріне қосылған.
Сондай-ақ, «Байқоңыр» кешенінде еркін экономикалық аймақ құруға байланысты жұмыстар жүруде.
Аталған шара дамудың 3 негізгі кезеңін көздейді. Бұл – «Байқоңыр» халықаралық ғарыш айлағын құру, «Байқоңыр» кешенінде халықаралық туризмді дамыту және өнеркәсіптік өндірістер ашу.
Тиісті заңдылықтарға сәйкес «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру Тұжырымдамасы мен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Үкіметтері арасындағы Келісім жобалары әзірленіп, бүгінде орталық мемлекеттік органдардың келісімінен өтуде. Мәселе, Үкімет бақылауында тұр.
Аталған шара ойдағыдай іске асырылған жағдайда 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгей қазіргі 4,6 проценттен 2025 жылға қарай 2,5 процентке дейін төмендейді. Ал, ең бастысы – туристік ағын жылына 250-500 мың туриске дейін артады.
Сонымен бірге, келесі жылы Байқоңыр қаласында тағы 50 пәтерлік 5 үйдің құрылысын жүргізу ұсынылып, келісім алынды.
Жалпы, облыс әкімінің 100 күндік жұмыс барысында атқарылған шаралар осындай сипатқа ие. Алда атқарылар еңбек аз емес.
Ежелден бірлікті ту етіп, талай белестерді бағындырған Сыр өңірінің халқы облыс басшысының тың бастамаларына үн қосып, жетістік еселене береді деп сенеміз.