жәдігер жауынгер орденімен толықты
Сейсенбі күні. Күнделікті тіршілікпен аудан орталығынан редакцияға қайтып келеміз. Қыс ауасының ең салқын күндерінен соң, күн айналаға шапағын шашып, табиғат ерекше кейіпке еніп тұр. Күн қақ төбемізге жақындап, түскі үзіліс уақытына таяған. Апта бойы тізені сырқыратқан салқын жел тоқтап, жұрт еркін демалып, көңілдері жайланған шақ.
«Алыстағы ағайыннан, қасыңдағы көршің артық» демекші редакцияға көрші орналасқан аудандық «Өлкетану» музейіне кейде жағдай сұрасып, бас сұғып тұратынымыз бар. Әдеттегіше, музей алдынан редакцияға бағыт ұстап барамыз. Кенет алдымыздан ұзынша бойлы, қара курткалы орта жастағы, жүзіне әлі әжім түсе қоймаған кісі қадамын жиі басып, музейді бетке алып барады. Қолында уыстап ұстаған бір түйіншегі бар. Бір нәрсе көрсек, білгіміз келіп, асығып тұратынымыз бар емес пе? Жаңағы кісімен бірге қалай музейге кіргенімізді өзіміз байқамай да қалдық.
Музей іші бұрынғыдай емес. Айнала түрлі экспонаттарға толыққан. Аталарымыз қолданған тұрмыстық заттар, ұлттық аспаптар мен орта ғасырлық қарулар, шығырлар мен құмыра сынықтары, осы өлкеде туып-өскен белгілі тұлғаларға арнайы бұрыштар әзірленген. Заман ауысып, өткенге оралғандай күйге ендік. Бұлардан бөлек Ұлы Отан соғысының ардагерлері Әлиакбар Монтаев пен Жеңсікбай Нәлібаевқа арналып бұрыш әзірлену үстінде екен. Әлгі асығыс музей босағасынан аттаған жан соғыс ардагері Жеңсікбай Нәлібаевтың ұлы Бақыт екен. Ал, асығуының себебі, музей ішінде Әлиакбар Монтаевтың ұлы, Ы.Жақаев ауылының әкімі Сламхан Монтаев пен музей директоры Өсербек Төребай күтіп отыр екен. Ал, олардың алып келген құнды дүниелерін музей қызметкері Дінмұхамед Жақаев ресми түрде тіркеуде.
«Әкеміздің заттарын сұраушылар көп. Бүгінге дейін бірнеше заттарын үйден алып кеткендер болды. Қайтарып, алып келіп бермейді. Кім алғанын ұмытып та қаламыз. Сондықтан, әкеміздің көзі болып сақталған дүниелерін музейге сақталуын жөн санадық. Енді осы біздер үшін құнды заттарды көздің қарашығындай сақтайтын киелі шаңырақтан ешкім алып кетпейтін болды», – дейді Сламбек Монтаев пен Б.Жеңсікбай.
Ы.Жақаев ауылының әкімі Сламхан Монтаев Ұлы Отан соғысының ардагері, халық ағарту ісінің озық қызметкері, бірнеше орден, медальдардың иегері, Әлиакбар Монтаевтың медальдарын, соғыс жылдарында үйіне жаңылыс келген қаралы қара қағазын, Берлин қаласына ұстап барған сөмкесін музей төріне орналастырды. Сонымен қатар, музейге Б.Жеңсікбай кәмелеттік жасқа толған бойда 1942 жылы сұрапыл соғысқа қолына қару алып аттанған Жеңсікбай Нәлібаевтың суреттері мен майдандағы күндерінің куәсіндей саналған медальдарын ұсынды.
«Ер есімі, ел есінде» демекші, ендігі жерде құрдас қос соғыс ардагерінің есімі музейдің төрінде сақталатын болды.
Ерұлан ДАТКЕН.