Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үсен – үлгілі шопан

Үсен – үлгілі шопан

Ойлы оқырманға белгілі, ала жаздай басылым бетіне еңбек майданының майталмандарын жарияладық. Осы тұста дала дүбірінің диқандары атқарған жұмыс жұртшылыққа үлгі-өнеге болды деген сенімдеміз. Енді міне, қыркүйек туып, күз келгендіктен бағытымызды өзгертіп, қалам арқылы мал шаруашылығымен айналысатын жандардың еңбегін көпке насихаттауды жөн көрдік. Себебі, Шиелі ауданы үшін мал шаруашылығы таңсық дүние емес. Өңір тұрғындары ықылым заманнан төңірегін төрт түлікпен толтырған. Қыстау, күзеу, көктеу, жайлау сынды жерлерге қоныс аударып, мал басын арттырып, елдегі шаруашылықтың шатқаяқтап шетте қалмауы үшін тер төкті. Шопандар күн райының құбылғыш қасиетіне бой алдырмай, қиындығы мен қызығы мол қызметті абыроймен атқарды. Біздің бүгінгі тақырыбымызға арқау болатын қойшы да ғұмырын шаруашылықтың осы бағытына арнаған жан. Алайда, үлгілі шопан туралы тарқатпас бұрын, кейінге шегініс жасап, тарих беттеріне үңілсек.
1974 жылы Алматы шаһарына КСРО бас хатшысы Л.Брежнев келіп, «Тың игерудің 20 жылдығы» құрметіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараның мейманы болады. Сондағы шаршы топта сөз сөйлеген ол, қазақстандықтарға ІІ тың игеруді ұсынады. Екінші тың дегені – қой шаруашылығы болатын. Осыған орай республикада арнайы маманданған шаруашылық, совхоздар, фермалар құрылып, Жетісу, Шығыс аймақтарындағы қой шаруашылығы жедел дамып, фермалар автоматтандырыла жөнеледі. Содан бір жылдан кейін, яғни1975 жылы еліміздегі қойдың саны 35 миллионнан асады. Ал Шиелі ауданы сол жылдың өзінде 332 мың 604 дана қаракөл елтірісін мемлекетке өткізген. Бас хатшының тапсырмасы бойынша Шиеліде егіншіліктен бөлек арнайы қой совхоздары құрылады. Мәселен, Қарғалы, Телікөл, Еңбекші совхоздары құрылып, қызу еңбектің нәтижесінде ауданда уақ мал мен ірі қара малының саны еселей түседі.
Неге біз әңгімеміздің әлқиссасын әріден бастадық? Өйткені, жоғарыда айтқан кейіпкеріміздің еселі еңбегі осы жылдардың еншісінде. Ол Қарғалы ауылының тумасы, үлгілі шопан – Үсен Дүйсенбаев.

Ауданның табысына табыс қосқан
Үсен Дүйсенбаевтың мыңғыртып мал өсіру жолындағы әрекеті 1975 жылы Қызылқұмның қойнауында басталады. Ол ерте тұрып, кеш жатып, өзінің барлық күш-жігерін, тәжірибесі мен білімін ұштастырып, аудандағы уақ мал көрсеткішінің артуына үлес қосады. Осылайша 1985-1986 жылдары бағымындағы 554 саулықты толықтай аман сақтап, оның әр жүзінен 110 қозыдан алып, 415 қозыны өсіріп, отарға қосады. Шопанның бұл ісі көпшілікке үлгі ретінде насихатталады. Одан кейін қатардағы қарапайым еңбек адамы ел игілігі үшін ой толғап, пікір айтып, баянды бастамаларды да қолға ала бастайды. Билік өкілдеріне Қызылқұм өңірін игеру жөнінде мәселелер айтып, Қарғалы совхозының көркейе түсуі үшін де тер төгеді. Қызмет жолында алдына айқын мақсат қойып, жыл сайын үздік нәтижеге қол жеткізеді. Тіпті жоспарлағаннан артық табыс тауып, аудан қазынасының молаюына септігін тигізеді.
Ү.Дүйсенбаев «Мал шелді болмай, төлді болмайды» деген тәмсілді ту етіп жұмыс істеген. Ол мал күтіміне айрықша мән беріп, жылдың қай мезгілінде де барлығына бірдей қарап, алынған төлді аман өсіруді өзінің бұлжымас міндеті санаған. Үсен шопанның тағы бір ерекшелігі, ол ешкімнен тапсырма күтіп отырмаған. Қолы қалт етсе, қорадағы қойлардың жай-күйін біліп, әсіресе, жаз айларында Қызылқұм жағдайында, отарын түнделетіп жаюға, санитарлық, емдеу-профилактикалық жұмыстарын уақытылы атқаруға дағдыланған. Мұның барлығын бәзбіреулер сияқты шаршап-шалдығып емес, ыждағаттылықпен іске асырған. Өйткені, ол өзіне жүктелген міндеттің арғы жағында ар-ұяттың өлшемі бар екенін білген.

