Мәжілісмен өңір тынысымен танысты
Бейсенбі күні ҚР парламент мәжілісінің депутаты Байділдә Жылқышиев ауданға арнайы келіп, жалпы қоғамдық-саяси ахуал мен өңірдің даму деңгейін саралады.
Іс-сапар барысында мәжіліс депутаты аудан әкімі Ә.Оразбекұлымен бірге әлеуметтік орындар мен кәсіпкерлік нысандардың жағдайымен танысты. Алдымен, Көкшоқыдағы «Айналайын» балабақшасына барған Б.Жылқышиев мұндағы балаларға көрсетілетін қызметтің сапасы ірі қалалардағы мектепке дейінгі мекемелерден кем емес деген баға берді. Осыдан он бір жыл бұрын қабырғасы қаланған бұл балабақшада 300-ге жуық бүлдіршін қазақ-орыс тілінде сапалы білім мен тәрбиеге сусындап келеді.
Әр кезеңнің өзіндік ерекшелігі болатыны анық. Мысалы, соңғы жылдар ішінде аудан көлемінің өзінде сұраныстағы тауарлар өндіріліп, ел керегін алыстан іздеп сабылмайтын болды. Сондай өндіріс орындарының бірі – «КНК Кемикал» ЖШС-ның полиэтилен құбыр зауыты. Зауыт қысқа мерзім аралығында әріптестерінің сеніміне еніп, өзінің жұмыс ауқымын ірілендіре түскен. Санға да, сапаға да айрықша мән беретін нарық заманының талабы емес пе? Сондықтан да өндіріс орны өнімін бәсекеге лайықтау мақсатында шетелдік озық технологияны игеруге күш салды. Кәсіпорын бұған дейін тек тау-кен өндірісіне диаметрі 90х8 мм, ұзындығы 11 метр құбыр шығарған болса, сұраныстың артуына байланысты бүгінгі күні сапалы полиэтилендік пластмассалы құбырлардың сан түрін көптеп шығаруды қолға алған.
Сондай-ақ мұнда мұнай, су және газға арналған құбырлар еуропалық аппараттармен шығарылады. Зауытқа қажетті қондырғылар Германия, Италия және Франция мемлекеттерінен әкелінген. Соның арқасында жұмыс күші де жеңілдеп, өнімділік еселеп артты. Қазір зауытта тәулігіне 20 мың метрге жуық құбыр дайындалады.
«КНК Кемикал» компаниясы зауытының өнімдері әлем стандартына сай. Шетелдік озық технологиямен жасалған бұйымдар суық пен ыстыққа және жоғары қысымға төтеп бере алады. Сондықтан Сыр өңірінен ғана емес, өзге аймақтар мен алыс-жақын шетелден де тұтынушылар тапсырыс беруде. Компания ұжымының Мәжіліс депутатына айтар уәжі де бар екен. Мәселен, құбыр отандық өнім болғанымен, оны шығаруға қажетті шикізаттың көбі шетелден әкелінетін көрінеді. Бұған кәсіпорын ғимаратын аралау барысында өзіміз де көз жеткіздік. Қаз-қатар тізілген қаптардың бірінде германиялық, ал бірінде көрші Өзбекстан елінің заттаңбасы қойылған. «Елімізде бізге қажетті шикізатты шығаратын зауыттар ашылғанын естиміз. Бірақ әлі күнге көңілге қонымды бірде-біреуін таппадық», – деген компания жетекшісіне мәжіліс депутаты Б.Жылқышиев алдағы уақытта айтылған ұсыныс-тілектерді жауапты министрліктің назарына салатынын жеткізді.
Бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған кәсіпкерліктің бірі – «Ару ана» шұбат өндіру цехы. Мәжіліс депутаты бастаған топ құбыр зауытынан шыққан соң осында аяңдады. Төрт жыл бұрын 400 литр шұбат өндіріп бастаған кәсіпкерліктің бүгінде қанаты кеңге жайылған. «Ұлттық сусынды қызылордалықтар алыстан арбаламайды, өніміміз қолжетімді. Негізінен шұбат өндіреміз. Бұдан бөлек, сұраныс болған соң сиыр сүтін де шығарып жатырмыз. Қазіргі таңда цехта бір тоннаға дейін өнім әзірленеді. Сонымен қатар сиыр сүтінен айран, йогурт, құрт, сүзбе дайындалады. Шикізат Бала би елді мекені мен «Шиелі төрт түлігі» ауыл шаруашылығы кооперативінен алынады», – деді шаруасы дөңгеленген кәсіпкер Сабыр Ермаханов.
Мұнда былтырдан бастап балмұздақ жасап шығарылуда. Ол түйе сүтінен дайындалады. Цехтың технолог маманы Баян Дүйсенбекованың айтуынша, сарысу, сүзбе-ірімшік (брынза) өнімдерін өндіру жолға қойыла бастаған. «Біздің жұмыс алдымен түйе сүтін тексеруден басталады. Арнайы аппараттың көмегімен сүттің майлылығы, тығыздығы, ақуыз мөлшері анықталады. Сосын тексерістің екінші кезеңіне өтеміз. Ол жоғары градуста қайнату арқылы белгілі болады. Кейін 92 градуста пастерлендіру жасалады. Бұдан соң жұмыс салқындату, ұйыту, қайта салқындату сияқты бірнеше процестен өтеді. Осылайша, дайын болған өнімді құтыға құю барысы жүргізіледі. Ал жарамдылық мерзімі қазіргі кезде 1 жылға ұзарды. Бұған дейін 2-5 ай көлемінде жарамды болатын. Былтыр Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университеті мамандарымен бірлесе отырып, шұбат өніміне арналған ұйытқы шығардық. Шұбат сусыны қазір шетелдің емес өзіміздің ұйытқы арқылы әзірленуде. Бүгінде цехтан шығарылатын өнім облыстың барлық аумағын қамтып отыр. Алдағы уақытта Алматы қаласына шығару жоспарлануда», – дейді Б.Дүйсенбекова.
ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Байділдә Жылқышиевтің ауданға сапары «Семізбай-U» Иіркөл кенішінің жұмыс барысымен танысудан соң тәмамдалды.
Г.ЯХИЯ