Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еліміздің тоғызыншы Елордасы

Еліміздің тоғызыншы Елордасы


Бүгінгі бас қаламыз Астана – қазақ мемлекетінің тоғызыншы астанасы. Енді солардың тарихын бір-бір шолып өтейік. Түркі қағанатынан бері сараласақ, әрісі – көшпелі бабаларымыз, берісі – қазақ хандығы кезінен бастап тоғызыншы астананың шаңырағын көтеріп отыр екенбіз.
Бірінші астана – қазіргі Жамбыл облысы, Тараз қаласының маңындағы Ақтөбе кенті. Бұл кент тарихи деректерде Батыс Түркі қағанатының орталығы болып саналады. Тарихшылардың пайымдауынша екінші астана Сыр бойында жатқан ежелгі Сығанақ қаласы, Қыпшақ империясының астанасы Ұлы Жібек жолында орналасқан беделді әрі көрікті қала болған. Шиелінің шығыс тұсындағы бұл астана үшін біздің Бестам қалашығының маңызы өте зор болды. Бестамның сол уақыттағы дамыған шаһардың бірі болғанына еш күмән келтіре алмайсың. Оны біз кешегі кеңес заманында Бестам маңынан күріш алқабын дайындау, жыртылған жердің астынан табылған құнды жәдігерлеріміз арқылы білеміз. Ондағы табылған алтын-күміс бұйымдар, зергерлік әшекейлер, құрал-сайман, қару-жарақтар, тұрмыстық заттар Бестамның Алаш астанасы Сығанақ қаласының шеберханасы болғанын айқындайды. Осы маңнан қашық емес Сауран кенті бұрынғы үшінші астана. Сауранға кіре беріс қақпасы алдында канал қазылған. Оған көпір орнатылған. Қалаға кіреберіс көше өте тар, екі жағынан да жақсы бақыланады. Қала ішінде тынығу жайлары, монша, асхана орындары бар. Қасиетті Түркістан қазақ мемлекетінің төртінші әрі ірі астанасы болды. Мұның бәрі біздің киелі Шиелі өңіріне жақын сол кездегі шаһарлар. Шиеліде жерленген Оқшы батыр Бестам қаласында тууы да мүмкін. Содан кейінгі астаналар тарихи оқиғаларға орай батысқа қарай
ауысады. Мысалы, Еділ бойындағы сұлу Сарайшық бесінші астана болып есептелінеді. Сол тарихтан сыр шертер болсақ, Сарайшықта жеті ханның сүйегі жатыр. Кейінгі астаналарымыз жұртшылыққа белгілі. Астана тұрмақ «қазақтың мемлекеті болмаған» деген солақай саясаттың салқыны әлгі астаналарды айтқызған да емес.
Тіпті, ел тарихында тек кейінгі астаналар ретінде Орынбор, Қызылорда, Алматы қалалары айтылып жүр. Сыр бойында кезінде бес астананың болуы мәртебемізді көкке көтерсе, Елбасы Н.Назарбаев елімізге бір келгенде «Сыр – Алаштың анасы» деп тауып, өте орынды атаған. 1997 жылы тәуелсіз Қазақстан Республикасының астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілді. Ал, 1998 жылы Ақмола қаласы Астана қаласы болып жаңа атауға ие болды. Бүгінде Астана күллі әлемге кеңінен танымал.

Алтай АЙЫП.
10 шілде 2018 ж. 1 553 0