Ардагерлер арасында сайыс өтті
«Мұз айдыны» спорт кешенінде волейболдан ардагерлер арасында «Қорқыт баба» кубогы үшін халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Сайысқа Ресей, Өзбекстан мемлекеттері мен Алматы, Шымкент, Байқоңыр қалаларынан және Түркістан, Жамбыл облыстары мен Сыр елінен 7 команда, 55 жастан жоғары 100 жуық ардагер қатысуда.
Сондай-ақ, жарыстың құрметті қонағы ретінде - ҚР Генерал-лейтенанты Шардарбаев Аманкелді, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Есполов Тлектес арнайы келді.
Турнирдің ашылу салтанатына Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Досмайылұлы қатысып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Өңіріміз үшін де, еліміз үшін де ең маңыздысы - 2018 жылы 28 қарашада Маврикий Республикасында өткен ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт Ата рухани мұралары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енді. Бұл жұмыстардың жүзеге асуында облысты алты жылдан аса абыроймен басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың үлесі зор екенін айтуымыз керек. Міне, бүгін Сыр өңірінде түрлі салада қызмет еткен ардагерлер арасында алғаш рет жарыс ұйымдастырылып отыр. Бұл жарыс аға буынның жастарға көрсеткен үлгісі әрі бұқаралық спортты дамытудың ерекше тәсілі деп түсінеміз»,-деді аймақ басшысы.