Адал жар, еңбекқор ана, ісмер келіншек
Шопан есімінің елге танылуына жұбайы Ұлболған Оралбаеваның да үлесі ерекше. Ол «Көңіл-күйдің ажары – сәнді тұрмыс» деген сөзді өмірлік ұстанымы етіп, көшпелі малшы өмірі жағдайында да дастарханы жайнап, сәні мен салтанаты жарасып тұрмыс кешкен. Бір отар малдың тауқыметін жарымен бірдей көріп, қазақтың ұлттық тағамдарын қайтта жаңғыртты. Құрт, май, ірімшік, брынза сынды өзгелер елеусіз қалдырған өнімді жұртқа ұсынады.
Ұлболған Оралбаева үй шаруасын ұршықша иіріп қана қоймай, білім көкжиегін кеңейтуді де ұмытпаған жан. Аудан орталығынан жырақта тұрса да, кітапханаға бас сұқпаған күні жоқ. Әр келген сайын том-том туынды алып, шаңырағының төріне тізіп қоюды әдетке айналдырған. Үсен мен Ұлболғанның отауынан әлемдік классиканың қазақ тіліндегі аудармасын, қазақ жазушыларының шығармасын кездестіруге болады. Жасыратыны жоқ, кейбіреулер малшы өмірін қызықсыз һәм сұрықсыз кейіпте көреді. Әлдекімдердің ойынша қойшылардың көргені тау мен тас қана. Әсте олай емес! Өйткені, өмірінің түгел дерлігі қойшы ауылда өткен Ұлболған Оралбаева қара жаяу кісіге жатпайды. Ол мәдениет пен өркениетті жетік меңгеріп, қазақ журналистикасында да қалам тербеген. Өзінің білгенін өкшесінен ерген сіңлілерге, келіншектерге насихат ретінде газет бетіне мақал жазып отырған. Қазіргі таңда аудандық басылымның мұрағатына мән берсеңіз, әр санында Ұлболған Оралбаеваның қолтаңбасы қалғанын байқайсыз.

Қойшының күні қалай өтеді?
«Балықшы дауылда, егінші жауында, малшы өлгенде тынады» деген тәмсілге сүйенсек, төрт мезгілде де тыным таппай маңдайы күнге күйіп, табаны тасқа тиіп тер төгетін нағыз еңбеккерлер – қойшылар. Олар әрқашан қарбалас қимылдың қызу құшағында жүреді. Дала өрісіндегі өмірі жылжыған жылдармен жалғаса береді. Сол жылдардың ішінде ата кәсіпті тіршілігінің тамыры еткен шаруалардың басынан алуан түрлі оқиға өтеді. Бір күні отары әудім жерге кетіп жоғалса, енді бірде қауіп өз басына төнеді. Осындай алмағайып оқиғалар Үсен мен Ұлболғанға да кез болған. Бір емес, бірнеше мәрте. Тіпті кең жайлауда жүрген әр сәтінде десем артық емес шығар. Күндердің бір күнінде Ұлболған Оралбаеваның қойшы ауылда жалғыз қалуына тура келеді. Алғашқы күні таңды кітап оқумен қарсы алып, қорқынышты сезінбейді. Алайда, нәзік жанды емес пе? Ауық-ауық елегізіп, бір ойды бір ой қуып, ақыры не керек, келесі күнді көз ілмей қарсы алады. Екінші түн салбырап түскенде Ұлболған апаның бойын үрей билей бастайды. Тысқа шығайын десе, адам түрткісіз қараңғылықтан тартынады. Төсегінің жанына қару-жарақ, құрал-сайманның барлығын әкеліп, жалғыз Жаратқанға жалбарынып көз іледі. Әйтеуір кірпігі айқасып, қалың ұйқыға шомғанда қараша үйге қасқыр келіпті. Абырой болғанда, апаның үйде екенін сезбей, айналаны шолып өз жөніне кеткен екен. Мұны Ұлболған апа таңертең жер бетіне түскен ізден байқайды. Дем арада есін жиып, енді бұл жерде аяңдау үлкен өкінішке соқтыратынын түсінеді. Ертесіне малшылар да жетіп, Ұлболған Оралбаева аман-есен ауылымен қауышыпты. Бұл біз тілге тиек еткен бір ғана мысал. Шын мәнінде малшылар арасында сіз бен біз білмейтін оқиғалар сан алуан.

Еленген ерен еңбек
Мақаламызда Үсен Дүйсенбаев пен Ұлболған Оралбаеваның еңбек жолына шолу жасадық. Осы тұрғыда үлгілі шопан атанған жанның жүлделері туралы айта кетсек артық етпес. Ол бүгінде «Еңбектегі ерлігі үшін», «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «Шиелі ауданының 80 жылдығы» сынды марапаттардың иегері. Ең бастысы қоғамда ғана емес, отбасында өміршең өмір жолымен үлгі болып жүрген тұғыры биік жан.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
21 қыркүйек 2019 ж. 844 0