Мәскеуге барған қазақтар
Дүние жүзі тарихында кешегі Кеңес өкіметінің алар орны ерекше. бүгінде жер жаһанға үстемдік еткен АҚШ-тың өзі сол уақытта Кеңес Империясының басымдығын мойындауға мәжбүр еді. ал сондай алып империяның астанасы Мәскеудің қазақ есімімен байланысты екенін біреу білсе, біреу білмейтін шығар.
Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов болгар тарихшыларының жазбаларынан 1088 жылы Мәскеу княздығын қазақ Асат Мосқаудың басқарғандығын ғылыми түрде дәлелдеді. Сол қазақтың есімімен Мәскеу княздығының астанасы Мосқау есімімен аталып, бірте-бірте Мәскеу болып айтылыпты. Мәскеу қаласы дүниежүзін дүр сілкіндіріп отырған алып империяның астанасы болғандықтан, оған басқа одақтас республикалардан басшылар мен еңбек озаттары ауыл шаруашылық көрмесіне арнайы жолдамамен барып, бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің алтын, күміс медальдарымен марапатталатын. Біздің Шиелі ауданынан 1954 жылы Сталиндік репрессияның ызғары тарқай қоймаған кезде қарапайым еңбек адамдары мал шаруашылығында қажымай еңбек еткен Айман Бәйімбетов пен сол фермада шопан Ыбырай Ерекеұлының барып қайтқаны қазіргі ұрпақ үшін үлкен қуаныш екендігі даусыз. Бала кезімізде Төңкеріс колхозымен көрші отырғандықтан, үлкендердің әңгімесінен Айман деген кісінің атын жиі еститінбіз. Айман, Айман бауы дегенді құлағымыз шалатын. Әкем әңгіме арасында Айманның Төңкерістегі сол елге еңбегі сіңген азамат, – деп отыратын. Кейін Еңбекшіге қоныс аударып, Әлшерхан Молдахметов ағайдың үйін сатып алдық. Сонда әкем Әлшерханның әйелі Ханзада Айманның қызы дегенді айтып қалды. Үлкендердің әңгімесінен халық Айманды қатты құрметтейтінін бала болсақ та байқайтын едік. Сөйтсек Айман Бәйімбетов ағамыз 1898 жылы туған. Ол 1943 жылдың КПСС мүшесі Ленин атындағы колхозда қойма меңгерушісі, партком хатшысы, мұрап қызметтерін атқарған. Ханзада, Бекзада, Бибіхан атты қыздары, Ғалым деген ұлы болған. Ханзада көп жыл мектепте ұстаздық етті. Бибіхан химия-биология пәнінен сабақ берді. Ауданның абыройлы ұстаздарының ізін, Айман ақсақалдың жолын осы Бибіхан қызы жалғады. Осы мақаланың жазылуына да Бибіханның ықпалы зор болды. Ұлы Ғалым РУ-6 мекемесінде қызмет етіп, абыройлы отбасының түтінін түзу шығарып отыр. Осы екі азамат жайлы және оның ұрпақтары туралы айтып жатқаным халықта қыдыр қонған деген тәмсіл бар. Қыдыр назар салғаннан болу керек, екеуінің де ұрпақтары елге өнеге үлгі болып отыр. Ыбырай Ерекеұлының бел баласы Шүленбай мешіт ұстаған елге белгілі азамат болса, оның Жарқын есімді ұлы Шиелі өңіріне белгілі кәсіпкер атанды, аузын ашса жүрегі көрінетін атпал азамат. Жұбайы Дүйсенкүл Әлібаева да – Бәйгеқұм селосында көп жыл абыройлы қызмет атқарып, еліміз тәуелсіздік алғалы бері кәсіпкерлікпен айналысып, ел құрметіне бөленген жан. Жарқынның ұлы Ғалымжан да әке жолын нық ұстап, қазіргі таңда ауданға белгілі кәсіпкер болды. Бидайкөл елді мекенінен «Бастау» атты жүзу бассейінін салып, аудан халқына қызмет жасауда. «Батаменен ел көгерер» демекші, «Бастау» жүзу бассейінін ашқан кезде Ғалымжанның ата аруағын еске алып, Ереке баласы Ыбырай атасына ағалары Шүленбайдың атын атап, ас бергені ел есінде. «Атадан бата алған азбайды» деген ғой дана халқымыз. Қиын-қыстау кезде Мәскеу асып, аруақ қолдаған Айман әкесі мен Ыбырай атамыздың батасымен екі әулет те өсіп-өніп жатқанын жоғарыда баяндадық. Екі азаматтың да туған жеріндегі атқамінер азаматтары осы кісілердің аруағын құрметтеп, келешек жастарға үлгі боларлық іс-шаралар ұйымдастырса, құба-құп болар еді. Ел азаматымен, азамат елімен көрікті.
Есіркеп ШӘДІБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі