Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы дала кіндігі

Ұлы дала кіндігі


Елбасы Н.Назарбаев өз еңбектерінде: «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал, оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы», – деп жазған. Бозоқ қаласы Есілдің бойында, Қараөткелден оңтүстік-шығыс бағытқа қарай 5 шақырым қашықтықта шамамен VIII ғасырда орналасқан. Қаланың нағыз гүлденген заманы X-XІ ғасырға сәйкес келеді. Бұл түркілердің арасында қыпшақтардың беделі артқан кез. Қала X-XІ ғасырларда аумақтың әкімшілік және сауда орталығы, әрі Ұлы Жібек жолы бойындағы қыпшақ билеушілерінің әскери ордасы болды. XІІІ-XV ғасырларда қалашық орны қасиетті, киелі саналып, ақсүйектерді жерлейтін орынға айналды.
Бозоқ туралы алғашқы мәліметтер патша армиясының офицері, геодезист И.Шангиннің жазбаларында кездеседі.Оның зерттеу мақаласы 1820 жылы Ресейдің императорлық «Сибирский вестник» журналында жарияланған. Бүгінде «Назарбаев орталығы» мұражайындағы «Астананың өткені, бүгінгісі, келешегі» көрмесінде VIII ғасырлық Бозоқ қаласының мәдениетінен бастап, Астана қаласының көркеюін, дамуын кең ауқымда ашып көрсететін кезеңдері жақсы қамтылған. Астана – ең алдымен азаттығымыздың символы, Қазақстанның жаңа тарихының шынайы шежіресі, қарқынды дамуымыздың, қол жеткен табыстарымыздың, абырой-беделіміздің, береке-бірлігіміздің жарқын көрінісі-дейді тарихшы Д.Асауов Baq.kz сайтында жарияланған мақаласында. Ал, тарих ғылымдарының докторы З. Қабылдинов;
– 1816 жылы Есіл-Нұра өңіріне келген ресей империясының офицер И.Шангин кішігірім қала жұрнақтары қалған ежелгі Бозоқ қаласын көреді. Ал, 1946-1976 жылдар аралығында әйгілі қазақ ғалымы, тарихшы, археолог Ә.Марғұлан осы өлкедегі қалашықтар туралы мәліметтер келтірді. 1927 жылы көне қалашықта ақмолалық өлкетанушы Л.Семенов қазба жұмыстарын жүргізді. Ал, Ресей мен Мәс­кеу қалаларындағы әскери-тарихи мұрағатынан біз И.Шангин­нің жеке қорын кездестірдік. Онда Бозоқ қалашығы картасының түпнұсқасы бар.
1998 жылы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен К.Ақышев жетекшілік еткен Есіл археоло­гия­лық экспедициясы құрылды. Келесі жылы қираған қалашық орнында қазба жұмыстары басталды.Бозоқ қаласының орны табылуы таңғажайып оқиға болды. К.Ақышевтың пікірінше, VIII-XV ғасырларда Қазақстанның далалық аймақтары ордакент – қалаларының пайда болуы, бекініс – баспаналардың тұрғызылуы, әскери бөлімшелер мен жергілікті билеушілер отыратын – ордалар­дың салынуы отырықшылықтың пайда болуы мен дамуына негіз болды. Есіл арқылы Қараөткелден сауда керуендері өткен. Бозоқтан сауда керуендері жолын оңай бақылауға болады. Бозоқ осы өңірдің әкімшілік орталығы. Сонымен қатар, Ұлы Жібек жолы бойында қыпшақ билеушілерінің әскери ордасы болған – деп, Елорданың тарихын мың жылдықтардан әріге асырады. Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері т.ғ.к доценті К.Мырзамұратқызы; – ХІV ғасырдан бас­тап Бозақ қаласы Нұра-Есіл аймағының исламданған элиталы рухани орталығы болған. Осылайша, тәуелсіздік жылдарында жүргізілген іргелі ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жаңа тұжырымдар пайда болды. Енді Астана қаласының хронологиялық шеңбері бұрынғы тарихи анықтамаларда жазылып жүргендей, Астана «қаласының негізін қалаған 1830 жылмен» шектелмейді, оның ауқымы кеңейтіліп, орта ғасырлардағы түркі дәуіріне дейін жетті. Бұл кезең біздің жазба тарихымыз басталған уақытпен де сәйкес келеді, – деп, құнды ғылыми тұжырымымен бөлісті.
Әзірлеген
Н.Сәдуақасұлы.
07 шілде 2018 ж. 1 709 0