Түлектердің тағылымды кездесуі
Көкірегінде сағыныш сезімі ұялаған түлектер араға 50 жыл салып алтын ұя мектептерінде жүздесті. Жарты ғасырға жуық уақыттан кейін кездескен азаматтар ұстаздарына құрмет көрсетіп. Туған жерге тағзым етті.
Бұл теріскей беттегі №47 М.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің 1969 жылғы түлектері. Ойы зерек, талабы ерек 50 жыл бұрынғы оқушылар қазіргі таңда мың түрлі мамандықты игерген. Олардың арасынан дәрігерді де, құрылысшы мен полковникті де кездестіре аласыз. Тіпті кейбіреулері ұстаздарының ұлағатты жолын қуып, мұғалім болған. Ал қазір әрқайсысы межелі мақсаттарына жетіп, өздерінің сара жолын сала білген.
Тағылымды кездесуге 30 түлек жиналды. Олар алдымен білім ордасының ескі ғимаратында бас қосып, кейін жаңа оқу ордасын аралады. Жиынға келген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, И.Алдабергенов, Р.Абдуллаев, У.Әбдіришов, Б.Құдайбергенова сынды түлектер оқушы кездің естеліктерімен бөлісті.
Білім ордасынан шыққан соң дүниеден озған жандардың әруағына дұға оқып, мешітте құран бағыштады.
"Өскен өңір" ақпарат.