Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани саяхат: Балаларға бақыт сыйлады

Рухани саяхат: Балаларға бақыт сыйлады

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, егемен елдің даму саясатында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қоршаған ортаға қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті болып табылатындығын атап көрсеткен болатын. Ерекше мұқтаждығы бар балаларды қолдауға алып, біліммен, тәрбиемен толық қамтамасыз етілуін басым бағыттың бірі ретінде нақтылап, үнемі назарында ұстап келеді.
«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, жыл бойы балаларға арналған түрлі шаралар легі ұйымдастырылуда. Соның бір парасы жаздың жайма шуақ күнінде «Үміт» мүгедектер қоғамдық қорының мұрындық болуымен мүмкіндігі шектеулі 32 бала, тарихи маңызы бар орындарға саяхат шекті. Осы санаттағы балалардың таным-түйсігін арттыру, қолдау мақсатында ауданымызда бірнеше ауқымды бағдарламалар қабылданғаны белгілі. Сөзіміздің айғағы ретінде аталмыш қордың «Мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс жасау әлеуметтік қызмет жұмысын ұйымдастыру» жобасы жүзеге асуда. Түркістан, ежелгі Сығанақ, Сауран қалашықтарымен, сондай-ақ, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелерін бетке алған бір топ жолаушы таңертең аудан орталығынан автобуспен аттанып кетті. Тарихи орындарды аралаған балалар рухани мағлұмат алып, туған өлкеге сая­­хат жасау арқылы айрықша әсерге бөленіп, марқайып қалды.
Осынау күнді естеріне қалдырғылары келген балалар естелікке суретке түсіп, мәре-сәре күйге енді. Балалардың риясыз­ қуанышына куә болған ата-аналар мұндай ізгі істер алдағы уақытта да өз жалғасын тапса деген ақжарма тілектерін жеткізді.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.
26 маусым 2018 ж. 1 129 0