Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихи орынды тамашалайды

Тарихи орынды тамашалайды

Дүние жүзінде жарымжандықтың тақсіретін тартып, тауқыметі мойнына ілінген қаншама адам бар. БҰҰ-ның есебі бойынша әлемде әртүрлі деңгейдегі мүгедек жандардың жалпы саны 1 млрд-қа жетеді екен. Бұл – жер бетіндегі жұмыр басты пенденің 15 пайызы. Олардың ішінде 110-190 миллионының функционалды шектеулігі аса күрделі. Алайда, қоларбаға таңылған жандар денсаулығында дерт болса да, қоғаммен етене араласып, сан алуан шараларда төбе көрсетеді. Ауданда өткізіліп жатқан өнер жарысынан да, спорт сайысынан да мүмкіндігі шектеулі жандар тысқары қалмайды. Әсіресе, «Азаматтардың бастамаларын қолдау» қоғамдық қоры ұйымдастырған жиындарға белсене араласады.
Аталған қоғамдық қор кеше тағы бір шараны қолға алды. Аудандағы 30 мүмкіндігі шектеулі жан Сығанақ пен Сауран қалашықтарына, ­Арыстан баб пен Қожа ­Ахмет Яссауи кесенелеріне және Түркістан облысына сапарлап кетті. Мұндағы негізгі мақсат – азаматтардың бос уақытын тиімді пайдалану және рухани құндылықтармен танысу.
«Азаматтардың бастамаларын қолдау» қоғамдық қорының аудандағы өкілі Дастан Ерназаров бұл тарихи орындарға саяхаттаудың соңғысы емес екенін айтады.
– Осы уақытқа дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап әртүрлі шара өтті. Атап айтар болсам, спортқа бейімі бар азаматтарды ынталандыру мақсатында жазғы фестиваль және «Болашаққа нық сеніммен» тақырыбында сала мамандарының қатысуымен кездесу ұйымдастырылды. Енді Қорқыт ата кесенесіне және қалалық, аудандық мұражайларға экскурсия жасау жоспарда бар, – дейді Д.Сейілханұлы.
Тарихи орындарды тамашалауға аттанған азаматтарға аудан әкімі Әшім Оразбекұлы сәт сапар тіледі.
– Әлемге танымал, сан ғасырлар бойы іргесі сөгілмей тұрған кесенелерді көру – рухани сапар. Осы сапарда рухани қазыналарыңыз артып қайтады деген сенімдемін. Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи­ сынды әулиелердің шапағаты тисін деген тілектемін. Әрине, Жаратушы кімді қалай жаратынын өзі біледі. Сондықтан біз қоғамдағы адамдарды тең дәрежеде көруіміз қажет. Ол үшін біз жұмылған жұдырықтай жұмыс істейміз. Осы саяхат – соның бір дәлелі. Алдағы уақытта жалғасын табады. Бүгінгі сапарларыңыз оң болып, аман барып, сау қайтыңыздар, – деді өңір басшысы.


Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

21 қыркүйек 2019 ж. 401 0