Бағбанның қолы алтын
Қолы қалт етсе гүл егу, түрлі ағаш көшетін отырғызу, оны суарып, бабын жасаумен айналысатын Әлияр Сейітов өз мамандығын жетік меңгерген. Аудандағы аяқ су саласында 35 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан еңбексүйгіш азаматтың есімі ауданға жақсы таныс.
Естеріңізде болса, осыдан үш жыл бұрын, яғни 2016 жылғы 24 ақпандағы «Өскен өңір» газетінің №15 (8366) санында «Әркім он түп алма ексе, әсемденер туған жер» атты мақала жарияланып, онда Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген әкелі-балалы гидротехниктер М.Сейітов пен инженер-гидротехник Ә.Сейітовтердің аудан тұрғындарына үндеуі жарияланған болатын. Үндеуде «әрқайсымыз өз ауламызға, жыл сайын 10 түп алма мен жүзім егейік» – деп шиеліліктерді бағбандық бастамаға шақырған еді. Ә.Сейітов үндеуді жариялап қана қоймай, үлгі көрсетіп, жеміс егіп, алмадан бақ жасады. Мінекей, жуырда аудан әкімі Ә.Оразбекұлы бағбанның бастамасымен егіліп, жайқалып тұрған бақты аудандағы елге қызмет етіп жүрген азаматтарға, ардагерлерге көрсету мақсатында орынбасарлары мен ауылдық округ әкімдерін жинап, алма бақта семинар өткізді. «Әрбір ауылда осындай бақ орын алып, жылдан-жылға көбейсе, жергілікті жерді өз өнімімізбен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік болар еді», – деген аудан басшысы семинарға жиналған қауымға осыннау шараның мақсатын айқындап берді. Иә, әр ауылда осындай алма бағы болса, оған балаларды әкеліп, еңбексүйгіштікке, төзімділікке тәрбиелеуге де септігі тиері анық.
«Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» деген нақылды өмірлік ұран еткен ағамыздың бау-бақшасы жайқалып өсіп келеді. Әкесінің ізімен осынау кәсіпті жанына серік еткен кейіпкеріміз «Р-7» каналының 245-ші бекетінде орналасқан алма бақты 2014 жылы еккен еді. Жарты гектар жерді өңдеп, 132 түп көшет отырғызған. Мұрап Әлияр Сейітов: «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», – дейді. Тіпті ағаш өсіруді бала тәрбиелегенмен пара-пар жұмыс екендігін жасырмады. Баланы туғанынан өмірдің ызғарлы желіне төтеп беретін бекем, берік қылып өсіруді мақсат тұтатындай ағашты да табиғаттың алапат күшінен аман сақтап, тамырын қаққан қазықтай мығым ету үшін күтімі, бабы мықты болу керек. Бұл жайында ағамыз бізді біраз сырға қанық етті.
Ә.Сейітов жүрген жерінде үнемі адал еңбектің наны тәтті екенін айтып, өнегелік танытып жүреді. «Жатқанға жан жуымас» деген қағиданы ұстанған бағбан осы алма бақты бүлдіршіндер үшін, келешек ұрпақ үшін жасап жатқанын сөз арасында жайып салды.
Жайқалып, жетіліп келе жатқан жап-жасыл бақ биыл 30 пайыз өнімін беріп отыр. Бұл алқапта сансыз жас көшет өсіп келеді. Негізінен алма 5-6 жылда өнім беретін жеміс.
Алдағы жылы өнімді толық бермек. Әлияр Сейітов: «Осы бақты отырғызу өз ұсынысымнан туған еді. Су шаруашылығы 50 пайыз қаражатын қамтамасыз етсе, қалғанын өзім шығардым. Сонымен қатар жайқалып тұрған алма бақты баптау үлкен қажырлы еңбекті қажет етеді. Ербол Қоңқабаев, Жүніс Ысқақов, Қаратай Мырзахметов секілді көмекшілерім жеміс ағашын құрттан улауға көмектесіп, қол ұштарын береді. Қарап тұрсаңыз, ауылда көп үйде алма ағашы бар. Бірақ, көпшілігі оны күтіп-баптай бермейді. Құрт жеп, жапырағы қураған ағашы көргенде жаным ауырады. Сондықтан жүрген жерімде көршіге, ағайын-туысқа әуелі ағаш отырғызыңдар, оны күтіңдер, баптаңдар деп насихат айтамын», – дейді бағбан.
№21 бекеттің кіре берісіндегі көз тартатын гүлдер алаңы мен жеміс ағаштарынан жайқалып, құлпырып тұрған бақ бағбанның алтын қолынан шыққан дүниелер. Бұл жерге алманың белый налив, конфетка, крепсон, голден алмасының жаздық, күздік төзімді 4 сортын жерсіндірді. Насос арқылы 10-15 күн сайын алманы суарып отырады. Қоршаған ортаны құлай сүйген кейіпкеріміздің жан-дүниесінің сұлулығына да тәнті болдық. Табиғат сырына қанық қарапайым ғана азаматтан үйренеріміз көп. Еңбек етуге талпынған адамды Жер-Ананың құралақан қалдырмайтынына біз осы бағбан арқылы тағы бір көз жеткіздік. Семинарға келген ауыл әкімдері басқосудан ой түйіп, өз елді мекендерінде де осындай игілікті жұмысты қолға алып, айналаны жасыл-желекке көмкеріп, жеміс ағаштарымен туған жерді түлете білсе дейміз. Бір ғана су маманының жасап жатқан игі ісінен көпшілік үлгі алса екен. Бұл семинардың да түпкі мақсаты осындай ойдан туындаған еді.
Жұлдызай
НОҒАЙБАЙҚЫЗЫ