сейітқазы баптаған алма бақ
Осыдан екі жыл бұрын «Өскен өңір» газетінде №15 (8366) 24 ақпан, сәрсенбі, 2016 жыл «Әркім он түп алма ексе, әсемденер туған жер» атты мақалада Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген гидротехник М.Сейітов пен инженер-гидротехник Ә.Сейітов аудан тұрғындарына үндеу жарияланған болатын. Үндеуде шиеліліктерді әр қайсымыз өз ауламызға, жыл сайын 10 түп алма мен жүзім егейік деген бастамаға шақырған еді. Осы үндеудің аясында бүгінде ауданда 3 алма бақ егіліп, келешекте алмалар нарықты жаулайды деп күтілуде. Олай дейтініміз аудан көлемінде тағы бір аумағы 10 гектарды құрайтын алма бағын «Әлібаев» шаруа қожалығы қолға алуда.
Тартоғай ауылында бау-бақша өсіріп отырған шаруагерлердің бірі – Сейітқазы Әлібаев. Әлібаевтар отбасы адал еңбектің наны тәтті екенін айтып, өнегелік танытып жүреді. «Жатқанға жан жуымас» деген қағиданы ұстанған бағбаншы Сейітқазы мен жары Клара жүзі жылы, қарапайым келген еңбек адамдары. Бұл отбасы 2016 жылы 10 гектар жерді алып, алма бағын егумен айналыса бастады. Жайқалып жетіліп келе жатқан жап-жасыл бақ, екі – үш жылдан кейін өз өнімін беретініне сенімі мол. Бұл алқапта күнге ұмтылған сансыз жас көшет өсіп келеді. Сейітқазы Әлібаев: «Таңертең сағат алтыда тұрамын. Сөйтіп, күнделікті жұмысым ағаштарды тексеруден басталады. Ондағы мақсат – сынғанын, құрт түскенін анықтау. Жеміс ағаштарының «жауы» құрт қой. Сол себепті, улау жұмыстарын уақытында жүргізіп тұрамын. Қарап тұрсаңыз, ауылда көп үйде алма ағаштары бар. Бірақ, көпшілігі оны күтіп-баптай бермейді. Құрт жеп, жапырақтары қураған ағаштарды көргенде жаным ауырады. Сондықтан, жүрген жерімде көршілерге, ағайын-туыстарға «әуелі ағаш отырғызыңдар, оны күтіндер, баптандар» деп насихат қыламын» – дейді.
Бақ өнімін отбасы игілігіне айналдырып, табиғат берген сыйдың қадірін ұғынуды балаларына айтып, ұрпағына ұлықтауды тартоғайлық бағбан мақсат етіп отыр. «Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» деген нақылды өмірлік ұран еткен ағамыздың бау-бақшасы жайқалып өсіп келеді. Әкесінің ізімен жаңарту есебі бойынша, алма бақтың 2017 жылы 5 гектар жеріне 10 000 түп көшет отырғызған. Оның қаржы көлемі 23 млн. 800 мың теңгені құраған. Ал, биыл қалған 5 гектар жерге10 мың түп алма көшетін отырғызған екен. Алманың көшетін оңтүстік Қазақстан облысынан жартылай карлик яғни аласа бойлы тұқымынан алдыртқан. Алма ағашы өңірдің ауа райына өте қолайлы, өніп, өсіп кетуіне ыңғайлы. Негізінен бақта алманың екі түрін таңдаған, олар «Голден делишес» пен «Семерянка» сорты болып табылады. Бақтың тағы бір ерекшелігі – мұнда тамшылата суару технологиясының тиімділігн пайдалануда. Ол тамшылап суару жүйесінің арқасында құнары аз жерге де өнім егуге болатынын дәлелдеп көрсетті. Сондай-ақ, жер қыртысының құнарлы қабатын бүлдірмей, 1000 есеге дейін су үнемдеуге болады. Бұл тәсілді шаруа иесі технологияны таңдаулы әрі тиімді екенін тілге тиек етті. Алма бақ иесінің сөзінде: «Су ұңғымасын қазып,су құятын бак алып орнаттық. Алма бағын тамшылатып суғару жүйесіне қажетті құрал-жабдық қажет болған соң «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы несие алдық. Қазір ағаштарымыз гүлдеді. Интенсивті алма сорттары екінші жыл дегенде жеміс бере бастайды. Бұйырса, осы алма бақты өсіріп, жылдан-жылға көбейтсек, жергілікті жерді өз өнімімізбен қамтамасыз етеміз. Сырттан келетін алмалардың орнын бассақ деген мақсатымыз бар» – дейді. Бұл да аудан үшін үлкен жетістіктің бірі саналады. Сонымен қатар, балалардың жазғы демалысын тиімді де қызықты өтуін қадағалап еңбексүйгіштіке, төзімділікке тәрбиелеудеміз, – дейді бағбан. Даналардан шыққан: «Ең бақытты адам – бос уақыты жоқ адам» деген сөз бар. Сол сөз осы отбасына арнап айтылғандай. Бағбандықтың қыр-сырын жақсы меңгерген Сейітқазы ағамыздан осы жемістің жайқалтып өсірудегі құпиясын сұрадық. Ешқандай құпиясы жоқ екендігін алға тартып, тек аянбай еңбек ету керек. Өйткені, алма жемісін егіп, одан бақ жасау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Соның арқасында келешекте нәтижесін көресің. Өзім қол қусырып, жұмыссыздықты қолдан жасайтындарды ұнатпаймын, – дейді. Бүгінгі күн жалқаулықты көтермейді. Еңбек еткен берекелі болады. Осыншама еткен еңбектің, төккен тердің арқасында жайнаған бақтың өз қонақтары бар. Олар оның балалары. Отанасы Клара екеуі Алланың берген 3 қыз, 1 ұлын сүйіп, тәрбиелеп отыр. Ал, бау-бақшалық кәсіпті игеруге балдарының да икемі бар. Болашаққа құрған жоспарымызды орындауға біздің елімізде еш кедергі жоқ екендігі, өз жерінің қожайыны болғысы келген азаматтарға мемлекет беретін мүмкіндіктер жайында да сөз етті.
Кейбірі зәулім үйде тұруды бақыт деп санайды. Ал, мен үшін бақыт дегеніңіз, өз қолыммен жайқалтқан бау-бақшам, оны аралап, рахатын сезінген балаларымның қуанышы деп білемін. Жер-ананың адамзатқа берері көп қой. Әрине, күтпесе, бақ өспейді. Әлібаевтар жанұясының еңбекке деген құлшынысы мол, қара жердің игілігін көріп отырған еңбекқор отбасының ісі – көпге үлгі.
P.S. Қоршаған ортаны құлай сүйген кейіпкеріміздің жан-дүниесінің сұлулылығына да тәнті болдық. Табиғат сырына қанық қарапайым ғана азаматтан үйренеріміз көп екен. Еңбек етуге талпынған адамды Жер-Ананың құралақан қалдырмайтынына біз осы шаңырақ арқылы тағы бір көз жеткіздік. Келешекте алма экспортталып, елден елге жетіп жатса, Шиелінің аты алма арқылы шығып жатса, ол да ғанибет. Айтқан сөздеріміз болашақта көрініс тауып, аудан экономикасы бақ өсіру ісімен де толығатынына сеніміз мол.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.