Қорқыт мұралары ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұраларының тізіміне енді
Қазіргі кезде Қорқыт Ата мұралары мен Қызылорда облысындағы 9 мәдени ескерткіш ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұраларының тізіміне енді.
Облыстың мәдени мұра бойынша ғылыми-әдістемелік кеңесі аймақтың мәдени ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіміне енгізу жұмыстарын жүргізді.
«2017 жылы Қорқыт мұралары мен тағы 9 ескерткіш - Сығанақ қалашығы, Жанкент, Кескен күйік, Шірік Рабат, Бәбіш мола, Жент, Баланды, Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері мен Сауысқандық петроглифтері ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіліміне енді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады»,- деп хабарлады Қырымбек Көшербаев ҚР Премьер-Министрі мен облыс активі және кәсіпкерлерінің басқосуында.
Айта кету керек, мәдени мұраларды сақтау және қалпына келтіру - өңір дамуының басымдықтарының бірі. Мәселен, Қызылордада тараптарды келіссөздер жүргізу арқылы татуластыру тәжірибесін қайта жаңғыртып, еліміздегі алғашқы сотсыз татуласу орталығын ашу жоспарлануда.
"Қызылорда облысы ұлттық дәстүрлер сақталған өңір екендігін ескере отырып, дәл біздің аймақта еліміздегі алғашқы «Сотсыз татуласу орталығын» пилоттық жоба ретінде ашу туралы шешім қабылданды. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаев сотсыз татуласу институтын жетілдіріп, дауларды соттардың араласуынсыз шешу тетіктерін әзірлеуді тапсырған болатын. Бізде мұндай тәжірибе бар - Нағи Ілиясов аулындағы қоғамдық бірлестік құрамындағы ақсақалдар ауылдастар арасындағы дауды бейбіт жолмен шешіп келеді. Бұл тәжірибені тарату қажет", - деп атап өтті облыс әкімі.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған үкіметтік делегация Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Делегация құрамында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы, Инвестиция және даму, Ұлттық экономика, Ақпарат және коммуникациялар министрлері, сондай-ақ, орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және даму институттарының басшылары бар.
Сапар барысында Бақытжан Сағынтаев пен делегация мүшелері облыс активімен және кәсіпкерлермен, сондай-ақ, әлеуметтік сала өкілдерімен кездесті. «Қараөзек» газ компрессорлық станциясында болды. Арал ауданындағы балық өңдеу зауыты мен «Аралтұз» АҚ жұмысын көреді. Мұнда қоғам өкілдерімен басқосу өтіп, Солтүстік Арал жобасын жүзеге асыру, суармалы жерлерді жақсарту, ҚР Президентінің 5 әлеуметтік бастамасы аясында шағын несиелендіру ісін жетілдіру мәселелері талқыланады. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағын дамыту барысымен танысады.