Ерекше құдықтар
Қытай мен Орта Азия қалаларын Жерорта теңізі елдерімен байланыстыратын Ұлы жібек жолы ғасырлар бойы осы өңірлер арасында тауар және мәдениет алмасу процесінде маңызды рөл атқарды. Жібек жолы біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырда Қытай мен Ферғана алқабының қалалары арасында сауда жолы ретінде қалыптасып, кейін Шығыс пен Батыс арасындағы маңызды көліктік күретамыр мәртебесіне ие болды және Орта ғасырға дейін жұмысын тоқтатпады.Ұлы жібек жолының елеулі бөлігі Азияның шөлді аймақтарынан өтті. Құнды жүктерді тасымалдау үшін саудагерлер негізінен қызған құмның үстінен жүруге бейімделген түйелерді пайдаланды. Ежелде саяхатшылар тап болатын басты мәселенің бірі — шөл даладағы сусыздық. Түйелердің үстінде су құйылған ыдыстарды тасып жүрмес үшін ежелгі данышпан сәулетшілер қызған құм далалардың ортасынан ерекше құдықтар тұрғызған. Олар «сардоба» деп аталып, саяхатшыларды әрдайым салқын сумен қамтамассыз ететін. Термин — парсы тілінде sard — «мұздай» және âb — «су» деген екі сөзден құралған. Мұндай құдықтарды бүгінде Орта Азияның кейбір елдерінен кездестіруге болады.Ерекше инженерлік құрылыстар жолдың әр 12-15 шақырымында орналасты және 150-200 түйелік керуенді суара алатын болған. Бұл құдықтарда су жер асты су көздерінің арқасында емес, атмосфералық ауадан су ала алатын бірегей құрылымның көмегімен толтырылған.
Бұл мүмкін еместей көрінеді, бірақ ежелгі инженерлер құдықтарды салған кезде құйын әсерін пайдаланған. Құрылымның өзі сыртынан тастан жасалған кішігірім шатырға ұқсайды, бүйірінде бірнеше саңылауы бар. Құдықтың жартысынан көп бөлігі жер астында орналасқан, ал суға жету үшін баспалдақпен төмен түсу қажет болған. Шатырдың және бүйіріндегі саңылаулардың арнайы құрылымының арқасында құдық арқылы әрдайым шөл ауасы айналып тұрады. Мамандардың өлшемі бойынша, шөл ауасының көлемі тәулігіне бірнеше мың кубометрге жетіп отырған.
Тіпті шөлдің қызған ауасында да су буы бар. Осы білім құрылыстың идеясына негіз болды. Саяхатшы-арабтардың естеліктері бойынша, құдықтың іші әрдайым салқын болатын, ыстық ауа суып, тамшыға айналатын болған. Таза суыған су тас төбешіктермен құдықтың түбіндегі арнайы қуысқа ағады. Дәл сол жерден адамдар шөлін басу үшін және түйелерін суару үшін су алған.